///

Медиакраттар медиафорумы: Масс-медиа туралы заң неге Түркістанда талқыланды?

1780 рет қаралды
Қарашаның 15-інде Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи халықаралық университетінің Сенат залында “Медиакраттар медиафорумы” өтті. Жиынның мақсаты “Масс-медиа туралы” Заң және журналистика тағдыры” деген тақырып офлайн әрі онлайн форматта талқылау болды.
Медифорумға ақпарат саласының барлық сатыдағы өкілдері, дәлірегі аудандық, қалалық газеттердің бас редакторларынан бастап облыстық, аймақтық медиахолдингтердің директорлары, еліміздегі ең жетекші ақпарат құралдары – Егемен Қазақстан, КазПравда, “Ана тілі” сияқты тағы бірнеше мемлекеттік басылымның басын біріктірген “Қазақ газеттері” ЖШС, “Заң” Медиа корпорациясы” ЖШС, “ҚазАқпарат” Халықаралық Ақпарат агенттігі, Жас Алаш, Айқын, Жас Қазақ, КТК, 31 арна, “Қазақстан” Ұлттық арнасы, Nege kz ақпараттық порталы сияқты өзге БАҚ басшылары мен өкілдері, жоғарғы оқу орындарында осы салаға маман дайындап жүрген оқытушы-профессорлар, бүгінгі студент, ертеңгі маман атанатын жас журналистер, медиакеңістікте танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, республикаға белгілі, беделді медиатұлғалар қатысты.
Қарама-қайшылықтары аз болмаған пікіралмасу кезінде таразыға түскен Заң жобасын әзірлеген Мәдениет және ақпарат министрлігінің лауазымды тұлғасы өздері ұсынған нұсқаның дұрыс жақтарын дәлелдеуге тырысып бақты. Алқалы жиынға Парламенттің қос бірдей палатасы Мәжіліс пен Сенаттан бірнеше депутат қатысып, олар жинақталған орынды сын-ескертпелердің, ұтымды ұсыныстардың Заңда қамтылуын қадағалайтын үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны жайлы ойларын ортаға салды. Алматы мен Астанадан арнайы келген “Масс-медиа туралы” Заң жобасының жұмыс тобының мүшелері де заң жобасындағы түйткілді тұстарына тоқталды.
Жиынның ұйымдастырушысы “Медиакратия” қоғамдық бірлестігі, қоғам төрағасы Ғалымжан Елшібай жиынға модераторлық етті. Негізгі мақсат, жаңадан қабылданғалы отырған заңның қыр-сырын өңірлік басылым өкілдеріне түсіндіру. “Аймақтық журналистер оған үн қосып, ұсыныс-пікірлерін айтуы керек деген ұстаныммен осы жиын ұйымдастырылды” дейді Ғалымжан Елшібай.

СЕГІЗ БЕТТІҢ АЛТАУЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТЫ ОРЫНДАУҒА АРНАЛАДЫ
 
Басқосуда негізгі баяндаманы жасаған «AULIEATA MEDIA» холдингінің директоры, белгілі қаламгер, журналист ОРАЛХАН ДӘУІТ ақпарат саласындағы адам түсінбейтін реформаларға көбірек тоқталды. Өңірлердегі медиахолдингтердің жұмыстары ала-құла. Бір медиахолдингтің құрамында аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бірі облыстық басылымдардың ғана басын қосып отыр. Үкіметтің газеттерді жекешелендіру жөніндегі шешімдері де біркелкі іске аспай жатыр. Қызылорда облысының газеттері сенімгерлік басқаруға берілсе, Ұлытау облысының мемлекеттік газеттері де, телеарнасы да түгелдей сатылып кеткен.
Облыстарда мемлекеттік тапсырыстың бағасы да ала-құла. Мәселен, газеттерге берілетін мемлекеттік тапсырыстардың 1 шаршы сантиметрінің бағасы Қызылордада – 120 теңге, Шымкентте – 165 теңге, Астанада – 318 теңге, Солтүстік Қазақстанда – 95 теңге, Ұлытау облысында 550 теңге, Алматы қаласында 428 теңге, Қарағандыда 762 теңге. 5 мың тиражы бар Қарағанды немесе Ұлытау облыстарында және Астана қаласында баға жоғары, 25 мың тиражы бар Қызылордада неге ең төменгі баға қойылғаны тағы түсініксіз.
 
 
Сонымен қатар, заңдағы толғақты мәселелердің бірі мемлекеттік тапсырыс, субсидия және гранттық тапсырыстар. Қазіргі заң жобасында дәл осы гранттық тапсырыстар мен мемлекеттік тапсырыстың ережесі қарасытырылып жатыр. Кімдерді мемлекет қаржыландыруы тиіс және ол қаржыландырудың тетігі не? Жалпы бюджет қаржысының есептілігі жайлы болды. Мемлекеттік тапсырыс қазір ақпарат құралдарының еркін тыныстауына жол аша алмай отыр. Өйткені әкімдердің имиджін қалыптастырудан қолы тимейтін газеттердің басқа тақырыптарды қозғауға мүмкіндігі болмайды. Мәселен, Оралхан Дәуіт:
– Мысалы, өзім басқарып отырған холдингке қарасты «Aq jol» газетіне 2023 жылы 1 млн 304 мың кв см-ге мемлекеттік тапсырыс берілген. «Aq jol» газеті аптасына үш рет, 8 бет болып шығады. Жылына 149 нөмір жарық көреді.

Сонда 1 млн 304 мың кв см тапсырысты бір жылда орындап үлгеру үшін «Aq jol» газеті жылдың басынан аяғына дейін 8 беттің ең кемі 6 бетін беріп отыруы тиіс екен. Онда да жылдың басында конкурстар жылдам өтіп, мемлекеттік тапсырыстың мақалаларын ақпан айынан бере бастасаң жақсы. Кей жылдары конкурс жұмыстары сәуірге дейін созылып кетеді, – дейді.

“МАСС-МЕДИА” ДЕГЕН ҰҒЫМНЫҢ ӨЗІ ДҰРЫС ЕМЕС, БҰҒАН КИНО ДА, КІТАП ТА, БАРЛЫҚ МЕДИА ЕНІП КЕТЕДІ

Кезінде Мәжіліс депутаты, Ақпарат және мәдениет министрі болған ДАРХАН МЫҢБАЙ «Масс-медиа туралы» заң жобасында бірқатар жақсы жаңалықтардың барын алға тартты. «Бір жағынан нарыққа кіргіміз келеді, екінші жағынан бұрынғыдай қолдайтын көп жағдайды сақтап қалғымыз келеді. Олай болмайды. Бір жағына шығуымыз керек» деген Дархан Қамзабекұлы дәл осындай аса жауапты кезеңде журналистердің өзара бірлігінің өте қажет екендігін баса айтты.
​”Масс-медиа туралы” Заң жобасы бойынша құрылған жұмысшы тобының жетекшісі, танымал публицист, Мәжіліс депутаты ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАННЫҢ айтуынша, осы уақытқа дейін заң жобасына қатысты екі жүзден астам ұсыныс түскен. Бірқатар тың ұсыныстар бар. Мәселен, журналист жариялаған материалы үшін жауапқа тартылуы мерзімінің ескіруін 3 жылға, тіпті 1 жылға дейін төмендету туралы мәселе қаралуда.
Ал сенатор БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ заң жобасын талқылау кезінде журналистердің қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін алға тартты. «Жасыратыны жоқ, өзіміз журналистикада жүргенімізде телеарнаның камерасын 45 мың долларға, ал журналисті 1 мың долларға ғана сақтандырып, шет мемлекетке, соғыстың ортасына жіберген кездерді де көргенбіз» деді біраз құпияның бетін ашып.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері ЕСЕНГҮЛ КӘПҚЫЗЫ, ЖҰЛДЫЗ ӘБДІЛДӘ, СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ Түркістан төрінде ұлттық журналистиканың ертеңіне қандай қауіп төнуі мүмкін екендігіне нақты айғақтар келтірді. Ал белгілі журналист, PhD, А. Ясауи ХҚТУ қауымдастырылған профессоры МОЛДИЯР ЕРГЕБЕКОВ Заң жобасының “Масс-медиа туралы” деп аталуының өзі ақылға қонбайтыны туралы көзқарасын көпшілікпен бөлісті. Журналистерге біраз артықшылықтар, әлеуметтік пакеттер береді деген «Пресс картаға» көп әріптестің қарсылығы туындап тұрғаны алқалы жиында анық аңғарылды. Мұндай әдіс әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ оның тетігі кімде болады? Егер биліктің қолында болса, шенеуніктер өзін сынаған журналистерді «шөміштен қақпай ма»? «Пресс картаның» журналистер арасында алалаушылық тудыруы мүмкін екендігін, сондықтан оны алып тастау туралы ұсыныстардың бары да атап өтілді. Қазіргі журналистердің тәуелсіздігі, «сенім кредиті» туралы мәселе де назардан тыс қалған жоқ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры ҚАЙНАР АХЕТОВ жаңа заң жобасында журналистердің сұрау хаттарына мемлекеттік органдардың жауап беру мерзімі 7 күн болса, қазіргі нұсқада 5 күнге дейін қысқарту ұсынылғанын мәлім етті.
Пікір еркіндігі берілген жиында Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры ЖАНАР ТЕМІРБЕКОВА, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы ЕРЛАН КҮЗЕМБАЕВ, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры АМАНЖОЛ ОҢҒАРБАЕВ, түркістандық журналистер ӘСЕТ ӘССАНДИ, ҒАЛЫМЖАН ЗИЯБЕК, БЕК ӘБИЕВ, МАҚСАТ ЖАҚСЫБАЙ, тағы басқалар күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде әңгіме қозғап ұсыныстарын айтты.
 
 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар