28 Қыркүйекте Астанада “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының ұйымдастыруымен “Қазақстанның медиа кеңістігін реттеуді реформалау: ашықтық, тиімділік және ақпараттық қауіпсіздік” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Демократияның қозғаушы тетіктерінің бірі әрі бірегейі журналистиканың болашағын айқындайтын “Масс медиа туралы” заң жобасы талқыланып жатқалы біраз уақыт болды.
Заң жобасы өткен көктемде Парламент Мәжілісіне түсіп, заң жобасының жұмыс тобының мүшелері жасақталған болатын. Парламенттегі жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанның айтуынша қазір жұмыс тобына депутаттардан, қоғамдық ұйым өкілдерінен, журналистерден жүзге жуық адам қатысып жатыр екен. Парламентте жұмыс тобының тоғыз отырысы өткен.
Жиынға қатысушылар талқыланып жатқан заң жобасының ең проблемалы мәселелеріне тоқталды.
Мәселен Интерньюс-Қазақстан қорының заңгері Ольга Диденко ақпарат құралдарын қаржыландырудағы проблемаларды саралады.
Ольга Диденконың мәліметі бойынша Қазақстандағы ресми тіркелген ақпарат құралдарының 20%-ы ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Алайда олардың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырманы орындаумен күн көреді.
2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыру мақсатында 140 миллиард теңге аударылған екен. Осы соманың 80%-ын екі мемлекеттік арна мен бір ұлттық оператор алып келген. Мәселен, осы жылдар аралығында мемлекеттік тапсырысқа бөлінген 13 200,7 миллиард теңгенің 9 059,5 миллиардын “Қазтелерадио” (5,6%), 51 173,5 миллиард теңгесін (31.4%), 69 072,0 миллиардын (42,4%) «Қазақстан» АҚ алған.
Бұл ретте аталған ақпарат құралдарының рейтингідегі позициясы жақсарғанымен, контенттің сапасы керісінше құлдырап кеткен. Мәселен, “Қазақстан” телеарнасы рейтингте сегізінші орыннан, төртінші орынға жылжыса да, контенттің басым көпшілігі шетелдік телеөнімдердің дубляжы.