///

Айбар Олжаев: Қазақ және 2023. Үміт пен үрей

1952 рет қаралды
Президент Жолдау жасамай тұрып, Үкімет 2024 жылдың бюджетін реттеп тастады. Депутаттар бюджет туралы заң жобасын қарастырғанда дәстүр бойынша бірді-екілі сұрақ қояр (биыл Аманжан Жамалов жоқ, сондықтан Ирина Смирнова сұрақ қоюы мүмкін), артынан “ок” деп дауыс береді де, заң жобасы қол қоюға аттанады.
Бұдан біз, қыркүйекте жаңа жолдау естісек те, бюджеттік механизмнің ескі форматта қалатынын байқаймыз. Демек бюджеттің болжамды параметрлерін қазірден бастап келесі жылдың өмір картинасы деп қабылдай берсек болады. Онда біз үшін бірнеше жаңалық бар.
САҒАН БЕРГЕНІМІЗ ҮШІН СЕН ТӨЛЕЙСІҢ 
Осы қалай болар екен деп бақылап жүрген “Халықтың әл-ауқатын арттыру” бағдарламасы қарапайым, “банальный” түрде шешіле салды. Үкімет пенсия, жәрдемақы, стипендияларды индексация жасап, үстіне ақша қосып береді. Сонымен, әл-ауқатты арттыру мәселесі шешілмек. Бірақ бұл бюджеттің шығыс бөлігінің тағы 1,5 триллион теңгеге көбеюіне әкеліп соқты.
Демек, биыл бюджет 22,5 триллион теңге жаратса, келесі жылы 24 триллион теңге құртады. Ал бюджет түсімі 20,4 триллион теңге шамасында болады. Сонда тапқанымыз жаратылатын қаржыға жетпейтіндіктен, 3,6 триллион теңге дефицит пайда болмақ. Сол дефицитті біз келесі жылы игі дәстүр бойынша Ұлттық қордан аламыз.
“ҰЛТТЫҚ ҚОРДА 100  МИЛЛИАРД ДОЛЛАР”. УТОПИЯ, ӘЛДЕ ШЫНДЫҚ?
Үкімет бұған дейін 2030 жылға таман Ұлттық қор активтері 100 миллиард доллардан асады деп уәде берген болатын. Негізі, 100 миллиарды бар Ұлттық қор идеясын жалпыұлттық KPI-ға айналдырып, бәрімізді осы міндетке жұмылдыруға болады.
Қазір Ұлттық қорда 59,1 миллиард доллардың активтері бар. Қалған 40 миллиард долларды қайдан аламыз? Осы күзде Қазақстан Қашаған дауында соңына дейін барып, инвесторлардан қосымша 13 миллиард долларды сілкіп алмақ. Ол жоспар орындалса, және ақшаны Ұлттық қорға бағыттасақ, онда активтерді 73 миллиард долларға жеткізуге болады.
Өз кезегінде Ұлттық банк қордың инвестициялық саясатына өзгерістер енгізді. Ол бойынша, консервативті пассивті инвестициялаудан кетіп, кішкене табысы көбірек жолдарға бет бұрамыз. Бірақ тәуекелдің де сәл артатынын ескеру керек. Бұл енді шеберлікке байланысты. Ұлттық қордың инвестициялық табысы артатыны анық және оның жартысын балалар алады.
Бірақ, Қорды толтырудың басты жолы – одан ақшаны аз алып, көбірек салу. Бекітілген бюджеттік қағидаға сай 2024 жылы Қордан алынатын кепілдендірілген трансферт 2,2 триллион теңге болуы тиіс. Онда 3,6 триллион қайдан шықты? Үкімет трансферт түрін кепілдендірілген және мақсатты деп екіге бөліп қойған. Мақсаттысына еш шектеу жоқ және ол түрлі манипуляцияларға жол ашады. 2022 жылы қорға түскен қаржы алынған ақшадан небары 600 миллиард теңгеге артық болды. Биыл одан сәл көбірек болуы тиіс.
Біз қыркүйектен жаңа экономикалық саясат күтіп отырмыз. Бірақ ертеңгі бюджетімізді болжап қойдық. Онда жақсы жағына өзгеруге қаншалықты маневр алаңы бар деген сұрақ туындайды.
Адамға күш беретін ең мықты энергия – үміт. Үміт бізді 300 жыл бойы алға жетелеп келеді. Қолға смартфон алдырып, ұзақ сараптама жазғызатын да күш осы. 2023 біз үшін жақсы аяқталуы тиіс. Бірақ 2024 одан да мықты болады деп сенемін.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар