Депутат Ринат Зайытовтың «Алаяқтардың 80 проценті намазхандар» деген сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырып, аузы ашық жараға тұз сепкендей әр түрлі қатты-жұмсақ пікірлер айтылып, қызу талқыланып жатыр.
Осы орайда бір данышпан досымның «құдай берген ақыл-ойдың тұнығы мен адалына сүйенбеген жерде жанжал мен төбелес адамзат барда жалғаса береді» деген ғажайып сөзі алдымнан шығады. Осы нақылға бергісіз бір ауыз сөзді ары қарай өрбітіп, тап солардың – жанжал мен төбелестің түп атасы қылмыс атаулы да ақыл-ойдың тұнығы мен адалына сүйенбеген жерден шығады деуге болады екен.
Адал ақыл, тұнық ой болмаған жерде мейрімділік пен ізгілікке жол қайдан болсын. Бастағы ақыл мен жүректегі ойдың да тазасы мен адалы болатын болса оның керісінше алалы мен харамы да болмағы Жаратылыстың тепе-теңдік қасиеті арқылы үйлесім тауып, жарасып тұрса керек. Ал адам баласы өзін ақылымен айуаннан өзгешемін десе де қандай бір іс әрекет үстінде ақылмен ойдың адалына емес кері бағып арамы мен харамына жүгінген жерден жік шықса керек. Міне, бұл талқылау тарапында да осындай әрекеттер байқалады.
Депутат Ринаттың бір сөйлемін қазақ қоғамында қалыптасып отырған бір бітеу жараның – шиқанның аузын ашып берді. Алайда қоғамның бір топ өкілі сол шиқанның – дерттің себеп-салдарын тауып, емдеп жазуға әрекеттенудің орнына, аурудың бар екенін айқындап берген от ауызды, орақ тілді, шын ниетті, халықшыл Ринатқа қарсы шабуылға шықты.
Бұл тарапта аузы дуалы дейтін жандар аузын бағып, істің артын бағып, тымпиып отыр. Бұл – өз ұпайын түгендеп, орыстың адмиралы Александр Колчак айтты дейтін артистер мен жезөкшелер сияқты, “кімнің тарысы піссе сол жаққа қарай қисая” кететін атам заманнан бар топ. Ал нағыз алаяқтарға жататындар мықтың жүйі сықылды бүкіл көмбені бауырына басып алып томпайып жатыр. Демек олар да сау сиырдың боғы емес. Шабына от түскендей тулап, өре түре келген не намазханды, не қамал соғып Ринатты қорғаған адал ас жеген халықты қолдарын білмей дал болып, үндемеген үйдей пәледен құтылады деп тым-тырыс жатыр.
Алаяқтардың бұл жерде үндемей қалуы жөн, көкек өз атын өзі шақырмайды. Ал үндемей қалғандардың барлығын алаяқ деуге қақымыз жоқ. Сондықтан бұл жерде депутат Ринат келтірген алаяқ және намазхан деген кімдер, осы екі сөздің басын ашып алу керек сияқты. Олар жалпы халықтан, қалың бұқарадан, елден несімен ерекшеленеді? Әйтпесе жұрт бар екпінді «намазхандарға» салып жатыр. Осы намазхан деген не сөз? Бұл қашаннан, қалай пайда болды? Олай болса әлеуметтік желілер мен тағы басқа БАҚ-тарда таралып жатқан пікір-таластарды екшеп, тектеп көрер болсақ мынадай қорытынды шығаруға болады екен.
Алаяқтар дегеніміз еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда мемлекеттің, халықтың дүние-мүлік, қаржы-қаражат, жер-суын, тіл-ділін, діни наным-сенімін талан-таражға салып шексіз байығанымен қоймай қалың бұқараның табан ет, маңдай терімен тапқан ырысынан жырып алып шетел асырып, офшорға салып елді сүліктей сорып, қанап отырған капиталистер болса керек. Ал бұлардың кім екенін, олардың орны қайда екенін, қандай биікте, қандай дәрежеде отырғанын халық біледі екен. Міне, осылардың 80 пайызы намазхандар деді Ринат!
Ал намазхандары кім? Намазхандар деп сырт көзге құдайға сенетін, ташбих тартып, намаз оқып, тақуа, діншіл, адал болып көрінгенімен істеп жүрген іс әрекеті, жүрек қалауы сыртқы пошымына мүлдем сәйкес келмейтін, арам ақылды, харам ойлы екі жүзді, көкейін тек ақша тескен алаяқтар болса керек. Демек дін жолында жүрген, мейлі олар теріс ағымдағы түрлі секталардың мүшесі не солардың пәтуасына бас ұрып, бағытын ұстанатындар болса да соның бәрі намазхандар емес, олар алданғандар. Ал алаяқтар соларды алдағандар. 80 пайыз міне, осы намазхандар деді Ринат! Ал қайсыбір азаматтардың қазақ тілі сөздік қорына жаңадан кірігіп, енді-енді қалыптасып келе жатқан «намазхан» терминін өзіне жапсырып алып ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүргені, бет перде-маскасын өзі тырнап жыртқандай әрекет болды. Осы орайда өткен өмірдегі мына бір жай еске оралады…
Менің Алматы – 1 вокзалында істеп жүрген кезім еді. Вокзалдың үлкен залының оң қапталындағы қатар-қатар тізілген үйшік-дүңгіршектердің бірінде кітап, әр түрлі журнал тағы басқа ұсақ-түйек заттар сатылатын. Сол кітап құралдардың дені қазақшаланған және қазақшаланбаған діни ағартушылыққа қатысты нұсқаулықтар, кітапшалар еді. Ал сатушысы отыз жастың, бәлкім одан да сәл үлкен бе екен, қырыққа жете қоймаған, сақал-мұртсыз, орта бойлы қарасұр, қапсағай денелі жігіт еді. Мен түскі үзіліс – әбет кезінде сол дүкенге барып, адам аяғы бұл төңіректе онша тығыз бола бермейтіндіктен ана-мына кітаптарды ақтарып көріп, дүкенші жігітті сөзге тартатынмын. Әңгімеміз әр түрлі тақырыпта ешбір кермал, талассыз, тең дәрежеде, өте бір сыпайылықпен, білімге құмар ынталы шәкірт пен осыдан бірдеме шығады деп бойындағы барын сарқып беріп ләззат алатын ұстаздай жарасып, мені тыңдаған ол да, оны тыңдаған мен де ыразы-қош болып, бір-бірімізге жапондарша иіліп-қиылып, майысып, күлімсіреп қоштасып жататынбыз.
Күн сайын түсте кітап дүкеніне бару маған дағдыға айналды. Дүкендегі кітаптар күнде жаңаланып тұрмаса да көңілім солай тартып, ерте ме, кеш пе бір соғып өтпесем бірдемеден құр қалғандай көңілім ойсырап, қоңылтақсып тұратын болдым. Дүкеншіге де бауыр басып қалғандаймын. Ойласам оның биязы, қоңыр үні құлағыма келеді. Бет-жүзі елестейді. Бір күні күндегі әдетім бойынша, жайлап басып, алдыңғы жағы жайылып жатқан кітапқа толы дүкенге келіп, аман-сәлемнен соң ананы бір, мынаны бір алып, аударып-төңкеріп тұрып, дүкеншімен өз ара рабайсыз сөйлесіп тұр едік ол кенеттен,
–Аға! – деді,– мен де бойымды тез жинап,
– Оу?!– деп алдымдағы жаймалардың үстінен созылып, сұғына еңкейіп құлағымды төсей бердім. Ол, өте бір жұмсақ, майда, айналаға естілер етілмес үнмен,
– Аға, сіз маған көп келе бермеңізші. Тіпті келмей-ақ қойыңыз,– деді. Өзімнің туғанымнан да артық жақсы көріп, бауырым, сырласым, досымдай болып бара жатқан дүкеншіден күтпеген, жаныма оқтай қадалған мына сөзінің шын-өтірігіне таң қалғаным сондай, әрі-сәрі есеңгіреген күйде тұрып,
– Неге?– деп едім, ол іркілместен маған тіке қарап тұрып:
– Мен сіздің басыңызды айналдырып жіберемін!– деді міз бақпастан. Жақсы көрген адамыңнан естіген жағымсыз бір ауыз сөз жауыңның атқан оғынан да өтімді болса керек. Шапалақпен тартып жібергендей екі бетім ду ете түсті. Мен оның жүзіне аса бір таңданыспен қарап едім ол менен көзін алмастан басын изеп тұр екен. Мен де пәлен дегем жоқ, сырт айналдым да жөніме кеттім.
Кешікпей жұмыс орным да ауысты. Вокзалға айлап-жылдап дос-жарандарды күтіп алып, шығарып салғанда болмаса бармайтын да болдым. Жылдар өтіп, ел ішіне неше түрлі діни секталар құрттай құжынаған тұста жүрегімнің тұсын оң алақаныммен басып, тәубәма келіп, сол бір бейтаныс дүкенші мен пақырды елге дерт болып тиген деструктивтік ағымдар құрығынан құтқарып қалды ма екен деп ойлаймын.
Ал егер ол, сол дүкенші шынымен де менің шақшадай басымды шыр айналдырып жіберетін шамасы болып, онсызда жетіспеген миымның мыңғы-дыңғысын шығарып жібергенде шолақ балақ, шадыр көз, мұрын асты мұртсыз, иек астында екі үш тал ешкі жүнді, жұмақта жолығатын жетпіс мың хордың қызына тамсана лағып сөйлеген Бақытбек пайда болар ма еді дегенді елестетудің өзі сондай суық, жан дүнием тітіркеніп сол бір дүкеншіні есіме алып, рахыметімді айтамын.
Ел ішіндегі намазхандар сол бір дүкенші құрлы болғанда алаяқтар пайызы сексеннен әлде қайда төмен болар ма еді, кім білсін?
суреттер: Яндекс Картинках (yandex.kz)