/////

Айболат Құрымбаев: Жергілікті билік туризм маңызды сала екенін түсінбей отыр

6351 рет қаралды

БҚО да туризм саласының дамуы көңіл көншітпейді. Өйткені бұл салаға бөлінетін қаржы өте аз. БҚО Туризм ассоциациясының төрағасы, өлкетанушы, табиғат жанашыры, тарих магистрі Айболат Құрымбаев соңғы жылдары «TourWestKaz» мекемесін құрып Батыс Қазақстан өңірінде ішкі туризмді дамытуға ат салысып жүрген азамат. Айболат Шамұратұлы ұйымдастыратын «Бөкейордасына саяхат», «Батыс Қазақстанның қасиетті нысандары», «Қазақстаннның ең кішкентай сарқырамасына саяхат» секілді турлар өз елімізде ғана емес, Ресей Федерациясының көршілес аймақтарына да жақсы танымал.

Айболатпен сұхбатымыз облыстағы туризм саласы, оның даму жағдайы, жалпы саланы дамытудағы өзекті мәселелер мен ккедергілер, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мен инвестиция тартудағы туристік нысандардың мүмкіндіктері төңірегінде өрбіді.

– Айболат Шамұратұлы, алдымен батыс өңіріндегі туризмнің дамуы қазіргі күні қандай деңгейде және жергілікті биліктің туризмді дамытудағы ұстанымы мен бағыты қандай екенін айтып өтсеңіз?

“Біздің өңірде туризмнің дамуы өте төмен деңгейде. Республика бойынша қолдау бар. Туристік нысан салсаң, он пайызын қайтарып береді. Автобус сатып алсаң 25 пайызын қайтарып береді. Ал жергілікті жерде қолдау жоқ. Бұл сұрақты мен облыс әкіміне де, қала әкіміне де қойдым. Бірақ ешқандай қозғалыс жоқ. Не себепті? Олар туризмнің маңызды сала екендігін түсінбейді. Негізгі бағыт деп санамай отыр. Мысалы БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы туризм саласына жылына тек 15 млн-нан астам ғана қаржы бөледі. Ал Маңғыстау облысында жылына  900 млн қарастырылады. Оларда туризм бөлек басқарма. Сондықтан да бұл салаға жақсы көңіл бөлінеді. Сәйкесінше Маңғыстауда туризм саласы жақсы дамып жатыр. Жалпы республика бойынша қолдау бар. Бірақ аймақта бұл бағытқа көңіл бөлінбесе, жұмыс мүлде жүрмейді”, – деп бастады өз сұхбатын БҚО Туризм ассоциациясының төрағасы, өлкетанушы Айболат Құрымбаев. 

– Жалпы мәселенің түйткілі не? 

– Дейтұрғанмен, облыс басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Талғатұлы Балтаев шақырып,  бұл тақырыпты біз талқыладық. Бұл жиынға аудандардан осы салаға қатысты бөлім мамандары қатысты. Бізде қандай проблема бар? Бізде туризм саласы нақты бір бөлімге бекітілмеген. Функционалды қызметтер арнайы маманға жүктелмеген. Мейлі маман жоқ делік. Туризм саласының қызметіне бір ауданда кәсіпкерлік бөлімі, бір ауданда ішкі саясат бөлімі, енді бірінде  мәдениет бөлімі жауап береді. Менің оларға ұсынысым: «аудандық бюджет деңгейінде бір маршрутты ұсынайын. Он маршрут емес, бір-ақ бағыт. Сол бағытты ұстанып отырса туристерді мен апарайын. Сол шараларды өздері ұйымдастырып отырса болғаны.

– Яғни, туризм саласын облыс бойынша бір басқарма не бір бөлімге қарасты емес, әр аудан өз бетінше бөлімдерге бөліп берген, басқару орталықтандырылмаған, ия. Тұрақты маршруттардың болмауы, олардың өңірге келген туристерге белгісіздігі және туристік нысан ретінде қызмет етпеуі де осыған байланысты емес пе? Туризм саласында қандай бағыттар сұранысқа ие? 

– Өңірге келген туристер Шалқарды сұрайды. Мен тур ұйымдастырамын. Жазда суға шомылуға барғысы келеді. Ол жерге экскурсиямен барамыз. Онда Хамза Есенжанов музейі ашылған. Сосын  Ғиният Дауылбаев деген суретші ағамыздың үйінде сурет галереясы бар. Сонда экскурсия жүргіземін. Сасай тауына шығамыз. Тарихын айтамын. Сосын Мәдениет үйіне апарамын. Ол жерде жергілікті өнерпаздар концерт қояды. Содан кейін ғана көлге шомылуға алып барамын. Осы қызметтерге қаржы төлеймін. Көп емес, әрине. Бірақ қаржы төлеймін. Олар да пайда тапсын. Сарыөмір ауылының тұрғындары қызмет көрсеткендеріне ақы алуға дағдыланып, үйренсін деп төлеймін. Мысалы суретшінің картиналары тұр. Оны келген туристерге неге насихаттап, көрсетпеске?! Қала берді, жазушы Хамза Есенжановтың туғанына 115 жыл. Оны неге кеңірек айтып, түсіндірмеске?! Суға түсіріп, атқа мінгізе бермей, сол айналадағы бұлақты неге айтып, көрсетпеске?! Барлық ауданда осындай көрсетуге тұрарлық нысандар, мақтан тұтатын тарихи тұлғалар, тарихи музейлер бар. Осының бәрін туристік өнім ретінде көрсете білуіміз қажет.

– Осындай туристік бағыттарды дамыту үшін не істеу керек?

– Ішкі туризмді дамыту үшін әрбір ауданда бір маршрут ұстап, оны қолдау керек. Ал облыс, қала деңгейінде өркендету үшін бөлінетін қаржыны екі есеге дейін көбейту керек. Мысалы, бүркітшілер сайысын өткізгім келеді. Ешкім қолдамайды. БҚО спорт басқармасына барамын. Олар «бізде бұл шараға қатысатын спортшылар жоқ» десе, кәсіпкерлік басқармасы «бюджетіміз жетпейді» дейді. «Туристерді қабылдап, оларға қаржы бөлейік, жарнама жасауға, автокөлік бөлуге, шеберлік сағатын өткізу секілді шараны ұйымдастыруға көмектесейік, бірақ жарысты өткізуге мүмкіндік жоқ», – деді. Сонымен бұл жұмыс тоқтап қалды. Облыс әкіміне де айтқанмын, «бізде жол жоқ, қайдағы туризм» деген жауап алдым. Инфрақұрылым бола қалғанның өзінде, оған адам көптеп келу үшін бірінші көпшілік назарын сол жерге аудартуымыз қажет. Мысалы мен «Қазақтуризм» арқылы блогерлердің Оралға келуін ұйымдастырдым. «Эйр Астана» қолдау көрсетті. 12 блогер келді. Оның ішінде Әсет Мырзабаев, Рашид Илиясов, Дина Төлепберген сияқты танымал адамдар бар. Олар басында «сіздің өңірде көретін не бар?»- деген сықылды кейіппен келген. Бірінші Орал қаласының көрікті жерлерін аралаттым. Музейлерді көрсеттім. Екі күнге Бөкейордасына алып кеттім. Жолда Чапаев ауылындағы Ақжайық аудандық музейін, Казталовка ауданындағы Ақпәтер музейін көрсеттім. Бөкендерді тамашалады. «Трансформатор», «Нұржанар» зауытына апардым, «Нұржанардың» суын, лимонадын, кола, квасынан, «Берекенің» балмұздағынан дәм татқыздым. Шаған өзенінде байдаркамен жүзді. Қайрат Кәрімовтың алма бағын аралады. Соңғы күні аэроклубтағы самолетке отырғыздық. Олар «қаншама ақпараттық турға қатысып жүрміз, бірақ бізде әдетте туристік нысан немесе табиғи, тарихи жерлерді көруге апаратын еді. Бұл турыңыз кешенді ұйымдастырылған екен» деп  дән риза болды.

– Өңірге келген қонақтар мен туристер туристік нысандар мен көрнекі орындарды білу үшін қандай ресурстар бар? 

– Орал қаласында БҚО туралы ақпарат беретін «Визит» орталық керек. Ол нақты ішкі туризмге байланысты мәлімет береді. Мекеме, штат демей, міндетін анықтап, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқылы ұйымдастыруға болады. Бюджетін шығарып, айқындаса қиын жұмыс емес. Техникалық тапсырмаларды да соның ішіне енгізуге болады. Ақпарат алатын орталық жоқ. Басқа жақтан келгендер музейді табар. Саябақты қай жақтан іздейді? Қайықтармен қай жерде жүзуге болады. «Торус» жасақтады, бірақ оның қасында тірі адам болмаған соң ол жүзеге аспайды. Менің арманым  облыстық әкімдік жанында үлкен қобыздың  ескерткіші  бар. Сол жер мен Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры аралығында қысы-жазы тұратын киіз үй неге құрып қоймасқа? Оған не кедергі? Мен Уфадан көрдім. Үш киіз үй тігілген. Біреуі VIZIT орталық, енді бірінде кәдесыйлар сатылады. Тағы бір киіз үйде тамақтануға болады. Қаланың орталығы болған соң, бұл жер суретке түсуге де әдемі.

Бөкейордасы тұңғыштар мекені. Тарихи маңызы бар кешендер көп. Табиғатымен көз сүйсіндіретін аумақ. Айболат Құрымбаевтың айтуынша Ордадағы негізгі мәселе келушілерді орналастыру қиындығы.

– Адамдарға орын жеткіліксіз. Қонақүй 20 орындық. Туристерге берілсе, басқа мақсатпен, іссапар, жұмыспен келгендерді қайда жібереді? Менің ұсынысым: 10 га жерге 400 орындық жыл бойына жұмыс істейтін лагерь салып, ұйымдастыру, лагерь бәрін қамтамасыз етеді. Ордада тамақтану орны да жоқ. Дәмхана  салынып жатыр, құрылысы әлі біткен жоқ. Жатын орын тағы мәселе. Хостел салынып жатыр. Ол да 20 орындық. Музей қызметкерлерінің айтуынша жылына ауданға 21 000-ға дейін туристер келеді. Бұл жол жоқ кезде келгендердің саны. Жол салынып біткеннен кейін, көрсеткіш бірнеше есеге артады. Тамақ ішетін, жатын орны жоқ деп өз ниеттерімен келіп тұрған адамдарды кері қайтарамыз ба? Аптасына екі рет Ордаға экскурсия үшін автобус ұйымдастырылуы керек. Олар келе жатқанда уақытын жоспарлап, баратын күнін анықтап, ұшақпен ұшып келеді, Ордаға осындай уақыт кетеді деп есептеп шығады. Осының барлығын кешенді, жүйелі ұйымдастыру керек. Оны кім ұйымдастырады? Жол-көлік басқармасының да, кәсіпкерлік басқармасының да мамандарының шаруалары шаш етектен. Визит орталық сол үшін керек. Экскурсия тек музейде емес қой. Ауыл ішіне бір көлік керек десек, ауылдан үш  шақырым жердегі пантеонға бару үшін тағы бір автобус қажет.

– Қызмет көрсету саласының тағы бір маңызды бөлшегі бұл туристерді орналастыратын қонақүй, хостел, яғни жатын орындары. Біздің өңірде, әсіресе аудандарда бұл мәселе қалай шешілген? 

– Қонақүй бизнесі туралы айтатын болсақ, адамдарды оқыттық. Ол әлі іске аспай тұр. Қазақы менталитетпен тұрғындар ақша алуға ұялады. Үйге қызмет көрсету құнын көрсету үшін фискалды чек болуы керек, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. Көбі соны білмейді, білсе де, қағазы, жүрісі көп деп жасағысы келмейді. Біздер шетелдік ұйымдардың гранттарымен жұмыс істегенде  байқағанымыз, оларға телефон арқылы аударым жөніндегі чек құжат ретінде жарайды. Ал бізде бұл құжат деп саналмайды. Бұл да тұрғындардың туристік салада қызмет көрсетуіне кедергісін тигізеді.

– Эко, этно-туризм бағытын насихаттайсыз, сол туралы айтып берсеңіз

– Экотуризмді әркім әртүрлі түсінеді. Бұл адамдардың табиғатқа көзқарасы. Алдымен адамдар экологиялық мәдениетті игеруі қажет. Мен туристерді экскурсияға апарып,  кетерде тұрмыстық қатты қалдықтарды өзіммен бірге алып кетем, тіпті тамақ пісіруге отынды да өзім алып барамын, табиғат аясына шыққандар соны ескеруі қажет. Ол жерде өсіп тұрған ағаштарды кесуге болмайды. Этнотуризм бойынша біз Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылында, Қаратөбе ауданының Егіндігөл ауылында шаралар өткіздік. Ауылдағы қолөнершілер жасаған, тіккен, тоқыған бұйымдарды сатып алдық. Қарағаш ауылында ши тоқу әлі бар. Оны киіз басуда пайдаланады. «Ақжайық — шеберлер қаласы» көрмесі тұрақты өтеді. «Айкербез» лагерінде  қолөнершілер бес күнде киіз басып, ши тоқуды, құрақ құрап, саз балшықтан құмыра жасауды үйренеді. Ресейден келетіндер біздің Наурыз мейрамында өтетін ұлттық ойындарды ұнатады, Бүркітшілер сайысына қызығушылық танытады. Біздер шараны әкімдер үшін емес, халық үшін ұйымдастыруымыз  керек. Еліміздегі ішкі туризм шет елдермен бәсекелес бола алмайтыны айдан анық. Өзге мемлекеттер күректеп ақша тауып отырған туризм бізде тұралап тұр. Шетелдік туристер тарту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек», – дейді туризм саласының жанашыры.

Ал атқарушы билік шетелдік саяхатшыларды шақырмас бұрын алдымен ішкі туризмді дамыту маңызды дейді. Туристік саланы дамыту мемлекетаралық байланыстар мен мәдениетті күшейтуге, шетел валютасының көлемін ұлғайтуға, төлем теңгерімінің өсуіне, тауарлар мен қызметтер экспортын ынталандыруға, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға, инфрақұрылымдық нысандарды салу мен қайта жаңартуға, сондай-ақ экономика салаларын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететінін әлі бағамдай алмай жатқанымыз өкінішті.

Надежда Хабиболлақызы, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар