///

Жүрегінен бөлек жерленген адам

7703 рет қаралды
фото: ata.mn

Бұл кісі әңгімелеп отыр. Бүгін 2024 жыл ма? Ол болса осыдан қырық-елу жыл бұрынғы оқиғаны айтып отыр. Әуелде әңгімесін жөнсал, желкеммен жүре тыңдап отыр едім, қай заманда ауызым аңқиып, сілекейім шұбырып, жылан арбаған аңдай ішіне кіріп кеткенімді білмей қалыппын…       

«Мені ағайын-туыс болып кеткен Құрмаш ағаның үйіне қолғанатқа берген. Жан дегенде жалғыз баласы мен. Жанындай жақсы көрді… Қамар шешем көп ауырды. Аудандық ауруханадан хабар келіпті. «Алып кетіңдер. Адам болмайды. Өз шаңырағымнан шығамын деп жатыр» деген. Ауруханадан шығарып алуға ауылдан Құрмаш ағам мен Мен бардым»…

«Әкем айтты, дейді, Мұтып кетпе! Дәрігердің анықтамасын және немен ауырғанын толық жаздырып, таңбасын бастырып, алып кел. Керегі болады. Менде тұрсын. Сақтап қоямын. Ертеңгі күн сұрап жатса көрсетемін. Аурудан өлген, шын өлген деп. Менің кепілдігімдегі адам ғой». Кепілдік дегеннің не екенін білмеймін ғой. Зат, тауарға кепілдік беріп жатады, ал адамға кепіл болуды алғаш рет естіп тұрмын. «Адамға кепіл болғаны қалай?» дедім де қойдым. Әкемнің айтқанының бәрін мүлтіксіз орындадым. Дәрігердің дөңгелек қызыл мөрі басылып, қолы қойылған етектей анықтама қағазын әкеліп қолына ұстаттым. Әкем дәрігердің анықтамасын мұқият оқып бітіріп, ауыр күрсініп: «Е, жарықтық-ай, іші-бауыры өртеніп кеткен екен ғой. Ішінде не қалды дейсің?» деді. Мен де ержетіп, ес білген кезім ғой. Өзім-өз болып әкемнің осыншама мұңайып, көзінің алды буланғанын алғаш рет көріп отырмын.

Қамар шешем үйге келгеннен кейін жазылып кетті. Үй ішін жинап, сырмақтарын қағып-сілкіп, кір-қоңын жуып-шайып, ыдыс-аяғын тазалап, тамағын да өзі істеп, шайын да өзі қайнатып ішті. Құрмаш ағам ғана сыр бермейді. Сырықтай қара сұр кісі. Бір күні сырттан кіріп келсем Қамар шешем төсекке арқасын сүйеп, өңі қудай болып отыр екен. Көз жанары өңменіммен өтеді. «Бақытсыз сорлы!» деді кеудесін төпештеп, ішін шеңбектеп.  Содан кейін, «әкеші, ана сырмақты» деп оң босаға жақта шиыршықтаулы тігінен тік тұрған қара ала сырмақты алдырды. Сырмақты алдына жайдырып шалт қимылдап ортан белінен ұзын қара пышақпен төрт бөлді де төрт қабаттап астына салып отырды. Сол күні түнде түні бойы көз ілмей тістеніп жатып, таң алдында жүріп кетті…

Елдің айтуынша, біздің Құрмаш аға дейтін қара өнердің қас шебері, қою қара қайқы мұртты, көзге өте жылы көрінетін Құрбан деген кісі арғы беттен келген алтайшы екен. Ел оны ойнаса да, шындаса да атын атамай, «алтайшы» деп атайтын. Алтайшының не екенін бала біз қайдан білеміз. Аға дейтініз. Ал оның алтайшы дегенге еті үйренген, қызарақтамайды, намыстанбайды.  Жиырма жыл алтайшы атанып ғұмыр кешіп, өмірден өтті. «Жалғыз өкінішім,– депті, марқұм өтерінің алдында,– азаматтық алмадым».

Жақсының артынан сөз ере ме екен, әлде ағайын арасында шынымен де әлде неге араздық болды ма екен, мүмкін сұмпайы, зымиян саясат тағдырдың жазуын бұзып, басына салған ойыны ма кім білсін?! Ауыл арасында, ел ішінде, кім шығарғаны белгісіз өтімді өсек өрбиді. «Ойбай, ана құдай атқыр Құрбан жеңгесімен әуейі дейді.  Аталас ағасының екі балалы тоқалына, Қамар сұлуға ғашық болыпты-мыс. Қамар да некелі жарынан жеріп, құр жүрген Құрбанға құрық салыпты. Жақсы көріп, ұнатыпты-мыс».  Мұндай сұйық сөз жата ма, қамысқа тиген өрттей лаулап бүкіл ауыл-аймақты аралап жөнеледі.

Ағайынның алты таспа, бұзау тіс дырау қамшысы Құрбанның қасқа маңдайын пышақ кескендей тіледі. Анау оң қабақтың үстіндегі қап-қара қалың біткен қара қасқа келіп тірелген тыртық соның өшпес ізі дейді. Қандауыр тигендей атқақтап барып, басылып көзін жауып, иегінен тамшылаған қанды сыпыра іліп алып түтігіп тұрған қамшыгерге қарай шашқан Құрбан қатты ашуланып айтыпты: «Қанымның бодауын қатыныңмен қайтарасың. Қапы қалма!» деп.  Қайсыбір жұрт қаңқу сөздің төркінін қатыннан, Қамар сұлудан көріпті. «Буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді. Бар пәле ана ақ жүзінен ай көрінген албастыда, таспен атып өлтірсе де обалы жоқ» десіпті. Қамар шешемнің білезігінде, ұлы денесінің кейбір жерінде көк ала тап, тыртықтар бар еді. Оның себебін сұрағанымда ашып айтпайтын. «Е, қарғам, шешең не көрмеді» дейтін. Бертіндері көп жыл тірі пендеге тіс жармаған арғы бетте қалған екі баласын айтып еңірегенде етегі жасқа толатын.

Өлімнен ұят күшті… «Көзге күйік болып жүргенше арғы бетте бұрыннан қалған  аталас туыстарың бар»,депті ескі көздер, соларға аман-есен жетсеңдер, далаға тастамас, елбесіп-селбесіп, бірдеңе қылып адам болып кетесіңдер», деп кеңес берген. Екеуі қол ұстасып, қашып, шекара бұзып, біздің елге өтіпті. Әкемізді туысым-ағайым депті. Органның адамдары айлап, жылдап тексеріп, ақыры біздің ауылға қоныстануға рұқсат беріп, әкемді кепілдікке алыпты. Яғни әкем бұл екі кісіге жауапты адам. Олардың  жүрген-тұрғанын, басқан ізін бақылап, үкіметтік органдарға мәлімет беріп отыратын органның көз-құлағы. Ешқайда кетпейтініне ант-су ішіп кепілдік берген адам. Олар да антына адал, сертіне берік болыпты.

Қамарды жерлеп жатқанда біреу сұрапты: «Жүрегін алып, бөлек қояды дейтіні қайда?!» деп.

29.01.2024  жыл. Алматы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар