/

“Қорғас ісіне” қатысты тағы бір күдікті ұсталды

739 рет қаралды

ҚазТАГ ақпарат көзінің дерегіне қарағанда, экс-сенатор әрі экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қарамағында қызмет еткен тағы бір күдікті ұсталған.

«Кеше, 8 қаңтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментінің бұрынғы қызметкері Кенжебай Жұмабеков ұсталды. Ол «Қорғас ісі» бойынша қатысушы әрі орындаушы болған», – деп хабарлаған ақпарат көзі.

Ақпарат жеткізушінің дерегінше, Жұмабеков – қаржы полициясының бұрынғы агенті, қазір Қаңтар ісі бойынша тергеліп жатқан Талғат Махатовтың («Бетон») жақын досы.

Өткен жылдың соңында қаржы полициясының тағы бір бұрынғы қызметкері Ұлан Мәдиев ұсталған болатын. Оның аты-жөні «Қорғас ісі» бойынша күдікті деп танылған қыздардың зорлануына байланысты айтылады.

«Сондай-ақ бұл істе Ұ.Мәдиевтен бөлек, қаржы полициясының бұрынғы шендісі әрі Қожамжаровтың «серігі» Талғат Татубаевтың және қаржы полициясының Алматы облысы бойынша департаментінің бұрынғы бастығы Сергей Потаниннің аты-жөндері бар. Мәдиев, Татубаев, Дүйсеновтер Қорғастағы контрабандадан пайда көргендер ретінде аталса, ал Қожамжаров бұл қылмыстық жүйедегі ең басты пайда көруші ретінде аталған», – деп жазды ҚазТАГ.

Естеріңізге салайық, Қ.Қожамжаров кезінде Қаржы полициясын басқарды. Қазақстанның Бас прокуроры, Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өкілеттігін тоқтатқанша, 2023 жылғы 24 қаңтарға дейін Сенат депутаты болды.

Қайрат Қожамжаровтың бұл іске қатысы қандай?

Қ.Қожамжаров Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған кезде Қазақстанның экс-премьерлерінің бірі Серік Ахметовтің, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің ісін сотқа жеткізді. Ол Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен журналист Бигелді Ғабдуллинге қатысты істі өзі қадағалады. Қайрат Қожамжаров «Бәйтерек» Ұлттық холдингіндегі сыбайлас жемқорлықтың әшкереленуін де ерекше бақылауда ұстады.

Қайрат Қожамжаровтың аталған «Қорғас ісіне» қолтаңбасы қалды. 2014 жылы Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық тауар өткізу желісін ұйымдастырып, кәсіпкерлерден ақша жинады деп айыпталған 45 адам сотталды. Олардың басым бөлігі Кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері болды. «Қорғас ісі» бойынша негізгі ұйымдастырушы деп танылған Бақыт Отарбаев 17 жылға, Талғат Қайырбаев 16 жылғамп сотталды. Алматы облысы бойынша Кедендік комитет департаментінің бұрынғы басшысы, полковник Құрманбек Артықбаев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қорғас» кеден бекетінің бұрынғы басшысы, кеден қызметінің подполковнигі Бақытжан Айдаров 5 жарым жылға, «Қалжат» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Миндулла Үмбетқалиев 9 жылға, «Алатау-ЦТО» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Михаил Войтович 8 жылға сотталды.

Виктор Тихонов Қ.Қожамжаров жайлы

Сол кезде Қ. Қожамжаров «Қорғас ісінен» пайда көргендердің бірі екені айтылды. Бірақ бұл факті іс жүзінде дәлелденбеді. Ал Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихонов жазықсыз сотталып кетті. Кейін оны Жоғары сот ақтап алды. Бұл туралы Виктор Тихонов былай баяндайды.

Виктор Тихонов Қайрат Қожамжаров бас прокурор болып тағайындалғанда сотталатынын түсінген. Өйткені ол 2012 жылы 6 маусымда өлтірілген Алматы қаласы бойынша кедендік бақылау қызметінің қызметкері Медет Жамашевтың ісімен айналысқан. Марқұмның «Қорғас ісіне» қатысы болған.

«Қазір «Қорғас ісінің» Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қаржы полициясына қатысы болғаны маған ғана емес, барлығына ашық әрі түсінікті. Ол кезде Жамашевтың іс бойынша басты куәгер екенін бәрі білді. Сосын ол өлтіріледі, ал ізі Талғат Махатовқа апарады. Егер менің бұған қатысым болмаса, мен осы әрекеттің түпкілікті бенефициары болмасам, мен қалай әрекет етуім керек? Мен зұлымдықты кім жасағанын анықтап, оларды жауапқа тартып, заң шегінде жазалауға 100% нұсқау берер едім. Ақиқатқа көз жеткізер едім», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихонов.

Ол «Қорғас ісі» ісі аясындағы өз ісінде Мадияров тергеуші болғанын атап өтті.

«Маған «Атышулы істер өтті, «Қорғас ісі», сенің де ісің өтеді, бәрі түсінікті, бұлқынба» деп түсіндірді. Шамамен осылай болды, қазір бұл адамдар жоғары лауазымдарды иеленіп жатыр. Менің білуімше, ол күні бүгінге дейін «антикорда» жұмыс істейді», – деді Виктор Тихонов.

Ол өзінің сотталуына Қожамжаров, Дүйсенов, Татубаев, Ауғамбаев мүдделі болғанын мәлімдеді.

Виктор Тихонов Алматы қалалық прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы қызметін атқарған. Оны 2017 жылғы қазанда Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу тобы ұстады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 413- (қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босату) және 361- (қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану) баптары бойынша айып тағылды. 2018 жылы ол 3 жылға бас бостандығынан айырылып, «Әділет кеңесшісі» арнайы атағынан айырылды.

2022 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Бас прокурордың наразылығы негізінде Виктор Тихоновты толық ақтап, оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатты. Сонымен қатар оның қылмыстық істі жүргізуші органның заңсыз әрекеті келтірген зиянға байланысты өтемақы алу талабын мақұлдады.

2023 жылы Виктор Тихоновқа лауазымы мен дәрежесі қайтарылды. Кейін ол өз еркімен прокуратурадағы қызметінен кетті.

Әдемі Ғазизова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар