///

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

5445 рет қаралды
БОРАНДА (Жалғасы-10)
Арқаның үш күн соққан ақ бораны толастар емес. Үдеген үстіне үдейтін түрі бар. Осы күннің райының бұзыларын білген Аязбай жеңіл-желпі азығын дайындап, қоржынына салып жатып:
– Қоста қал,– деген Қотыраққа.
– Үйелеп жату үшін келдім бе? Әлде мені қосыңа қарақшы қыл деп жіберді ме? Қалмаймын!»,– деп сірескен еді.
Ымырт түсе тиылар деген боран, ұли соққан дауылға ұласты. Тас қараңғы. Бет-ауыз,  қойны-қоныштарына қар нығалып, аяқ қолдары сіресе бастады. Түлкі тымақтың жиегіне көз ауласын көміп мұз қатты. Аяқ тебінуге, қол мұздап икемге келмей барады. Боранға қарсы жүретін мүмкіндік қалмады. Бағыттан да, баққан жылқыдан да адасты. Астындағы атты еркімен жіберді. Адамнан да ат сезімтал. Бір оңтайлы жерге апарар. Қотырақты қосарға алды. «Бас аман болса мал табылар. Сорлы бала-ай, өлтіріп алар ма екенмін. Ұра-жыраға түсіп кетпесек жарар еді». Ара-тұра «Қотырақ!» деп айғайға басады Аязбай. Қотырақ әуелде айғайына айғаймен жауап беріп келе жатқан. Соңында неше қайта айғайлап, атын шақырса да қырысты ма, әлде бойын суық алып мұздауға бейімделіп бара ма үндемей, бар ойы аттан құлап қалмасам екен деп қолын жеңіне тығып ердің қасынан асыра ат жалынан мықтап ұстап алған. Ат жалынан қолына жылу келеді. Денесі де содан болар-болмас қуат алып келеді.
Бұл табиғаттың дүлей күшімен Қотырақтың алғашқы айқасы. Табиғатпен етене, бірге, қойындасып, жымдасып өмір сүріп келе жатқан мына байтақтың иесі үшін мұндай сұрапыл сойқанның әлі талайын бастан кешіреді. Табиғаттың теңдессіз күшімен күресу қалмақтың жауларымен айқасқаннан әлдеқайда қиын. Ата-бабалары әлімсақтан  бері осы кесапатқа қасқайып қарсы тұрып үнемі жеңумен келеді. «Мен де жеңемін!». Қотырақтың кішкентай ойына түсе қалған осы бір баба қайрат бойына күш бергендей болды. Ол өзіне өзі ішінен «Тоңғамын жоқ! Тоңбаймын!…  Жеңемін!» деп жігерлендірді. Жігер әрине жеңіске жетелейді.
Басқа күн туғанда уақыт ұзарады. Дүниені мәңгі түн басқандай болды. Таң атып, күн шықса екен деген дәме алға жетелейді. Аязбайдың астындағы сылбыр басып, баяу қозғалған ат басын шұлғып қап оқыранды. Үрей, қорқыныштың емес, керісінше дауыс. Аязбай қуанып кетті. Мүмкін қандай бір қыстау ауылға, не болмаса қабыр-қорғанға тап болған шығармыз деп ойлады. Тізгінін тежеп, маңайына көз тоқтатып қарап еді сол жағына үлкен жартас тұрғандай көрінді. Аттың басын солай қарай икемдеп бұрып еді ат та артынан ұрғылай соққан боранға қабырғасын бере бұрыла жүрді. Олар әлгі қара жартастасқа жақындаған сайын қар қалыңдап қасатқа айналды. Аязбай  қара жартастың айналасына үйілген қар екенін бірден ұқты да атын тебініп қасатты тіліп қабақтан түскенде кәдімгідей үйге енгендей ық бола қалды. Аттар да жартастың іргесіне қарай ықыстай берді. Аязбай атынан түсіп шегіне беріп шалқасынан құлады. Ол арқамды жартасқа тіреймін деп шегініп бара жатып күмбезді бейіттің есігінен енді тірелем ғой дегенде шалқасынан түскенін бірақ білді. Мазар іші жып-жылы екен.
– Қотырақ, Қотырақ!  Құдай бізді құтқарды! – Аязбай үстін қағып-қағып жіберіп сырқа шығып, Қотырақ деп және дауыстады. Қотырақта үн жоқ, ат үстінде тұрған сұлбасы байқалады. Ол Қотырақ деп шақыра қасына жетіп келді.
– Тірімісің? Өлімісің? Ой, әкең… Түс аттан!
– Түсе-е а-алмай жа-тыр-мын.
– Не болды, түсе алмайтындай.
– А-ая-ғым жа-бысып қап-ты…
– О әкеңнің… – Аязбай жүгіре басып, аттың оң жағына шығып, Қотырақтың аяғына жабысып қалған тебінгісін қамшының сабымен періп-періп жіберіп,– ал түс, үйге кіре бер, бол тез, мен аттардың айылын босатып, ыңғайлап кірейін,– деді. Жасынан табиғат пен адамның қаталдығы мен қайсарлығын қатар көріп өскен Аязбай ширақ қимылдайды.
Аязбай екі қоржынды екі иығына көтеріп кіргенде Қотырақ есік алдында бүк түсіп тісі-тісіне тимей қалшылдап отыр еді.
– Қане шеш киіміңді, қозғал, отырма! – Ол өзі де шешініп,  ары-бері жүріп, аяқ-қолын қаққыштап аз-мұз жылынғанан кейін от жағуға кірісіп маңайын тіміскілей бастады.
– Айттым ғой, аққа құдай жақ, бізді құдай өлтірмейді деп. Жылындың ба?
– Жылы екен.
–  Қане, шақпағыңды шығар. От жағайық. Ауқаттанып алайық. Ана шырпыны тұтат.
– Қайда?
– Болу керек. Босаға жақта. Бұл кесене қазақтың құлан иек ен даласында босқа тұрған жоқ. Екеуіміз сияқты адасқандар мен панасыздар аялдасын, жол таппай торыққандар осында отырып ақыл-есін жиып бағыт-бағдарын тапсын, қарлы-боранда, қатты жаңбырда тоңғандарға пана болып аман қалсын деп айдалаға соқтырған екен.
– Аяз, сен неге молда болмайсың?
– Молда қылайын деп пе едің?
– Көп білесің ғой.
– Көп сөйлей бер ме?… Бар ма?
–  Бар екен.
Мазар іші аз оттан лезде жылыды. Іші де жап-жарық. Қотырақ жоғары және айналасына қарап ар жағында қатарынан тұрған төрт сынтасты көрді.
– Аязбай мынау мазар ғой.
– Ал сен не, әкеңнің үйі деп ойладың ба? Хаа-ха-ха…
–  Мұнда бейіт бар екен.
–  Енді не болу керек еді? Сен екеуімізге төсек сап қойды деп пе  едің? Ха-ха.
– Аяз, дарылдай бермеші. Бейіт басында отырмыз ғой?
– Оянып кетеді дейсің бе? Ха-ха-ха..
– Жоқ ей.
– Күн айықса жаққан отынның орнын толтырып кетуіміз керек. Бұнда әлі талай қазақ келіп жылынады. Қазақтың қабыр, моласына дейін қорғансыз жанға қорған. Жанымыз қалды. Әй, аруағыңнан айналайын, бабаларым-ай! Біз сияқты адасқан талай сорлыға өліп жатсаң да пана болдың ғой.
– Айттым ғой молдасың? Данышпансың деп…Аттар да қоңқылдап, оқыранып тұр.
– Жылқы жануар адамнан да сезімтал. Біздің от жағып, иіс шығарып жатқанымызды сезіп тұр. Малтаңнан қалды ма?
– Мал да малта жей ме? Малтай ма?  Малта береміз бе?
– Малта бермегенде енді  менің …..  беремісің?! Алты малта саған ас болғанда малға тамақ болмай ма? Бұнда да тіл мен жақ бар ғой. Олар да жүрегін жалғап алсын. Берші, бар болса, жейтін жемейтінін сонда көресің.
– Қоржынымды қағып көрейін… Бар екен.
– Нешеу.
– Үшеу.
– Екеуін аттарға бер де бірін өзіңе қалдыр.
– Аттарға бері несі? Қалай беремін. Шын айтып отырсың ба?
– Малтаңды жарып, бөліп, ұнтақтап, аттың ауыздығын алып алақаныңмен тос. Жемесе мен көрейін! Таңғы  асымыз тәңіріден.
– Мынау Қозы мен Баянның мазары екен.
– Сен де білгішсініп кетеді екенсің. Өзің айтқандай молда боласың-ау.
– Мұнда төрт адамның бейнесі ойып салынған сынтас бар екен. Әкем айтқан. Шұбартаудан Аягөзге шығар үстіртте, Таңсықта үлкен мазар бар. Ол Қозы-Көрпеш пен Баянның мазары. Ішінде төрт кісінің құлпы тасы бар деп. Мынау соған дәл келіп тұр… Сонда бұл жерде төрт адам жатқаны ма?
–  Қайдан білейін. Екеуі үлкен, ал екеуі жас адамдарға ұқсайды екен.
–  Баянның әкесі мен шешесі болар?
–  Мүмкін Қозының әке-шешесі шығар?
–  Енді Қодар жатқан жоқ шығар қастарында.
Қотырақ ыңылдап, әндетіп жырды толғай бастады.
Жаратқан жан біткенді бір құдайым,
Жаратқан жарық үшін күн мен айын.
Бұрынғы ноғай-қазақ заманында,
Сөйлетейін Қарабай мен Сарыбайын.
Жарасқан нар түйеге биік өркеш,
Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш.
Екеуін сәтті күні құдай қосқан,
Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш,– деген екен.
– Ә, солай ма? Бойыңа жан кірейін деді ме? Өлеңдетуін.
– Сен білмейсің бе?
– Нені?
–  Пәлі, Қозы мен Баян жырын кім білмейді.
– Әй, ананы қара. – Қотырақ есік жақты нұсқады.
– Қасқыр ғой мынау. Қотырақ, атымызды жарып кетпесін. Бол, тездет. Аттарды ішке кіргізіп алайық. Екеуі дереу тұрып сыртқа ұмтылды. Шығарға шыға келгенде алдарында толған қызыл жарық қоршап тұр екен. Аттар да осқырып, тыпыршып, тоқтай алмай кетті.
Аязбай ошақтан бір қызарған жаңқаны алды да мазардың есігінің алдына отыра қалды
–  Неге он үш көз екен, ә?!
– Бір көзіңді қысып қара.
–  Бір көзімді қыссам он төрт бола ма?
–  Сенің көзің біреу болады.
– Ой сен де өле алмай жүріп қылжақтайды екенсің.
–  Енді  біз өлмейміз. Өлетін болсақ мына кесене бізге таптырмас еді. Ат құлағы көрінбес ақ түтек боран, тас қараңғы түнде бізді бұл жерге кім айдап әкелді?! Бір көзіңді қыстың ба?
– Қыстым.
–  Ал сана. Нешеу екен.
–  Он үш… он төрт.
– Он үш  пе? Он төрт пе?
–  Он үш!
– Онда ақыл-есің түзу екен.
–  Иии, сен де?
Жалғасы бар. Алдыңғы бөлімін мына жерден оқуға болады.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар