////

Fly Arystan лоукостер? Онда неге бағасы аспанда?…

2410 рет қаралды

 Елімізде әуе транспорттарымен қатынайтын азаматтар жеткілікті. Соның ішінде,  Fly Arystan компаниясын лоукостер ретінде таңдап, тиімді әрі тез сапар шеккісі келетін тұтынушылар да аз емес. Бірақ, соңғы уақытта халықтың қолжетімділігі үшін ашылған аталмыш әуекомпанияның бағасы орташа халық үшін қолжетімсіз болып бара жатқандығы байқалады.

 Ләйлә Сейтханова Алматы қаласының тұрғыны. Оның айтуынша, Алматыға 3 жыл бұрын оқу мәселесімен көшіп келген. Бірақ, үйінің жалғыз қызы болғандықтан, демалыс уақыттарында Қызылорда қаласына ата-анасына жиі барып тұрады. Сондықтан, тез әрі тиімді бағада  қатынау үшін Fly Arystan әуекомпаниясын таңдайтынын айтты. Бірақ, соңғы уақытта  бұл компанияның бағалары едәуір өскендігін және қалтаға тиетіндігін жеткізеді.

– Мен үйімнің жалғыз қызымын. Ата-анам оқу үшін Алматыға жіберіп, қазір сол жақта өмір сүрудемін. Арасында сырқаттанып қалады, кейде оқу арасында демалыс берген кездерде біршама уақытқа қастарында болып қайтамын. Жалғыз қыз болғандықтан көлік немесе пойызбен жүруге рұқсат бермейді. Сондықтан, ұшақпен қатынаймын. Ыңғайы келсе, Fly Arystan-ға билет алуға тырысамын, өйткені, лоукостер болғаннан кейін, басқаларына қарағанда арзанырақ. Бірақ, соңғы кезде алдыңғы жылдармен салыстырғанда,  билеттің қымбаттағанын байқаудамын. Бұл екі қалада жүретін мен үшін тиімсіздеу.

  Fly Arystan әуекомпаниясы- «Air Astana» АҚ-ның лоукостерлерінің бірі.  Компанияның мақсаты – жолаушыларға әлеуметтік тиімді баға ұсына отырып, жастардың саяхаттауына, ішкі туризмді дамыта отырып, әуе жолдарымен тасымалдау. 2019 жылы құрылып, бүгінгі күнде шет елдерге де рейстер қарастырылған. Бірақ, бұл компанияның билеттері бүгінгі күнде қымбаттаған ба? Бірге саралап көрейік.

 Жалпы, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің  Азаматтық авиация комитетінің айтуынша, осы жылы әуе билеттерінің бағасы 21,3% қымбаттаған. Ал алдыңғы жылмен салыстырғанда, әуе тасымалын таңдаған азаматтар саны 41,5% өскен. Билет қымбаттауынан алғашқы орында Жетісу, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары топ жарып тұр.

Осы жылы билетті 10 000-тг-ге қымбат алуға тура келді

  – Мен жыл сайын күзгі уақытта 23-30 қазан аралығында ата-анама Қызылордаға барып қайтамын. Билетті алдыңғы жылы да, осы жылы да 1-қазан күні алыппын. Яғни, шамамен 3 апта бұрын. Бұл жерде тек қайту билеті көрсетіліп отыр. Алдыңғы жылы 20 000тг-ге алсам, осы жылы 31 000тг-ге алыппын. Ешқандай уақыты тақалғанда немесе екеуін екі бөлек күнде алмадым. Мен де күн жақындағанда, билет қымбаттайтынын білемін. Сондықтан, сабағымды ыңғайлап, 20 күн шамасы бұрын алып қоямын. Бірақ, осы жылы 10 000-тг-ге қымбат алуға тура келді.

  Ләйлә осы жылы билетті қымбатқа алғанын осылай қынжыла жеткізді. Мәселе жөнінде Fly Arystan компаниясының ресми поштасына хат жібергенде, баға қою шартында «динамикалық өсу моделін» қолданатындығын, жеке саясатында баға нарықтық тәсілмен өсіп отыратындығын жеткізген болатын. Бағаның өзгеруіне сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы,  ұшу қашықтығы, билетті сатып алу кезіндегі борттың сыйымдылығы сияқты факторлар әсер ететіндігін, соған сәйкес билет бағасы өзгеретіндігін айта кетті.

Уақыт тақалғанда билетті өте қымбатқа аласың

  Қызылорда қаласының тұрғыны Абай Қуанбаев Алматы қаласына аяқ-асты іс-сапарлармен көп баратындығын айтады. Өйткені, ол қатысу керек көрмелер, форумдар, тіпті, жұмысы үшін керек-жарақтары Алматы қаласында орналасқан. Сондықтан, аяқ-астынан жедел түрде Алматы қаласына бару үшін әуе жолдарын таңдайды.

  – Менің іс-сапар немесе жеке жұмыстарым шығып қалатын болсан соң, билетті 2-3 күн бұрын, тіпті, 1 күн бұрын аламын. 2-3 күндік жұмыс үшін қымбат билетке ұрынғым келмейді. Алайда, Fly Arystan-да арзан билеттерінің өзі 50 000-60 000тг шамасын көрсетіп тұрады. Комфорты жоғары Air Astana-дан да қымбат. Оған қоса, су да, тамақ та бермейді. Бару керек болған соң,  амал жоқ аласың. Бірақ, ең арзан авиакомпанияның өзін де бұндай баға болуы сұмдық қой…

Эльмира Темирбекова: Мәселені шеші үшін монополистік саясатты құрту керек

   Ал, экономист Эльмира Темірбекованың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін әуекомпаниялар нарығына жаңа компанияларды кіргізу қажет деп санайды. Бәсекелестік дамығанда, тұтынушыларды тарту мақсатында бағалар да тұрақталып, халықта да таңдау мүмкіндігі қалыптаса бастайды. Яғни, арзан билет іздеп, халық Fly Arystan әуекомпаниясына ұрынбай, басқа да бағалармен салыстырып, еркіндік пайда болады. Осы кезде монополистік саясат құлдырап, халыққа да тиімді жағдайлар жасалады.

 – Жалпы, Қазақстанда өмір сүру деңгейі мен сапасы деген көрсеткіш бар. Бұл көрсеткіш арқылы халықтың әл-ауқатын көрсетеді. Соңғы жылдармен салыстырғанда, өкінішке орай, бұл екі көрсеткіш төмен. Яғни, әл-ауқаты жоғары азаматтар мен төмен тұратын азаматтардың айырмашылығы өте жоғары. Сондықтан, ұшақпен қатынау халық үшін «байлардың көлігі» аталып кеткен. Бұл мәселенің шешімі ретінде, сұраныс заңына сәйкес, бағаларды төмендету арқылы, басқа да компаниялардың келуіне мүмкіндік беру қажет. Сол кезде ғана, орташа халықты қамтып, әуекомпаниялар «лоукостер» атына сәйкес болады.

Ішкі өнімнің болмағанынан, қымбаттатуға мәжбүр

   Экономика ғылымдарының кандидаты Алмагүл Шакирбекқызы басқа да ойды алға тартады. Әуекомпания билеттерінің мәселесін шешу мақсатында Қазақстанның индустриясын әрі қарай дамытып, машина жасау мен өнеркәсіп жабдықтарын жасауға кірісу керек деп санайды.

   -Әуекомпанияға керек-жарақтардың көбі дерлік шетелден алынатындығы, бағалардың өсіп-тұрақтауы сол өнімді беруші жақтан да байланысты екендігін ескерген жөн. Есесіне, компания мәжбүрлі түрде билет құнын өсіруге бағытталады. Бұл жерде мемлекет ішкі өндіріс бағытын дамытып, өз өнімімізді тұтынсақ, есесіне, ұшақ билеттері арзандап, оған қоса, өмір сүру деңгейі артады. Бір жағынан, авиацияға керек жанармайдың көп бөлігі Ресей және Қытай елінен алынады. Жанармай мәселесін де алға тартып, арнайы зауыттарды дамыту қажет.

  Жалпы, әуекомпаниялар үшін жанармай мәселесін мемлекетіміздің Энергетика министрлігі қарастырмайды. Яғни, әр авиакомпания өздеріне керек жанармайдың көзін тауып, қамтамасыз етіп отыру қажет. 2021-2022 жылы әуе кеңістігіне қажет жанармай тапшылығы орын алып, қазір бұл проблема шешілуде. Көлік министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, елімізде 3 мұнай өңдеу зауыты жұмыс жасап жатса, қалған жанармайдың бір бөлігі Ресей мен Қытайдан келетіндігін жеткізді.

   Қазіргі таңда, елімізде жалпы 4 әуекомпания жұмыс істейді. Олар Air Astana, Scat, Qazaq Air және Fly Arystan. Осы компаниялар белгілі қалалардың тұрғындарының сұранысы бойынша рейстер ашып, жолаушыларын тасымалдауда. Бірақ, Fly Arystan лоукостер компаниясы бюджетті санаттағы компания болып есептелінгенмен, бағалары жыл сайын өсуде. Бұл құбылысты өкінішке орай, заң бойынша мемлекет өз қолына ала алмайды. Өйткені, компаниялардың өз саясаты бар, онда баға ережелері жеке қарастырылған.

Құралай Найзабекова, 

SDU, “Журналистика” мектебінің ІV курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар