///

Дәстүрлі БАҚ дәурені бітті ме?

2053 рет қаралды
Қазір ақпаратты, ресми мәлімдемені жазу арқылы жеткізу мүмкін емес.
Біз әлі де әлеуметтік желіге “фейктер отаны” ретінде қараймыз. Дәстүрлі БАҚ бүгінге дейін әлеуметтік желінің барлық медиадан асып түсетінін мойындағысы келмейді. Бірақ уақыт өткен сайын көрермен, оқырман, халық талабы өзгеруде. Заман талабына ілеспесең, аштан қататын күн туды.
Күн өткен сайын, әлеуметтік желінің талабы, қолданушылар талғамы жеңіл дүниелерге бағытталып барады. Соның себебін түсінуге тырысып біраз ізденіп, мынадай қорытынды шығардым.
1. Біздің қоғам агрессиялық контентке көп реакция береді. Себебі көптің айтары, жеткізгісі келетін сөзі ішінде. Қит етсе бір тап өкілін кінәлауға шақ тұрады. Айызы қанғанша пікір алаңына салып, кейбіреудің жеке басына өтетін сөздер жазады. Бұл ненің көрінісі? Ішкі қалып дұрыс емес. ИДЕОЛОГИЯ АҚСАҢДАП ТҰР. Салдарынан билікке, ауқатты қоғамға өшпенділік бар. Соның барлығы ақпараттың құнсыздануына алып келеді.
2. Көптеген арна, газет, журналдар тек біржақты ақпарат таратады. Ақпаратқа, оқырманға деген адалдық мүлде жоқ. Мәселен әкімдік берген баспасөз релизін сол күйінде бере салады. Жаттанды тіркестерді, ұзын-сонар әкім есебін сөзге келтірместен “былшитып” жабыстыра салады. Телеарналар сауатты сараптама жасай алатын, әкім мен арнайы билік өкілдерімен тең дәрежеде сұқбат жүргізетін мамандарға мұқтаж. Анығы мұқтаж емес амбициясы, өзіндік позициясы бар адам ортасына сыймайды.
3. БАҚ саласындағы мамандардың көбісі мемлекеттік тапсырыс орындап отыр, қалт кетсе мүлт ете қалудан қорқады. Былайша айтқанда, ауызы байлаулы, тек нұсқаумен жүретін “шабарманға” айналған. БАҚ сауатты контент ұсына алмаған соң халық журналистерге сенуден қалған. Қазір біздің елде екінің бірі саясаткер. Таксист те, сатушы да, жаяу жүргінші де. Неге? Себебі БАҚ өз міндетін дұрыс атқара алмауда. Мәселен бір ауылда проблема туындай қалса, мемлекеттік тапсырыс орындап отырған журналист амал жоқ оны жұмсартып береді. Жұмсартып емес ойдан құрап, көрерменді алдап, барынша жыртығын жамап ұсынады. Оны көрген халық кімге сенеді? Сосын бар агрессиясын әлеуметтік желідегі постың астына төгеді.
4. Бізде тәуелсіз арналардың барлығы билік көзінше “жексұрын”. Лайықты құрмет жоқ. Ең сорақысы, журналистер өз ішінен бөлінетіні. Тәуелсіз арна журналисті ақпарат ала алмай, құқығы тапталып жатса көмектесудің орнына басын бұғып, тасада отырады. Бұл нағыз ешкім ақтап ала алмайтын үлкен қылмыс.
5. ЕҢ ҚАТЕРЛІСІ – ЖУРНАЛИСТИКАҒА «ХАЛТУРЩИКТЕРДІҢ» АРАЛАСУЫ.
Журналистік этиканы, құқықты, кәсіби базаны білмейтін мамандардың БАҚ-қа келуі. Әр медиа менеджер өзі басқарып отырған немесе жұмыс істейтін орнындағы әріптестерін мұқият зерттеп, сүзгіден өткізгені абзал. Қазақта «не сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы аталы сөз бар. Өкінішке қарай, біздегі медиа менеджерлердің өзі – журфакты оқымаған, этиканы білмейтін мамандар. Мүмкін, содан шығар, бір парақ алғысхатқа алдана салатын журналистердің пайда болатыны. Осының бәрін ретке келтіру мүмкін емес. БАҚ әбден былыққа батқан. Сондықтан өзін сыйлайтын журналистердің көбісі әлеуметтік желіге көшті, әлі де көшіп жатыр. Енді редакция емес, жекелей журналистер көбейеді. Өзі би, өзі қожа, ешкімге тәуелді емес, өз позициясымен қалыптасатындар саны артады.
МЕНІҢШЕ, ДӘСТҮРЛІ БАҚ ДӘУРЕНІ БІТТІ.
Дәстүрлі БАҚ жаңалығына қазір халық түгілі әкімдіктің көңілі толмайды. Көңілі толса блогерлерге жеке дәреже беріп, журналистер күнінде марапаттамас еді.
Сондықтан дәстүрлі БАҚ өкілдеріне, әріптестеріме айтар сөзім бар. Бірінші, әлеуметтік желіні дамытыңыздар. «Госзаказдан шыға алмаймын, қалай күн көремін» десеңіз, екінші тәуелсіз арна құрыңыз. Нағыз халықтың көзі, құлағы һәм тілі болғыңыз келсе, тек үздік мамандарды жинаңыз. (міндетті түрде ол мамандар журналистиканы оқыған болуы тиіс). Командаңызға айтқаныңызды екі етпейтін емес, өз кәсібіне адал, амбициясы басым, өзіне 100 пайыз сенімді қызметкерді қосыңыз. Барынша медиаңызды нарықта жарнамалаңыз, маркетингтің “көкесін” жасаңыз))
Сосын айта салайын, ЖУРНАЛИСТ ЕШҚАНДАЙ «АЛТЫН КӨПІР» ЕМЕС. Журналист жәй ғана ақпарат таратушы маман. Бұл салаға тек кәсіп ретінде қарайтын күн келді. Жасанды интелект дәурені басталды.
Ғалия Бисейіт,
Түркістан қаласы
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар