///

Гүлмира Біржанова: Бұл заң министрліктің емес журналистердің мүддесіне жұмыс істеуі тиіс

2301 рет қаралды

Парламент қабырғасында талқыланып жатқан “Масс-медиа туралы” заң жобасы қабылдануға жақын. Олай дейтініміз, өткен аптада Мәжіліс оны І оқылымда мақұлдады. Екінші оқылым қашан болатыны беймәлім. Жұмыс тобының мүшесі, Правовый медиа центр орталығының заңгері, Media Qoldau құқықтық орталығының жетекшісі Гүлмира Біржанова ханымға хабарласып, одан бері қандай өзгерістер болғаны жайлы сұраған едік. 

– Гүлмира ханым, Сіздер “Масс-медиа туралы” заңның жұмыс тобында барсыздар. Өткенде Парламент Мәжілісінде І оқылымында қабылданғаннан кейін, сіздер баспасөз мәслихатын өткізіп, өз алаңдаушылықтарыңызды білдірген едіңіздер. Содан кейін жұмыс тобының отырысы өтті ме? Не жаңалық?

– Иә, одан бері екі жұмыс тобының отырысы өтті. Ең бастысы жаңалық – заң жобасының соңғы редакциясында баспасөз картасына байланысты нормалар алынып тасталды.

– Оқырманға түсінікті болуы үшін, баспасөз картасына неге қарсы болғандарыңызды түсіндіріп айта аласыз ба? 

–  Іс жүзінде бұл сайлау тәсіліне, кемсітушілікке және журналистердің ақпарат алу құқығының бұзылуына әкелуі мүмкін еді. Баспасөз картасы басқа елдерде бар, бірақ олар оны редакцияда шығарады және заңда бұл нормалар болмауы керек. Карталарды беру кезіндегі шектеулер мен картадан айыру болашақта журналистерге қарсы құрал бола алар еді.

Сонымен қатар, мамандандырылған білімі бар және кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі бар журналистерге картаны арнайы комиссия береді деп жоспарланған болатын. Бұл оларға жеңілдетілген (электронды) аккредиттеу және жеңілдіктер (мүмкін, мәдениет нысандарына тегін бару, жеңілдетілген несиелеу) құқығын береді.

Біз баспасөз карталарын енгізуге қарсымыз, өйткені 21 ғасырда барлық журналистер аккредиттеудің жеңілдетілген тәртібіне құқылы деп санаймыз. Aл баспасөз картасы журналистерді өз ішінде бөледі және бұл комиссия болғандықтан, беру процесі біржақты және таңдамалы болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, қаржылық жеңілдіктер тәуелсіз журналистиканың жоғалуы мен сыбайлас жемқорлыққа әкелер еді.

Жалпы, медиа қоғамдастық қарсы болғандықтан, бұл бөлім алынып тасталды. Депутаттар да бұқаралық ақпарат құралдарын қолдады. Пресс карта туралы мәселе енді қаралмайды деп үміттенеміз.

– Жұмыс тобының енді қанша отырысы болуы мүмкін? Сіздердің тағы қандай ұсыныстарыңыз бар. Әрі олардың қайсысы өтпейді деп алаңдайсыздар?

–  Біз БАҚ өкілдері ретінде өз ұсыныстарымызды дайындадық, олардың бір бөлігі қазір Парламентте қаралып жатыр. Кеше, яғни желтоқсанның 7-сінде тағы бір қызу талқы болды. Ол жерде біз ақпарат иелерінің ақпарат беру мерзімін бес күннен үш күнге дейін түсіруді сұраған едік. Ол ұсынысымыз өтпеді. Тағы бір қызу талқыға түскен ұсыныс – бюджеттен бөлінген қаржының ашықтығы. Неге екенін қаржының ашықтылығы мен есептілігін уәкілетті орган өкілдері қолдамай отыр. Бұл жолы да пысықтауға жіберілді. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестердің де министрлік жанынан құрылуға қарсымыз.

Бұдан өзге ұсыныстарымызды санамалап айтатын болсақ:  

– Журналистердің құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік. Қазір Қазақстанда журналистің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық іс бар, бірақ ол іс жүзінде қолданылмайды, өйткені қылмыстық құқық бұзушылық үшін белгілі бір “ауыр жағдай” болуы керек. Яғни, журналистерді әкімдіктерге кіргізбеу, түсіруге тыйым салу, итеру және т.б. барлық фактілер қараусыз қалады. Біз осындай заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынамыз.

– Редакция тәуелсіздігі және мемлекеттік органдар тарапынан араласпауды қамтамасыз ету;

-Баспасөз карталарын “ұстаушылар” үшін ғана емес, БАҚ-тың барлық өкілдері үшін оңайлатылған аккредиттеу тәртібі;

– “Қоғамдық тұлға” және “қоғамдық мүдде” ұғымдарын енгізу;

– Бюджеттен төленген материалдарды міндетті түрде белгілеу;

– Ақпарат министрлігінің журналистердің кәсіби құқықтарын бұзу фактілеріне жауап беру міндеті және басқалар;

– Мемлекеттік тапсырыстың ашықтығына байланысты нормалар.

Тұтастай алғанда, біз Заңның журналистердің контентін, қаржыландыруын және қызметін бақылау үшін ақпарат министрлігінің пайдасына емес, журналистердің тәуелсіздігін, қауіпсіздігін және құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталғанын қалаймыз.

Біздің барлық ұсыныстарымыз кестеге енгізілді. Бірақ әлі қабылданған жоқ.

Жақсы хабар күтейік, өйткені бұл нормаларды қабылдау масс медиа туралы заңды жақсартады.

– Рахмет!

Дина Айтбекова, 

Альбина Булатова

Парақшамызға жазылыңыз

Дина Айтбекова

Дина Айтбекова Бақытбекқызы
Алматы қаласы, SDU университетінің 4-курс студенті, Журналистика мамандығының болашақ түлегі.
2021-2022 жылы Alatau медиа холдинг, Turkistan.tv тілшісі болған, 2023 жылы Misk.kz сайтында материалдары жарияланған.
MediaNet медиасы ұйымдастырған курстың қатысушысы.
Azattyq.kz радиосы халықаралық сайтында өндірістік тәжірибеден өткен.
Taboo сайты, Shashbau ютуб каналының негізін қалаушылардың бірі. Minber.kz сайтының авторы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар