7 желтоқсан сенат депутаттары халықаралық конвенцияға қатысты хаттаманы ратификациялады. Құжатқа сәйкес, Қазақстандағы барлық деңгейдегі соттар қарап шығарған шешіммен келіспеген жағдайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне шағым түсіруге болады. Ал халықаралық ұйымның комитеті әрбір істі қарап, нақты шешім қабылдайды. Енді балалар не олардың өкілдері, егер Қазақстан ішіндегі барлық соттар өтіп, олардың шешімдеріне қанағаттанбаған жағдайда, БҰҰ комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы тікелей шағым бере алады.
“Құжат Бала құқықтары туралы конвенцияға және балалар саудасы, балалар жезөкшелігі және балалар порнографиясы туралы балалардың қарулы қақтығыстарға қатысуына байланысты екі Факультативтік хаттамаға сәйкес бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қабылдауға және қарауға мүмкіндік береді. Факультативтік хаттамаға сәйкес, егер балалар немесе олардың өкілдері Қазақстандағы барлық деңгейдегі соттардың шешіміне қанағаттанбаса, олар БҰҰ — ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағым бере алады”, – деп түсіндірді сенатор Талғат Жүнісов.
Заң бойынша, балалар мен олардың ата-аналары немесе өкілдері өз құқықтары бұзылған жағдайда БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне жеке шағым бере алады, ол әрбір істі қарайды және қатысушы мемлекеттерге нақты ұсыныстармен шешімдер қабылдайды. Мемлекет өз кезегінде осы ұсынымдарды қарауға және қажетті шараларды қабылдауға міндеттеледі.
“Бұл елдің бала құқығын қамтамасыз етудегі жаңа қадамы деп айтуға болады”, — дейді Жүнісов.