Қазақстанда жаңа автокөлік саны тапшы болғанымен сұраныс азайған жоқ. Сұраныс артқан сайын баға да, автонесие де өседі. Мемлекет тарапынан автоөндірушілерге көрсетілген қаржылай қолдау сатылымды көбейткенімен, нарықтағы бағаға әсер ете алмайды. Ал арзан бағаға төмен сападағы өнім алуға тура келеді. Қазақстандағы көлік құнының тұрақталуы мүмкін бе? Камила Оразбек жағдайды анықтап көрді.
СЫРТЫ БҮТІН, ІШІ ТҮТІН
Алматы қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Өмірбек пен Ақсауле жаңа көлік мінуді біраздан жоспарлап жүрген. Осыған дейін бірнеше ұсталған көлікті айдап көрген, ал соңғы тепкен 2003 жылғы көлікті бұзыла берген соң 3 млнға сатып жіберген. Ендігі автосалоннан шыққан су жаңа тұлпарды алмақ болғанда оның сапасы күмән тудырған.
– Көзімізге жаңа шығып жатқан, трендтегі 2023 жылғы Chery Tiggo 2 деген кроссовер көлік түсті. Қытайда шығарылады. Оның сұлбасы әдемі, бағасы да қолжетімді болғаннан кейін алып көрейікші дедік. Оны біз жеңілдікпен 7 млн 100 мыңға алмақ болдық. Оның жарты бағасын сатқан көлігіміздің ақшасы 3 млн теңгемен жауып, жарты бағасын автонесиемен рәсімдемек болдық. Бірақ оны алмастан бұрын экспертті шақыртып тексертемін дедім. Қытай болған соң күмәнмен қарағанымыз рас, – дейді Ақсауле.
Ерлі-зайыптылардың автонесие алуға берген ұсынысын банк қанағаттандырған. Тіпті, қолма қол ақшасын да төлеп, мініп кетуге дайын болған. Алайда көліктің сапасына деген күмәндары расталған.
– Бізге құжат бойынша мәшине мырышпен қапталған [оцинкованный] деді. Өйткені оған дейін көп адам көлік коррозияға төзімсіз екен, тез шіріп жатыр деп арыз айтқан. Сондықтан қытайлық зауыт көлікті мырышпен қаптаймыз деген кепілдеме берген. Экcперт өзінің құрылғысымен тексерген кезде оң жақ артқы бір есіктің ғана мырышпен қапталғанын көрдік. Екіншіден, капоттағы ең маңызды бөлігі сарғайып, коррозия белгі беріп тұр. Әлі ешқандай сынақтан өтпеген, жаңбыр мен ылғалға, Алматының ауа-райына шықпаған автосалондағы су жаңа көлік осындай боп тұрса, ертең қалай болады? Үшіншіден, матордың майын тексеретін өлшегіш пластмассадан жасалған, әрі-бері қозғалып тұр, мен көрген көліктерде ол темірден болатын. Эксперт те мотордың өте қарапайым жасақталғанын растады. Сырты сондай әдемі, жылтырап, биік болып тұр. Бірақ өз бағасына тұрмайды, 7 млнға ұсталған, бірақ өзін танытып үлгерген көлікті алған дұрыс деген кеңес берді. 1 айда, әлде 1 жылда коррозияға ұшырай ма белгісіз. Сөйтіп ол көліктен бас тартуға тура келді. Сырты бүтін, іші түтін. Бізде бағасына сапасы сай емес, тым жоғары баға, – дейді Ақсәуле.
САПАДАН ҰТЫЛСА, БАҒАДАН ҰТАДЫ
Ал ерлі-зайыптылардың көлігін тексерген сарапшы бұл марканың өз диапазонындағы бағаға сай сапада жасақталғанын айтты. Баға төмендеген сайын сапасы да түседі дейді ол.
– Chery өзінің баға диапазонында қолжетімді көлік. 7 млнға сапасы да тиісінше болып тұр. Мысалы, тура сол диапозондағы кішігірім кроссоверлер, Chevrolet, Hyundai Creta Chery Tiggo 2 ге қарағанда қымбат тұрады. Ең бастысы сапа ғой. Бағасы төмендеген сайын сапасы да түсе береді. Өйткені көлік шығаратын зауыттар да мәшиненің бағасын төмендету үшін арзан материал қолданады. Chery-дің де салоннан шықпай жатып кішкене шірік бар жерлері көрінуі, бояу түспей қалуы соған байланысты. Сападан ұтылса, бағасынан ұтып тұр, – дейді автокөлік сарапшысы Еркебұлан.
Алайда бір көлікке қарап, барлығын нашар деуге болмайды дейді сарапшы. Көлікке деген сұраныс артқан сайын, оның бағасы да өсе береді. Ал оның тапшы болуына бірнеше фактор әсер етеді.
– Жаңа көлік тапшы болатын кездер бар. Бір себеп – коронавирус кезінде чип шығаратын зауыттарда дефицит болды. Содан кейін мәшиненің де шығуы азайды, бүкіл дүниежүзінде баға қымбаттады. Қазақстанға да келуі азайды. Содан соң кейбіреулер таныстар, автосалонда істейтін қызметкерлер арқылы алдын ала сатып алып қояды. Дeфицитті кейде салондағы адамдардың өздері де қолдан жасауы мүмкін.
Бағаның қымбаттауына 4% несие де әсер еткен. Ресейден келіп сатып алатындар, доллар бағамының өсуі, утилизация, алғашқы төлем, жеңіл несиелер де ықпал етеді. Ал көлік таңдағанда ең бастысы мотор, трансмиссия, сүйегі сау болуы қажет, себебі олар қымбат тұрады дейді автосарапшы.
БАҒА ӨСЕ БЕРЕДІ
Былтыр мемлекет тарапынан отандық автокөліктерді қаржыландыру мақсатында 100 млрд теңге бөлініп, жылдық мөлшерлемесі 4%-ды құрайтын автонесиемен көлік алу үшін кезекке тұруға асыққандар көп. Алайда Қазақстандағы автонарық бағасын тұрақтандыруға оның әсері болған жоқ.
– Бағаны тұрақтандыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Мен соңғы 5-7 жылда бағаны қадағалап жүрмін, ол тұрақтанған емес, тек өсуде. Жеңілдетілген несиелеудің әуел бастан-ақ өлі жоба екенін және оған өткен жылы бөлінген 100 млрд теңгенің жыл сайынғы 500-700 мың автокөлікке деген сұраныспен салыстырғанда теңіздегі тамшыға тең екенін айтып жүрмін. Жеңілдетілген несиемен сатылған 10-12 мың көлік – теңіздегі тамшы. Яғни Қазақстан нарығындағы көліктер саны шамамен 4-4,5 миллион болса, бұл 10 мың автокөлік нарыққа ешқандай әсер етпеді және ете алмайды. Ал несиелік жеңілдіктер тыныш, байқалмаған күйі аяқталды, – дейді тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков.
Қазақстан әлемдік автомобиль нарығында іс жүзінде ешқандай рөл атқармайды, сол себепті бағаларға да еш әсер ете алмайды. Эдуард Эдоков қазақстандықтар көлік жинақтарын құрастыратын автоөндірушілер қандай бағаны белгілесе, сондай бағамен сатып алуға мәжбүр екенін айтады.
– Егер сіз Еуропада, Азияда немесе Америкада, кез келген жерден автокөлік сатып алсаңыз, онда көлікті сатып алу құнына жеткізу құнын қосу керек. Бұл Қытайдан 1,5 мыңға дейін, АҚШ-тан 5 мың немесе одан да көп. Оған 15%-ды құрайтын кедендік төлемдердің құнын қосасыз. Одан кейін 12% ҚҚС, оған утилизация алымын, бастапқы тіркеуді қосқанда – үлкен сома шығады. Яғни егер осы көлемдегі нәрсе алынып тасталса немесе айтарлықтай төмендесе, онда көліктердің бағасы арзандауы мүмкін. Бірақ әзірге мен шетелде автокөлік сатып алған бағаға қосылған осы құрамдас бөліктердің ешқайсысының төмендеуі мүмкін деп ойламаймын. Тиісінше, бұл тізбекте ештеңе төмендемесе, тек өсе береді.
2022 жылғы жаңа жарлыққа сәйкес, утилизацияға салынатын салықтың құны екі есеге төмендеп, жеңіл автокөліктерге төлем 238,5 мың теңгеден 1 828,5 мың теңгеге дейін құраған болатын. Дегенмен утилизация алымын мүлде алып тастау көлік құнын айтарлықтай арзандатуы мүмкін.
– Болашақта бәрі мүмкін. Утилизация төлемі шындыққа жанаспайтын үлкен соманы құрайды және қайта өңдеудің Қазақстанда жүргізілмейтінін ескерсек, біреулер ақша табады, бірақ сіз бен біз ұтыламыз.
Қазір Қазақстанда 5 млннан астам “темір тұлпар” тіркелген. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, бұл шама өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 15%-ға артқан. Алайда тіркелген автокөліктердің басым бөлігі 10 жыл мен 20 жыл аралығында жүрілген.
СҰРАНЫС КӨП
Jusan Analytics командасы 2023 жылдың 1 қаңтарында тіркелген автокөліктердің 2 млн ға жуығы 20 және одан да көп жыл бұрын шығарылғанын анықтады.
Көлік бағасының жылдан жылға өсуіне қарамастан, жаңа көлікке сұраныс азаймады. Керісінше, сатып алушылар саны артып келеді. Қазақстанның автокөлік одағының дерегінше, 2023 жылдың тамыз айында 18 мыңнан аса жаңа көлік сатылып, рекордтық нәтиже көрсеткен. Оның 17 мыңнан астамы жеңіл автокөлік пен компьютерлік жабдық, қалған бөлігі жүк көлігі мен автобустың үлесін құрайды. Былтырғы жылдың тамыз айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 60%-ға артқан.
Сайт сарапшыларының дерегінше, тамыз айында үздік бес модельдің санатына Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Kia Sportage, Chery Tiggo 2 және Chevrolet Onix кіреді.
Камила Оразбек,
SDU, “Журналистика” мектебінің 4-курс студенті
Мықты