///

«Жала жабу» бабымен жауапқа тартылған Ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеу ақталды

1985 рет қаралды
1

“Жала жабу” бабымен айыпталып, іс қозғалған журналист Асқар Ақтілеуге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Ақтөбеде Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманованың өтініші бойынша журналист Асқар Ақтілеуов жауапқа тартылған еді. Мектеп директоры журналистің жеке парақшасындағы жазбасында оның атына жала бар деп есептеп, Асқар Ақтілеуді жауапкершілікке тарту туралы арызбен полицияға жүгінген. Қаңтардың 9-ы күні басталған сот процесі 15 қаңтарда Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Оған облыс әкімі мен журналистермен кездесуде мектепте судың жоқтығын айтып, тазалық құралдарын өз ақшасына сатып алып жатқанына көңілі толмаған гимназия қызметкерінің жұмыстан шығарылғаны себеп болған еді.

Әкім алдында мәселе көтерген кіші қызметкер (тазалықшы) араға бір жарым ай салып, «үш сағаттан астам жұмыста болмады» деген желеумен еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады.

Жұмыстан шығарылған Мөлдір Ғапиз ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр, денсаулығына алаңдаулы, оның үстіне анасымен бірге тұрады. Ол журналиске хабарласып, жұмыс орнына қайта орналастыруын өтініп, көмек сұраған. Асқар Ақтілеу Instagram парақшасында Мөлдірдің гимназиядан не себепті босатылғанын жариялады.

Әлеуметтік желідегі қоғамдық резонанстан кейін Мөлдір Ғапиз жұмысына оралды (қайтадан жұмысқа қабылданды).

Бірақ мектеп директоры Асқардың жазбасында оның атына жала бар деп есептеп, журналисті жауапкершілікке тарту туралы арызбен полицияға жүгінген.

Қаңтардың 9-ы күні сот процесі басталды, оған журналист адвокатсыз қатысты. Өйткені сот процесі туралы ол бір күн бұрын кешке хабардар болған. Сотта гимназия директорының өкілі судьядан журналистерді сот залына кіргізбеуді сұрап, кейін сот процесін әлеуметтік желіде жария етуге тыйым салуды сұрады. Судья ол өтінішін орындамады. 

15 қаңтарға жоспарланған келесі отырыста, сот журналисті кінәсіз деп тапқан. 

«Медиа Қолдау» заң қызметі (Құқықтық медиа орталық) заңгер Қуанышбек Есенгелдинмен бірге Асқар Ақтілеуге қолдау көрсетті.

Біз мәселенің мәніне қанығу үшін Tilshinews.kz (Tilshi.kz) сайтының редакторы, журналист Ақтілеу Асқар Нұржанұлына хабарласқан едік.

Оның айтуынша, журналист  қыркүйек-қазан айлары аралығында облыс әкімі Асхат Шахаровтың пулында облыстың 12 ауданын аралаған. 

“Ырғыз ауданына сапары барысында Ырғыз гимназиясының еден жуушысы Мөлдір Ғапиз оқу орнындағы мәселелерді көтерді. Бұл жөнінде журналистер, әрине, желілерде, ақпараттық сайттарда ақпарат тараттық. Инстаграмдағы парақшамда облыс басшысы алдында мәселе көтерген еден жуушының жұмыста ұзаққа бармайтынын ойлайтынымды, жұмысынан шығып қалуы мүмкін екенін де жаздым.

Араға шамамен бір ай уақыт салып, кіші қызметкер (еден жуушы) Мөлдір Ғапиз жұмыстан шығып қалғанын айтып хабарласты. Көмек сұрады. Бұл жөнінде ақпарат құралдары да, пабликтер де хабар таратты. 

Гимназия басшылығы Мөлдір Ғапиздің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін шығарылғаны туралы позицияны ұстанып отыр. Алайда, біздің, журналистердің араласуынан кейін гимназия басшылығы оны қызметіне қайта алды. 

Дегенмен, Мөлдір Ғапиз қудалау жалғасып жатқанын айтып, күнделікті хабарласып отырды. Біресе, басқа еден жуушылардан бөлек отырғызған, біресе, жалғыз отыратын бөлмесін тартып алған. Қысқасы, қысым жалғаса береді.

Мөлдір Ғапиздің жұмысқа үш ай сынақ мерзімімен алынғаны жөнінде республикалық ақпарат құралдары жариялады. Ол ақпаратты пабликтер көшіріп басты. Комментарий жазғандардың басым бөлігі директордың қылығына қарсылық танытады. 

Гимназия директоры өз арызында өзін педагогикалық әдепті бұзбайтын, ешбір қызметкеріне зәбір көрсетпейтін директор ретінде көрсетеді. Өкінішке қарай, 2022 жылдың соңғы күндерінде, 2023 жылдың соңында да гимназия дау-дамайдан арылмай тұр. 2022 жылдағы гимназия қызметкерлерінің дауласуы да  гимназияда моральды-этикалық ахуалдың қалыпты емес екенін аңғартады.

Істің мән-жайына оралатын болсақ, Асхат Шахаровтың сапары кезінде мәселе көтерген кіші қызметкерді қудалау басталды деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, әлеуметтік желіде жарияланған бұл жайтқа Ырғыз ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Айбек Өксікбаев та араласып, іске қатысы болмаса да, журналистерге қайта-қайта хабарласып отырды. 

Бұл жайттар кіші қызметкерді қудалауға гимназия директорынан бастап аудан басқарып отырған азаматтардың да мүдделі болғанын көрсетеді. Әйтпесе, баласы мен анасын жалғыз өзі бағып отырған еден жуушының жұмысқа келмей қалғанын аңдып, дереу хаттама, акт толтыртып алу – Ырғыз секілді қазақы ауданның азаматтарына сын деп ойлаймын. 

Мөлдір Ғапиздің үстінен мәжбүрлеп түсініктеме жаздыртып алу жайтын видео жазбамен растай аламын. Еден жуушы өзін қорғау мақсатында актілерге қол қойған әріптестеріне (гимназия қызметкерлеріне) жолыққанда, гимназия мұғалімдерінің бірі – ер ағай – күштеп жаздырғанын, амалсыз қол қойып бергенін ашық айтып отыр. 

Арызға келер болсақ, Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова менің жеке аккаунтымда жазылған уәждерді жоққа шығаруды сұрапты. Мен 15 жылдан астам тәжірибем бар журналист ретінде әрбір жазбамды алдын ала сараптап отырамын, әсіресе, жалған ақпарат тарату және жала жабу элементтеріне қатысты ерекше назар аударамын. Әр стористі жазғанда саналы түрде жария етемін. Деректерге, дәйектерге сүйенемін” дейді ол. 

Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар