///

Журналисті шешіндіру қаншалықты заңды? Полиция түсініктеме берді

2226 рет қаралды
фото: ҚазТАГ
“Қазақстан полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованы шешіндіріп, видеоға түсірген”, – деп жазады ҚазТАГ және дәл осы ақпарат демалыс күндері желіде қызу талқыланды.
Сандуғаш Дүйсенова өзі qaz365.kz сайтына берген сұхбатында:
«Мені 11 тамыз күні тергеуші кешке 17:00-ге шақырған. Ойымда ештеңе жоқ, бара салдым. Үстімнен арыз түскенін айтып, тергеуші сұрақтары барын жеткізді. Арыз түсірген осыдан 1,5 жыл бұрын қасақана адам өлтіріп, қашып жүрген адам туралы жазғанмын. Сол кезде қылмыскер туралы өзімнің Instagram парақшамда жазған едім. Егер бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар деген сарындағы пост салғанмын. Кейін Қызылағашқа барып, өлген адамның үйіне барып, көңіл айтып, видео түсіргенім бар. Қылмыскер қолында 2 жасар баласы бар адамды атқан. Сол оқтан бала да жараланған. Бір аптадан кейін табылды деді. Кейін қайтыс болған ер азаматтың отбасына халық боп жылу жинап, үй алып бердік. Менің бар айыбым сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым ғой. Енді түрмеде отырған адам Жетісу облысының прокурорының атына «жеке өміріме қол сұқты, үстінен іс қозғауыңызды сұраймын» деп арыз жазған. 147-баппен іс қозғады», – деп мәлімдеген екен.
«Куәгер екі әйел, криминалист қыз, тергеуші әйел келді. Сол жерде шешіндірді. Криминалист бір видеокамерамен түсірді деңіз. Тергеушінің кабинетінде желке жағымда тағы бір үлкен камера тұрды. Бұл полиция департаменті басшысына қойылған камера болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышты берсе, мен асылып қалады екенмін. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Камераға концлагерьдегідей кеудемді қолыммен жауып кірдім. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр», – дейді журналист.
Полиция бұл әрекеттің заң аясында жасалғанын мәлімдеген: “БАҚ-та және әлеуметтік желіде азамат Дүйсенованы ұстау барысында полицияның заңсыз әрекеттерге жол бергендігі туралы ақпарат тарап жатыр. Осы мәселеге орай, 11 тамызда соттың санкциясы бойынша жеке тінту жүргізілгенін мәлімдейміз”, – делінген онда. Полиция бұл тінтудің Қылмыстық Процессуалдық Кодекс талаптарына сай, криминалист пен екі әйел адамның қатысуымен жасалғанын айтады.
“Ғылыми-техникалық құралды (видеокамера) қолдану  дәл осындай тергеу амалдары кезінде Қылмыстық Процессуалдық Кодекс бойынша міндетті және регламентке сай. Тінту кезінде Дүйсенова ханымнан тыйым салынған заттар табылмады”, – делінген онда.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар