///

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді

1071 рет қаралды

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Осыдан бұрын біз «Ұлттық қор – балаларға» жобасы: ата-аналарға нені білу қажет? материалын жариялаған едік. Бүгін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының “Ұлттық қор балаларға” бағдарламасына қатысты қойылатын өзекті сұрақтарға берген жауабын жариялауды жөн көрдік.

18 жасқа 2024 жылы толатын кәмелетке толмағандар “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасына қатыса ма және олар қанша сома алады?

Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін барлық балалар бағдарламаға енгізілген (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша) және оның қатысушылары болып есептеледі. 18 жасқа 2024 жылы толатын балалар өздерінің 2023 жылға (бала әлі 18 жасқа толмаған жылы) есептелген нысаналы талаптарын өздерінің БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтар түрінде алады. 2023 жылға арналған бір балаға арналған нысаналы талаптардың сомасы Қазақстан азаматтары болып есептелетін балалардың саны бойынша деректерге (2023 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша) және Ұлттық қордан есептелген балаларға арналған нысаналы талаптардың жалпы сомасы бойынша Ұлттық Банктен алынған ақпаратқа негізделе отырып, есептелетін болады.

Нысаналы талаптар қандай валютада аударылады? 

18 жасқа толатын балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан БЖЗҚ-ға АҚШ долларымен аударылады және БЖЗҚ-да АҚШ долларымен сақталады. Бағдарламаға қатысушы бала кәмелетке толған соң өз ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдаса, ол уәкілетті операторға өтініш береді. Ал БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған баланың банктік шотына АҚШ долларымен аударады. Бұдан әрі, уәкілетті оператор жинақтарды тұрғын үй немесе білім алуға аударған кезде ақша АҚШ долларынан теңгеге айырбасталады. Айырбастау сол сәтте өзекті болатын валюта бағамы бойынша жүзеге асырылады.

Бала ақшаны бірден 18 жасында емес, кейінірек ­- 20 немесе 25 жасында пайдалана ала ма? 

Бала 18 жасқа толғанда оның атына БЖЗҚ-да нысаналы жинақтау шоты автоматты түрде ашылады және оған Ұлттық қордан өзіне тиесілі қаражат аударылады. Ақша АҚШ долларымен аударылады және нысаналы шотта 10 жыл сақталады. Егер осы мерзім ішінде ол бұл қаражатты пайдаланбаса, қаражат автоматты түрде БЖЗҚ-дағы оның атына автоматты түрде ашылатын жеке ерікті зейнетақы шотына аударылады. Ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын осы зейнетақы шотынан жинақтарды алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Нысаналы жинақтарды 18 жасқа толғанға дейін пайдалануға бола ма?

Жоқ, мұндай мүмкіндік қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған. Балаға есептелген нысаналы ақша Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында болады және бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық банк инвестициялауды жалғастыра береді. Бұл баланы қосымша инвестициялық кіріспен қамтамасыз етеді.

Егер бала азаматтығын ауыстырып, басқа елге кетсе, нысаналы жинақтары не болады? Егер бала басқа елде туылып, бірақ Қазақстан азаматтығын алса, ол Ұлттық қордан қаражат алуға құқылы ма?

Қазақстан азаматтығынан шыққан балалар Ұлттық қордан қаражатты пайдалану құқығынан айырылады.Егер 2006 жылы және одан кейін туылған бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, онда ол автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады және Ұлттық қордан қаражат алуға құқылы. Бұл ретте оған Ұлттық қордан нысаналы талаптарды есептеу оның туған күнінен емес, Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап жүзеге асырылатын болады.

Бала қайтыс болған жағдайда оның жинақтары не болады? 

Бала қайтыс болған жағдайда оған бұрын есептелген барлық нысаналы талаптар (нысаналы жинақтар) ҚР Азаматтық Кодексіне сәйкес мұраға қалдырылады. Бұл ретте, баланың жинақтарын алушы мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатқа пайдалана алады. Яғни оларды нысаналы пайдалану жөніндегі міндетті талап жойылады.

Егер қандай да бір жылдағы инвестициялық кіріс теріс сипат алса не болады?

Ұлттық қордың қаражаты ұзақ мерзімді негізде инвестицияланады және инвестициялау нәтижелері қаржы нарығындағы түрлі нарықтық факторлар әсер ететін жағдайға тәуелді болады. Сондықтан Ұлттық қор активтерінің валюталық бөлігінің жекелеген кезеңдердегі табысының ықтимал төмендеуін бейтараптандыру үшін ол есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады.

Балаларға жыл сайын қандай сомалар есептеледі және соңында олар қандай соманы алады? Мысалы, 2024 жылы туған балаға 18 жылдан кейін қандай сома төленеді?

Жыл сайын “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы бойынша балаларға Ұлттық қор активтерінің валюталық бөлігінің инвестициялық табысының 50% мөлшері есептеледі. Есептеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚР ҰБ) жүзеге асырады. Бұл ретте Ұлттық қор активтерінің валюталық бөлігінің табысы есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Сонымен қатар, өткен жылдардағы балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында АҚШ долларымен инвестициялануды жалғастырады. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептеледі. Осылайша, балаларға жыл сайынғы тиесілі сома Ұлттық қордың инвестициялық қызметінің нәтижелері бойынша айқындалатын болады.  БЖЗҚ инвестициялық кірістің жалпы сомасын (балалардың шоттарына есептеу үшін ҚР ҰБ есептеген) және Қазақстан азаматтары болып есептелетін барлық балалардың санын (ҚР Әділет министрлігінің деректерімен салыстыру негізінде айқындалған) негізге ала отырып, Бағдарламаға қатысушы әрбір балаға есепті жылдағы нысаналы талап сомасын есептейді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, болашақта 18 жасқа толған әр балаға төленетін нысаналы жинақтар сомасы қандай болатынын алдын-ала нақты есептеу мүмкін емес. Ол Ұлттық қордың жинақталған активтерінің көлемімен, оның тарихи инвестициялық кірістілігі бойынша нәтижелерімен және Бағдарламаға қатысушы балалардың санымен айқындалатын болады.

Фото: https: kz.kursiv.media

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар