///

Масс-медиа заңы: Материалдың ескіру мерзімі бір жылға қысқарады

2487 рет қаралды
фото: Ашық дереккөзінен

Өткен жұмада, яғни Ақпанның 9-ында ҚР Парламенті Мәжілісінің “Масс-медиа туралы” заң жобасының жұмыс тобының кезекті отырысында Мәжілісмендердің ұсынысымен журналист жазған материалдың ескіру мерзімі үш жыл емес, бір жыл болып өзгеретін болды. Бұл медиа қауымдастық үшін өте маңызды, әрі сүйіншілер жаңалық. 

“Масс-медиа” туралы заң жобасының Мәжілісте қаралып жатқанына біраз уақыт өтті. Білетіндердің айтуынша, заң жобасы депутаттардың жазғы каникулына дейін қабылдануы мүмкін. Апта сайын өтетін заң жобасының жұмыс тобының отырысында бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты бірнеше маңызды бап талқыланады.

Солардың – бірі материалдың ескіру мерзімі. Журналистің материалына қатысты арада қаншама жыл өтіп кетсе де мына журналист ар-намысыма, қадір-қасиетім мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп сотқа жүгініп жататындар бар. Себебі  заңда белгіленбеген еді.

Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты: ҮКІМЕТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚОЛДАМАҒАНЫМЕН, БІЗГЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІК

Осы баптың авторларының бірі Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ханымға хабарласып осыған орай бір-екі сауал қойған едік:

фото: Азаттық рухы

– Медиа туралы заң жобасының 37 бабы теріске шығару не жауап беру құқығы деп аталады. Бұл жобаның 37 бабының 1-ші тармақшасының 3-ші бөлігі. Ол жерде осы бапта көрсетілген құқықтардың бұзылуына байланысты.

Бұнда Үкіметтің ұсынған жобасында”Бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша талап қою мерзімі. Осындай мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап, 3 жылға дейін күшінде болады” делінген.

Яғни, егер қандай да бір азамат өзінің құқығы бұзылды деп тапса, ақпарат құралдарында жарияланған материалдар бойынша, талап қою мерзімі бұған дейін мерзімсіз болған. Бірақ біз қазіргі таңда жеке мүліктік емес даулар бойынша талап қою мерзімін бір жыл деп белгілеу қажет деп таптық.

Бұл түзетудің авторлары төменгі палата депутаттары – мен,  Пономарев және Шаталовтар.

Бұның қажеттігі, тәжірибе көрсетіп бергеніндей ақпараттың таралу жылдамдығы өте ұшқыр. Осыны  ескере отырып, бір жыл жеке мүліктік емес даулар бойынша құқығын қалпына келтіру үшін жеткілікті деп ойлаймыз.

Яғни,  бір  жыл ішінде арына, намысына кім сызат түсті деп ойласа шағымданып үлгереді деп ойлаймыз.

Бұл Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 178 бабына қайшы келмейтініне көңіл аударғымыз келеді. Бұл норма халықаралық тәжірибеге және халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына негізделген.

Депутат Пономарёв та, депутат Шаталов та  медиа саласының мамандары, кәсіби журналистер. Сондай-ақ, біз мәселеде заң жобасының мүшелері, медиа қауымдастық өкілдерінің де пікірлерін тыңдадық.

Бұл ұсынсымыз Үкіметтің қорытындысы бойынша қолдау таппаса да, депутаттардың дауыс беруімен ұсынысымыз өтіп кетті. Сол үшін жұмыс тобының мүшелеріне де алғысымызды білдіреміз.

Гүлмира Біржанова, медиа заңгер, Media Qoldau ұйымының жетекшісі: БҰЛ ӨЗГЕРІСТІҢ ТЕК БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҒАНА ҚАТЫСТЫ ЕКЕНІН ЕСКЕРТКІМ КЕЛЕДІ

фото: Фейсбук парақшасынан

– Өткен жұмадағы “Масс-медиа туралы” заң жобасының жұмыс тобының мүшелері материалдың ескіру мерзімінің бір жылға қысқарғанын қолдап дауыс берді. Үкімет қорытындысы бойынша, бұл бап қолдау таппаған еді, ал Мәдениет және ақпарат министрлігі де үш жылдық норманы қолдаған болатын. Алайда, депутаттар Үкімет қорытындысына да, құзырлы мемлекеттің ұсынысына да қарсы болды. Ең бастысы бұл  позицияны Жоғары сот қолдады.

Алайда, есте сақтайтын бір нәрсе – ҚР Азаматтық Кодексінің 143 бабындағы ар намыс пен беделге қатысты істе талап ету мерзімінің ескіруі қарастырылмаған. Масс-медиа туралы заңды қабылдағанша, жағдай өзгермесе, БАҚ өкілдерімен бір жылдан соң соттасуға заң мүмкіндік бермейді. Бұл өзгерту Азаматтық Кодекске енгізілмегендіктен, өзгелер үшін [БАҚ өкілдерінен өзгелерге] бұл өзгерістің қатысы жоқ.

Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінің өзіне бұл ҚР Азаматтық Кодексінің 143 бабына ғана қатысты өзгеріс енгізілді. Ал, жала жабу бойынша Қылмыстық Кодексте өзге мерзім қарастырылған.

Осы ретте өз позициясынан айнымаған, табанды қорғай білген, медиа қауымдастықтың пікірлеріне құлақ асып, оны заң жобасына енгізуге күш салған депутаттар Сергей Пономарев, Жұлдыз Сүлейменова және  Никита Шаталовтарға алғысымды айтамын.

Дегенмен, әлі қуануға, бойды босқа салуға ерте. Қазір ақпарат алуға қатысты бап әлі талқылау үстінде. Ресми органдар БАҚ өкілдері сұратқан  ақпаратқа Мәдениет және ақпарат министрлігі бес күннің ішінде жауап беру туралы өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Ал депутаттар бұл мерзімді үш күнге түсіру туралы ұсыныс енгізді. Депутаттар өз дегеніне жетеді деген үміттемін. Сондай-ақ, журналистің кәсібіне орай құқықтық кепіл беруге қатысты маңызды бап та талқылау үстінде.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар