Бәрі де отбасынан басталады

1056 рет қаралды
1

cover_DA[1]Халықаралық Диалог Еуразия Платформасы шығарып отырған қос айлық мәдени-интеллектуалды «da Қазақстан» журналының кезекті саны жарық көрді. Басылым өз ерекшелігіне сай бұл нөмірді «Отбасы» мәселесіне арнады. Журнал Түркия, Ресей, Белоруссия, Тәжікстан, Гүржістан, Қырғызстан секілді елдердің зиялы қауым өкілдерінің еңбектерін жариялай отырып, Еуразия кеңістігіндегі, сондай-ақ, әлемдегі отбасы тақырыбы бойынша көкейкесті мәселелерді қозғайды және оған ортақ жауап табуға тырысады. Әлемде болып жаткан соңғы жаңалықтармен таныстырады.                                                                                                                     

Бұл санда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбілқалықованың отбасы мәселесі жөніндегі сұхбатын, депутат Қ.Бұрхановтың мақаласын оқи аласыздар. Күні кеше ғана арамыздан озған белгілі ғалым Немат Келімбетов туралы Қ.Әбдезұлының эссесін, жасы 70-ке толған көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы туралы Қ.Құрманғалидың мақаласы оқырмандарды бейжай қалдырмайды деген ойдамыз.

Былтыр  54 елдің зиялылары қатысқан Анталия конференциясы туралы мәнді мәліметтермен таныса аласыздар. Сонымен бірге жазушы Қ.Түменбайдың «Бітеу дүние» атты әңгімесі, ақын Ғ.Жайлыбайдың жаңа топтама өлеңдері басылды. Әлем әдебиетінен Назым Хикмет туралы қызықты оқиғамен таныса аласыздар.

Отбасы туралы сөз болғанда, жалпы адамзаттық ортақ құндылықтар көз алдыға келеді. Ол ешбір ұлтқа тәуелдеп айтуға болмайтын, шекаралардың шектеуіне ұшырамайтын адамдарға ортақ әңгіме. Әр халықтың тілі бөлек, салт-дәстүрі бөлек болғанымен ұрпақ өрбіту, тәрбиелеп есейту және ата-ананың перзенттері алдындағы жауапкершілігі бірдей. Сондықтан, бүгінгідей барыс -келісі жиілеген, хабарлар мен жалт еткен жаңалықтар бір сәтте жердің бетіне естіліп тұратын заман құшағында адамдар бір отбасының мүшелеріндей күй кешетіні де өтірік емес. Сол себепті де әлемнің озық ойлы ғалымдары, қайраткерлері бастарын қосып, талқылап, тап болған  тарғалаңнан қалай шығу мәселесін, көпке ортақ көңілге қонымды жаңа идеялар туралы ылғи да бас қатырумен келеді.

Мемлекеттер арасындағы ресми мекемелердің атқарып жатқан ұшан-теңіз еңбектерімен  бірге паралель түрде әр алуан алға басар қоғамдық ұйымдар да бұл мәселеге бел шешіп кірісіп отыр. Соның нақты дәлелі ретінде былтыр жыл соңында Түркияның Анталья  қаласында  өткен  Диалог Еуразия Платформасының халықаралық ғылыми конференциясы «Отбасы» деп аталатын ауқымды тақырыпқа арналды.

«da Қазақстан» журналының осы санында отбасы мен қоғамның, мемлекеттің, ұрпақ тәрбиесінің, болашақтың тікелей қарым-қатынасын ашып көрсететін талдау, сараптау негізіндегі материалдарды ұсынып отыр. Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі  таңдағы жағдайы зерттеле келе ғасырлар бойы берік негіз бен орнықты іргетасқа құрылған отбасылық «институт» жүйесінің жаһандау кезеңіндегі жаңа сипатын көрсете отырып, «da Қазақстан» журналы оқырмандарды да пікір алысуға  шақырады.

Ізгілікті қоғам құру, бейбіт тіршілік орнату үшін тіл табысып, мынау күрделі дүниеде үйлесіп, үндесіп, мәмілеге келе отырып өмір сүрудің қажеттілігін бір-бір кішкентай мемлекет болып табылатын отбасыдан бастау керек екенін сезінеміз. Керегеміз бүтін, шаңырағымыз биік болсын десек, адамдардың жылы ұясы берекелі, өнегелі, тамырлы болғаны дұрыс екеніне тоқтаймыз. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны ілетіндігін» жақсы білетін біздің ел әулеттің келешегіне, отбасы тағдырына, тектілік пен тегеурінділікке ешқашан немқұрайлы қарамаған.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар