//

Айтыс әлдекімдердің меншігі ме немесе депутат Әлтаев неге ашуланды?

794 рет қаралды

Желіде Қырғызстанда 13 тамызда Чолпон-Атада өткен көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанатында өнер көрсеткен қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевтың Қырғыз президентінен ат мінгені біршама талқыланып жатыр. Белгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Біржаннан бүкіл қазақ ақындарының алдында кешірім талап етіп, фейсбукта жазба жариялады. 

БАРША АЙТЫС АҚЫНДАРЫНАН КЕШІРІМ СҰРАУЫ КЕРЕК

“Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы – термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде ҚЫРҒЫЗ БАУЫРЛАР екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз.  Құстың қос қанатындай бауырлас едің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын.

Біржан бауырымыз елге жеткенсін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын, – деп жазған  Аманжол Әлтаев қырғыз тарапын екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауға шақырды.

Кейін “Халық үні” газетіне сұхбат берген Аманжол Әлтаевтың сөз ләміне қарағанда, Біржан Қалдыбаев Қырғызстанға бармас бұрын, “Айтыс ақындары қауымдастығының батасын алуы” керек болған сияқты.

“Биыл айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің құрылтайын өткіздік. Сонда қырғыз одағының басшылар келіп қатысып, екі ел айтыс бойынша меморандумға қол қойдық. Екі тарап та одақ ұсынған ақындарды шақырып отыруға келістік” дейді депутат ақын.

БЕСІКТЕГІ БАЛАНЫҢ БЕК БОЛАРЫН КІМ БІЛЕДІ, ҚАРЫНДАҒЫ БАЛАНЫҢ ХАН БОЛАРЫН КІМ БІЛЕДІ?

Аманжол Әлтаевтың реніші Алатау асып, Қырғызстан президентінің де құлағына жеткен екен. Қырғызстан президенті Садыр Жаппаров та үшбу сәлемін әлеуметтік желі арқылы жеткізген екен:

– Мен әлеуметтік желілерден Аманжол Әлтаев бауырымыздың сөздерін оқыдым. Бұл әрине, ыңғайсыз үндеу болды.
Біріншіден, «елші мен жыршыға өлім жоқ», дейді. Елшілер елшілігін қылады. Жыршылар, соның ішінде төкпе ақындар қай жерде болса да, өзінің ыңғайына қарай жырлай береді. Сынап жырлайды, мақтап жырлайды. Бірдеңе сұрап жырлайды. Одан кемшілік пен саясат іздеудің керегі жоқ.
Екіншіден Біржан Қалдыбаев дейтін төкпе ақын қырғызға жиен болады екен. Ал мен қазаққа жиенмін. Екеуіміз қайшылас жиен екенбіз. Менің бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Науша апамыз қазақ қызы болған.
Үшіншіден, қазақ пен қырғыз сөз баққан елміз. Егер мен сол жерде арғымақ мінгізбей қойсам, мені сөзге жығып жырлайтын еді. «Байкем мені жаяу қайтарды, байкемнің бір арғымақтық әлі жоқ па», – деуші еді. Егер мен ол жиынға қатыспасам, сөз басқа болар еді.
Сондықтан, Аманжол мырзаға айтарым, ешқандай ыңғайсыз жағдайда қалған жоқсыздар. Ешқандай саясаты да жоқ.
Болғаны – төкпе ақын жиенімнің сөзіне қалмайын деп, арғымақ мінгіздім. Ал енді Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін мен де білмеймін. Бұрыннан таныс емеспін. Оны көшедегі жүрген бір ақын депті. Қазір көшедегі бір ақын болса, кейін қазақ пен қырғызға танымал ақын болатын шығар. «Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі, қарындағы баланың хан боларын кім біледі», дейді. Жас бала екен. Қолдау жасасаңдар, кейін танымал, мықты ақын болатын шығар.
Біз қазақ пен қырғызды өзімізден басқа ешкім қолдамайды. Бір-бірімізді қолдайық. Қазіргі әлемдегі ахуал қиын болып тұр. Қазақ пен қырғыздың ортасына шоқ тастап жіберсек деп тұрған үшінші күштер бар. Біз оған жол бермеуіміз керек. Ортадағы ынтымақты сақтайық. Онсыз да аз халықтармыз, – депті Қырғызстан президенті.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар