/////////

Райхан Имаханбет: Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы әлі толық ғылыми айналымға енбеді

8453 рет қаралды

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйін көзінің қарашығындай қорғап, бүгінге жеткізген, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбетпен сұхбатымыз Ақпанның 2-cіне жоспарланды. Дәл сол күні Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) негізін қалаған “Қазақ” газеті осында 111 жыл бұрын оқырманға жол тартқан екен. Дәл осы күн бүгінде “Ұлттық баспасөз күні” ретінде аталып өтеді. Райхан Имаханбет ханыммен әңгімеміз осы “Қазақ” газетінен басталып, ұлттың даму жолындағы Алаш қайраткерлерінің ұлы мұрасы жөнінде болды.

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ КӨШБАСШЫ ГАЗЕТ РЕТІНДЕ БҮГІНГІ БІЗДІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗҒА АЙНАЛЫП ОТЫР

– Бүгін (2 ақпан) – “Қазақ” газетінің шыққан күні. “Қазақ” газетінің қазақ қоғамын оятудағы, рухани сананы дүр сілкіндірудегі рөлі ерек болғаны сөзсіз. Сіздіңше, бұл газет бүгінгі қоғамда өзінің лайықты бағасын ала алды ма? 

– Ең біріншіден, 2 ақпанның Ұлттық Баспасөз күні ретінде ресми мойындалып, бекітілгені құтты болсын. Шынында, “Қазақ” газетін шығару үшін Алаштың оқымыстылары, қазақ оқығандары 1905 жылдан әрекет еткен екен.  Тек 1913 жылы шығару мүмкіндігіне ие болды.

“Қазақ” газетінің ең бірінші қазаққа бергені – қазақтың төл атауын өзіне қайтарғаны деп қабылдаймыз.  Күні кешеге дейін қырғыз атанған жұртының “Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз” деп шүкіршілік айта отырып, қазақтың атын оятуының өзі – үлкен жетістік, әрі жеңіс.

Дәл сол тұста біз орыс патшалығына бодан едік. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы бастаған – тәуекелі мықты, жігерлі, сол кездегі мақсатқа басын бәйгеге тіккен тұлғалардың “Қазақты” шығарудағы мақсаты – атын ғана ояту емес, қазақтың тұрақты түрде рухын көтере отырып, болмысын танытуға күш жасау болды. Былай айтқанда, қазақтың тіл философиясын көтерді, қазақтың қазақ болып-болмауы үшінгі күрестің басы болды.  Сондықтан да “Қазақ” газеті көшбасшы газет ретінде бүгінгі біздің темірқазығымызға айналып отыр.

–  “Қазақ” газеті қазақтың ұлттық санасын оятты. Сол кезде қазаққа ерекше рух берген рухани қозғалыс күші болды. Сіз тәуелсіздіктен кейін “Қазақ” газетімен қатар тұратындай, ақпарат құралын атай аласыз ба?

– Тәуелсіздіктен кейін қазақтың жүгін мына газет көтерді деп айту үшін сараптама жасау керек, зерттеу қажет. Дегенмен, дәл сол кезде қазақтың атын атойлайтын газеттердің көпшілігінің атауы төте, тура келмей тұрды. Бірақ “Ана тілі” шыққанда біз қуандық. “Түркістан” шыққанда да қуандық. Өйткені, Тұран жұртының, түркі жұртының атын атойлатып, бәрімізге ортақ мәселені көтеріп, түркілік жұрт екенімізді білдіріп, бір бағытта жұмыс жасауға шақыратын. Одан бөлек, “Жас алаштың” да ешкімнен жүгі төмен болған жоқ. Алайда бұған нақты баға беру үшін зерттеу еңбектерін жазған абзал деп ойлаймын.

Осы жерде бір заттың басын ашып алған дұрыс сияқты. Заманға итеріп қоямыз ғой, мәселе заманында емес, мәселе адам да деп түсінемін. Сол кездегі адамдар ұлттық басылымдарға деген махаббат қандай еді?! Қазір “Қазақ” газетіне жазылуға қазақ тілі мен әдебиетімен айналысып жүрген өзің сияқты мамандардың өзі енжар. Сол менің сағымды сындырады. Мен алдыма келген магистранттарды болсын, болмаса, докторанттар, студенттерге айтқанның өзінде жүре тыңдайды. Әрбір қазақ үйінде қазақ газеттері болу керек. Өйткені, қазаққа керек үн-жарияны, үн -парақтың негізгі жүгін көтеріп алатын, сол қазақтың қара бұқарасы болу керек.

АХМЕТТІҢ ТӨТЕ ЖАЗУЫН МЕКТЕПТЕ ФАКУЛЬТАТИВ РЕТІНДЕ ОҚЫТУ КЕРЕК

– А.Байтұрсынұлы мұражай-үйін сақтау үшін қаншама күрестен, қаншама жолдан өткеніңізді білеміз. Дегенмен біздің Мінбер сайтының оқырмандары үшін, “қай кезден бастап мұражайда жұмыс істеп отырсыз? Жалпы осы деңгейге жету үшін қандай өткелектерден өттіңіз?” толық баяндап бересіз бе?  

– Өткеннің өтпелі жолы келер ұрпаққа қызық болатыны рас.  Шынында, Ахметтей тұлғаның есімі ақталғаннан кейін бірден мұражай-үйі ұйымдастырылғаннан соң, мемлекет өзіне алып, рухани ордаға айналдыру керек еді.

Ахмет жекешелеп алатын зат емес. Түркі жұртына ортақ, мұқым елге аты аяулы жанның елдің жәдігерінде болатын затының жекеге айналып кеткені жанымды ауыртты. 28 жыл бойы осы музейдің сақталып қалуы үшін күрестім, ақысыз жұмыс істедім. Шүкір, былтырдан бері Үкіметтің балансына өтті. Өткен күндерге кері бұрылсам, жүректі сыздататын, көңілімді құлазытатын дүниелер көп. Мұнда келуіме себепші болған бірден бір дүние – қазақтың тау тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына деген  шексіз махаббатым десем артық айтқандық емес.

Мен кішкентай адам болсам да, аманатқа деген адал болғым келді.  Бұл кісілер біз үшін, қазақтың ертеңі үшін құрбан болды. Ендеше, артында қалған жалғыз заттық мұра –  музей үйінің есігін тарс жауып кетуге менің арым жібермеді. Сол уақытта менің бар арманым – осы музей үйді қалай да сақтап қалу болды,

Жекеменшікке алып алған кісілер бұны сатып жіберуге дейін оқталғанда, “мен өлмей Ахметті жекеменшікке бермеймін, ол – мемлекеттік тұлға, ол – қоғамдық қайраткер, оны жекешелендіріп алған сіздер қалай жер басып жүрсіздер?” дегенге дейін барыстық.

– Шетелде осындай тұлғалардың үйлері мемлекет балансында болады. Оған баға жетпес байлық ретінде қарайды.  Ал бізде Ахмет Байтұрсынұлы  секілді бір ғасырда бір туатын тұлғаның музей үйін осынша тартыспен Үкіметтің балансына өткізуіміздің өзі мемлекеттігімізге сын. 

Ахмет Байтұрсынұлын “Ғасыр саңлағы” деп алқап жатырмыз. Сіз осы тақырыпта кітап жаздыңыз.  90-жылдардан бері қарай Алаштанудың, Ахметтанудың жолында қыруар еңбек жасалғаны мәлім.   Ахметтанудың әлі ашылмаған ақтаңдақтары бар ма? 

– Жоқ. Әлі толық зерттелген жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының “Мәдениет тарихының”, “Әдебиет танытқыштың” нұсқаулығының табылмауы, А.Байтұрсынұлының папкіде жазып өткізген кездегі қылмыстық кодекстің табылмауы, қазақ тілінің грамматикасының орысшалап жазғанының табылмауы – осының бәрі үлкен жұмысты қажет етеді. Біз бар-жоғы алдыңғы ата буын жасаған, Рымғали Нұрғали, Рәбиға Сыздық жасаған жұмыстардың айналасынан әрі шыға алмай жүрміз.

– Ал оған не кедергі болып отыр. Архивтік құжаттарға қол жеткізе алмайсыздар ма? Табу үшін не керек боп отыр?

– Кешеге дейін қол қысқа болды. Осы музей Алматы қаласы бойынша Музейлер бірлестігіне қарайды. Соның бір бөлімшесі ретінде 13 штат беріліп отыр. Оның үшеуі техперсонал десек, қалғаны – экскурсия жүргізу, қараушы, ғылыми қызметкер екеу ғана, әлі де қол қысқалық бар.

Бізде жұмыс істеу дегенді белгілі бір мекемеде отырып жұмыс істеу керек деп қарайды. Ал ғылыми дүниені зерттеу үшін, кешегі шаң қауып жатқан дүниені ашу үшін міндетті түрде біз мұрағат пенен дерекқорларда жүруіміз керек. Ахметтануда әлі беті ашылмаған архивтер бар, осыған қол жеткізу үшін біз бір үйдің ішінде байланып қалмауымыз керек. Ғылыми дүниеміздің кеңістігін, өрісін кеңейту үшін жұмыс істеуіміз керек.

Оның үстіне мәдениет қызметкерлерінің жалақысының деңгейін өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұндай жалақыға адам аз келеді. Ал магистранттардың мұрағатта жатқан дүниеге тісі бата бермейді.  Оның үстіне екінің бірі Ахметтің төте жазуын немесе сол кездегі жазуды танымайды. Біз бұл жұмысқа көбінде Қытайда осы алфавитпен білім алған қандастарымызды шақыруды мақсат етеміз. Өйткені оларға бұл жазуды оқу, тану қиындық тудырмайды.  

Меніңше, Ахметтің төте жазуын мектепте факультатив ретінде оқыту керек. Соны қолға алмай отыр. Бір кезде болды, Тасыбаевтың «Араб тілі» деген кітабы өзіміздің ұлттық университеттің филология факультеті ішінде оқытуға жол жасады.
Ахмет Байтұрсынұлы “қазақ жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы” деген ғасыр басында айтқан сөзі әлі өзінің өзектілігін жойған жоқ.

– Қазақтың ұлттық мұраларына деген салқынқандылықтың сыры неде деп ойлайсыз?

– Сол төте жазудағы дүниені іздей бастасаң, бізді өткенді аңсаған, кері кеткен адам сияқты қабылдайды. Ғылыми жоба болсын, басқа да дүниелердің бәрін тендер мен мемлкеттік конкурс дегенге байлап қойған. Ол конкурспен шешілмеуі керек. Бұны зерттеудің арнайы бағдарламасы жасалып, 5-10 жылға дейін есептелуі тиіс. Біріншіден, оны алаңсыз зерттеу үшін арнайы қаржы қарастырылса, екіншіден бұның ерекшелігін білетін, жан жүрегімен түсінетін адамдар жұмыс істеуі тиіс. Ал қазіргі жасалып жатқан дүниелердің көбі біздің алдымыздағы аға буынның жасап кеткен зерттеуінен шиырлап шыға алмай қалды. Тіпті біреудің еңбегін қайта дайындап шығарып, академик атанып жүргендер қаншама. 

– “Қазақ” газетінің толық жинағы  7 том болып, кириллицаға түсіріліп қайтадан “Арыс” баспасынан басылып шығып жатыр екен. Менің білуімше, Үшкілтай Субханбердина апамыз бастаған ғалымдар бұны ерте қолға алған секілді еді…

– Иә, әрине. ол кісілердің осы бір істің басы-қасында болғаны рас. Бірақ ол кісілер толық жинағын дайындай алған жоқ. Ол жинақта тақырыптық топтаулар болды. мен арасындағы дүниелер үзіліп қалды.

– Сұрағалы отырғаным да осы еді: біз “Қазақтың” мұрасын толығымен бүгінгі ұрпаққа жеткізе алдық па?  Әлихан Байменовтің кезінде “Ғасыр басында Қазақ халқы үш рет күшпен ауыстырылған әліпбидің салдарынан рухани геноцидке ұшырады” дегені бар еді. Яғни, әуелі төте жазуда сауат ашқан халық, латын әлппесі, кейін кириллицаға көшу арқылы, алдыңғы мұраларын оқи алмай қалды.  Тіпті төте жазудағы мұраларымыздың өзі бізге әлі толық жетпей жатыр. 

– Осы жақында ғана  “Арыс” баспасының директоры, профессор Ғарифолла Әнес құрастырған,  «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы бастаған ғалымдардың дайындаған жеті томдық “Қазақ” газетінің материалдары жарияланған кітаптар менің қолыма тиді. Ахметтанушы ғалым ретінде айтарым,  Ахметтің бұған дейінгі жарық көрген дүниелерін қарап отырып,  баяғы батпақта әлі малтығып жүргенімізді байқадым. Мәселен,  кейінгі шыққан дүние мен бұрынғы дүниені салыстырып қарадым. Ахметтің “Байқаушы” деген бүркеншек есіммен шыққан төрт өлеңі табылған ғой. Сол өлеңдердің о бастағы нұсқасындағы қате сол күйі өзгертілмеген бойы жүр. 

Тағы бір мәселе, осы істің басында жүрген, біраз еңбекті  көз майын тауысып,  жасаған адам – Светлана Смағұлова. Соны ұмыт қалдырып отыр. Бұл менің жаныма батады. Ғылымға келгенде, бір-бірінен ат оза шапқанды тәуір көре ме, алғашқы адамды ысырып қойып, кейінгілерді көтеріп қоятын кез болады.
Светлана Смағұлова – тарих ғылымдарының докторы, “Қазақ” газетінің алғаш кітап ретінде шығуға мұрындық болған.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде  жұмыс істеуге шақырып отырмыз, университетке де қажет маман ғой, бірақ біз оны өзімізге алдырып отырмыз. «Айқап», «Қазақ» газеттерінің электрондық нұсқасын дайындауға ол кісінің тәжірибесі керек болады.

  

Әңгімелескен Есенгүл Қапқызы

Мәтінді түсірген Әдемі Талғатқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар