///

Бақытбек Бәмішұлы: Жүректі тіккен жүректі (болған оқиға ізімен)

9271 рет қаралды
1

  – Куәгеріңіз болмаса мұның бәрі ойдан шығарылған құр мақтан болады.

  – Өлгенін былай қойғанда, тірі жүргені қасыңда отыр.

  – Ол да ертең кетеді.

  – Тіршіліктің заңы солай.

  – Иә, тапжылтпайтын бір нәрсе болмаса бұ заманның адамдары сөзге сенбейді. Ертең де ертегі дейді. Құрғақ уәде құдай сөзі болудан қалған.

 – Ғалымның хаты өлмейді.

 – Бұрынғы аксиома. Сіздің еңіреп жазған естелігіңіз, майын тамызып, судыратып сөйлеген сөзіңіз, үн таспадағы дыбысыңыз бәрі-бәрі фантазия болуы бек мүмкін.

– Сенбесе қойсын. Менің ісім – ақиқат.

– Ақиқат екені рас қой. Бірақ, ақиқатқа бұлтартпайтын дәлел керек. Жасанды интеллект деген бір пәле, жаңа техника қалаған нәрсеңізді өзіңізді де, сөзіңізді де өзіңіздің айтуыңыз бойынша айна қатесіз қолмен қойғандай етіп жасап береді.

– Енді маған не қыл дейсің?

– Қазіргі ең мықты куә, тапжылпайтын дәлел, дәйек, факт, ол – жанды бейне. Сондықтан көзі тірі куәгерлерді бейне таспаға жазып алу абзал. Таспадағы бейненің жасанды не болмаса шынайы екенін нақтылау қиынға түспейді.

Біздің әңгімеміз осы диалогтан басталған-ды. Ақыры айтқызып тындық. Оқиға  былай болыпты…

1987 жыл. Қоңыр күз. Қазан айы. «Астық» ауылы… Есіктің алды ұлар-шу болды да кетті. Біреуге-біреу қағысып, соғысып жатыр. Үрейлі хабар келіпті. Бес жасар ұлдың шашын алу тілеуіне жайылған дастархан басында беймарал ішіп-жеп, көңілді отырған әйел-еркек, үлкен-кіші өре түрегелді.

– Әндос қансырап жатыр!

–  Алда, құдайым-ай, не дейді?!

– Әндосты пышақтап кетіпті!

– Кім?

– О, тәйір-ай, итім біліп пе?!

– Қайда, әлгі Беку??!!!

– Бегағам кетті,– деді бір кішкентай қыз бала тақ етіп. – Бегаға дегені Беку. Ауылдың жас, кәрісі дерлік Бегаға атап кеткен дәрігер. Жасы отыз бірде. Денесінде бір артық еті жоқ, қаншырдай жараған қатқан қара қоңыр түсті кісі. Қоңыр шашы сұйық. Қияқ мұрты жұқа. Орта бойлы. Ұзын кірпікті, шүңірек көзі отты.

Қалжыңдап, әзілдеп сөйлегенде қос жанары қарсақтың көзіндей күлімдеп, қолына музыкалық аспап тисе бақсылығы бардай гүл-гүл жайнап, отырған жерін ойынға тоғытып әкетеді. Аңкөс. Көздеген нысананы қарауылға ілінген жерден жалманынан түсіретін сұр мерген. Ал аңға келгенде атқан оғы айдалаға лағып кететін құр мерген. Осы ауылдың ауруханасының бас дәрігері.

Бір сөзбен айтқанда ширк болмасын, жаны ауырған жанның құдайы. Әсіресе қарт адамдар Беку десе жолында өлуге дайын. Белі ауырып тұра алмай, балтыры сыздап жүре алмай, қан қысымы асып-тасып басын жастықтан бұра алмай жатқандар Бекудің қарасын көрген жерден сауығып жатады. Оның құр сипағанының өзі ем. Сонан соң да оны құдай санайды. Беку – антына адал, арамдықтан ауылы алыс, қулық пен сұмдық сүйегіне бітпеген жан еді. Оның істеген кейбір әрекеттері адам сенгісіз аңызға айналып жататын.

 Бірде ауылдан неше шақырым шалғайдағы еңбекпен түзету түрмесінен шақыру келеді. Түрме полковнигінің хал үстінде жатқан әйелінің іш-құрылысына гинеколог-хирург дәл маман Беку ота жасайды. Ота ойдағыдай жасалғанымен қан кетіп әлсіреген аурудың адам болуы екі талай күйге түсіп қиналады. Қан құю қажет. Жырақтағы, жапан түздегі түрмеде дайын қан қайдан болсын. Сонда, сол жерде Беку дәрігер резус-факторы оң, бірінші топқа жататын өзінің қанын ауруға құйдыртады. Сөйтіп қансырап, жан сұрап жатқан әйелдің жаны қалады. Ал мөлшерден артық қан беріп қойған дәрігер Бекудің өзі өліп қала жаздап, есенгіреп орынынан әзер тұрады.

 Беку келгенде жаз бойы жалаң бетін күн қақтаған қара күрең бозбала бозарып, қаны қашып, қудай аппақ болып ауылдық аурухананың қабылдау бөлмесіндегі тар төсекте шалқасынан түсіп, алқына деп алып, біресе әжесінің құлағына құйып кеткен әулие періште Жәбірейілден жәрдем тілесе, енді бірде жан алғыш Әзірейілдей көрінген қатқан қара қайыстай  жігітпен айқасып, өлім жайлы ойлап кетеді де, көз алдына осы маңдағы көрші ауылдан ойын-сауық кештігіне келіп жан әлемін жаулап ала қойған бойжеткен келе қалса, үміт шырағы жайнап, өлмеймін деп мың сан рет ішінен қайталап жатқан-ды. Ақ халатын желбегей жамылып, есіктен суыт кірген Беку дәрігерді көргенде басын жастықтан жұлып алды.

– Енді мен өлмеймін, солай ма аға?!– деді.

– Өлмейсің!–  деді Беку нық. Дәрігердің даусы қатты шықты. Асықпай кеудесін ашып, сол жақ омыраудың астыңғы жағынан тігінен түскен ұзындығы бір сантиметрдей ойық тыртықты көрді. «Пышақтың ізі». Тыртық-сызаттың айналасы мұнтаздай таза. «Сүртіп тазалап тастапты». Сонан соң көз ауласын, қарасын, тілін тексерді.

 – Ештеңе етпейсің, жарақатың жеңіл екен,– деді жайбырақат, аспай-саспай, беймарал, түк те болмағандай. Қасында медбикесі бар Беку дәлізге шыққанда Әндостың әке-шешесі, туыс-туғандары, дос-жарандары қоршап ала қойды. Оларға да дәрігер Әндосқа айтқанын қайталады.

 – Шуламаңыздар. Тыныштық сақтаңыздар. Жарақаты жеңіл екен. Ештеңе етпейді. Ал Беку дәрігердің өз кабинетіне енгеннен кейінгі әріптестеріне айтқан сөзі мүлдем басқаша,  жүз сексен градусқа айналып шыға келді.

– Жағдайы тым нашар. Пышақ біршама сұғынып кірген. Жүрекке де жеткен болуы мүмкін. Шұғыл операция жасау керек. Операция ғана жанын алып қалар. Алып жүруге келмейді. Жүрекке ота жасайтын хирург маман қажет,– деді де су қара телефон тұтқасын көтеріп, «Астық» ауылының бас дәрігері Беку, мені дереу қаланың орталық медициналық жедел жәрдем диспетчерімен сөйлестіріңіз»,– деді.

«Астық» ауылы қаладан жүз шақырым, мүмкін одан да сәл алыс жерде. Автован түгіл асфальті жоқ ойлы-шұңқырлы, ойпыл-тойпыл, тақтақ, тегіс жері дірілдек, ұра-жырасы мол ақ шаңы қолқаны қапқан жолмен жедел жәрдемнің УАЗ-69 автокөлігімен тізгін ұшымен жылдам жүргенде кемінде төрт-бес сағат уақыт керек. Сондықтан ол кезде қалаға жақын елді-мекендерге жедел жәрдем бару үшін ауылшаруашылығына, спорттық жаттығуларға, жолаушы тасымалдауға ел ішінде «шегіртке» аталып кеткен сәбеттік Ан-2 ұшағы көптеп пайдаланылатын. Ол да жетіп болғанша кемінде бірнеше сағат  керек. Беку жаралы жатқан Әндосқа кірді:

– Қаладан жедел жәрдем шықты деген хабар алдым. Мықты дәрігерлер келеді. Күтесің ғой,– деді. Әндос тістеніп басын изеді.

– Жігіт!

Арада бір сағаттай уақыт өтті. Медсестра кіріп келді, абыржулы:

– Бегаға, пациент сізді іздейді. Жағдайы… – Дәрігер кіргенде Әндостың қарасы төбені тіреп жатыр еді. Үмітім сізде ғана дегендей жүзінде ишара бар еді.

– Бегаға, мен шыдайтын емеспін. Танымаймын. Әлде кімдер келіп жүр. Жүр дейді. Барғым келмейді. Бармаймын дедім.

– Дұрыс істегенсің. Барма! Не іздейсің! Енді келсе кет, жолама де! Жарай ма?!

– Жарайды!

– Беку аға, менің өлгім келмейді. Өмір сүргім келеді.

– Өлмейсің!

– Бегаға, мына тесікті тігіп беріңізші. – Ол саусағының ұшымен кеудесін көрсетті.

 – Қаладан дәрігерлер шықты. Олар самолетпен келеді. Тез келеді.  – Әндостың ғұмырының енді ұзаққа созылмасы, санаулы ғана минуттар санап қалғаны Бекуге аян. Көз алдында өрімдей жас, ажалдан арашалап қалуға бола тұра әрекетсіздіктің салдарынан қаладан жедел жәрдем жетіп үлгіргенше өмірден өткелі жатыр. «Ал сен дәрігер басыңмен кардиолог-хирург болмасаң да іш-құрылысқа операция жасайтын  праваң бола тұра ажалдың келуін күтіп тұрсың?»… «Нар тәуекел! Өзім жасаймын!».

Ауылда бір травматолог-хирург, терапевт қызметін қосып атқаратын гинекологтан басқа жоғары білімді дәрігер атаулы жоқ еді. Беку бұрынғы жылдары облыстық орталық ауруханада анестезиолог болып істеген мұндағы аға медбикеге тапсырма берді де ота бөлмесін әзірлеуді бұйырды. Өзіне сүйеніш болсын деп травмотолог-хирург дәрігерін қасына шақыртып алды.

– Екеуімізге операция жасауға тура келді. Дайындал.

– Мен…

– Сөзді қой… Сүйегі сау болғанымен ішіне қан кетіп жатыр… маған кеңесші-ассистент боласың!

Беку жандарын қолдарына ұстап, өң-түстері қашып ошарылып тұрған Әндостың туысқандарының алдына шықты.

– Баланың қалі сәт сайын төмендеп барады. Жедел жәрдем келуін күтпейді-ау. Қан ішіне кетіп жатыр. Рұқсат беріңіздер. Менің адамның ішкі құрылысына операция істейін правам бар. Мына қағазға қол қойыңыздар,– дегенде олар сырғып кейін шегінді. Әндостың әкесі де, шешесі де зәреқұты қашып «өз баласына өлім жазасын өздері кесетіндей» күйде тұрды. Сонда дәрігер Беку:

 – Сырқаттың түрі жаман, алып тынбаса нетті?! – деді. Топтың артқы жағын ала тұрған қисық танау, кепкасын көзіне төндіріп киген бір жігіт.

 –  Иландым, өлсе құны жоқ деген сөз,– деп қалды. Әндостың әкесі де, шешесі де өз қолдарымен баласын өлімге қиып, бір жапырақ қағазға «өлсе сұрауы жоқ» деп қол қоюға дәттері жетпеді. Еңіреп кері айналды. Бас тартты.

– Қол қоймайсыздар ма?!  – Беку қайталап, нақтылап сұрады. Жауап болмады.

 – Үмітсіз шайтан! Онда қақысы мен обалы менде болсын! Мен басымды бәйгеге тіктім. Самолет кешігіп жатыр. Өлетін бала! Қарап отырып өлтіргенше, қолдан келгенді істейін! Қолды өзім қоямын!

Арада секундтар, минуттар өтіп жатты… Жаралының кеудесін жарғанда жүректің қабы ұйыған қанға толып қалғаны көрінді. Оны тазалап, бүлкілдеп соғып тұрған жүрекке жетіп тілік аузындағы ұйыған қанды алғаны сол еді қан атқылай бастады.

«Тік!». Бірінші тігіс сәтті өтті. Екіншісі тігіс те қалағанындай болды. Енді ең соңғы, ең ақырғы тігісті жасау керек. Үшінші тігіс. Үшінші тігісті жасап аяқтады. Қан тиылды. Қан тиылысымен әлгі бүлкілдеп  жатқан жүрек те соғуын тоқтатты.

Беку дәрігер де, травмотолог-хирург те бәрі бітті дегендей кірпіктері де қағылмай, мелшиіп бір мезгіл тас болып қатты да қалды. Жым-жырт. Мүлгіген тыныштық. Сол сәтте «массаж» деп шыр ете түсті анестезиолог. Тас қараңғы түнде түскен найзағайдың отындай әсер еткен дауыстан қос дәрігердің жанарлары жарқ етіп жайнап шыға келді. Беку қолды дереу жүрекке салды. Жүректі шеңбектей ұстап қысып-қысып жібергені сол еді, жүрек бүлкілдеп соға бастады…

Ота бөлмесінің алды неше түрлі кейіптегі құдды сілейіп тұрған “өліктерге” толы.

 Бір заматта, ит өлді-ау дегенде ота бөлмесінен Беку дәрігер шықты. Үстіндегі ақ халаты суға малып алғандай денесіне жабысып қалыпты. Үрпиіп, үйіріліп, иіріліп дәлізде тұрған жұрттан бірде бір адам аттап алға баса алмай анадайдан, аяқ астынан ақ аю көрген адамдай аңтарылып, мөлиіп тұрып қалды. Беку бір-екі аттап келіп:

 – Қан жүрек қабының ішіне толып барып ұйып, жарықтың аузын жауып қалған екен… дегенді зорға айтып жеткізгендей болды. Ошарылған жұрт еріндерін тістелеп, күні бұрын күрсініп, бойларын тіктеп, суық хабар айтады-ау деп көңілдері алабұртып, қабақтары түнеріп, ауыздарын басып, тобық жұтқандай тым-тырыс қалған еді,– операция сәтті болды,– дегенде бір демде шу етіп, Беку дәрігерді жан-жағынан қармай құшақтап тіпті басып-жаншып, жығып кете жаздады. Солқылдап жылап жатқандары да бар.

  Таң енді құлан иектеніп атып келе жатқан кез еді. Травматолог-хирург, аға медбике, Беку дәрігер, әлгі қол қоймай қашып кеткен ауылдың машина техникалық базасының бас инженері Әндостың әкесі бірнеше адам аурухананың бас дәрігерінің кабинетінде көк түтінді көлбетіп, жүз грамдатып жатқанда телефон шар ете қалды.

  – Ойбай, самолет қонатын жерде сиыр жүр дейді.

 – О, қарасан! Бұ ошақтың жүрмейтін жері жоқ.

   Дүркіреп сыртқа шығып, дайын тұрған уазикті міне салып Беку дәрігер қаладан келетін кардиохирургті күтіп алуға ұшты. «Шегіртке» ұшақ қонып үлгіріпті. Қалалық дәрігер сүзектен тұрған адамдай аппақ шөлмек, қап-қара шашы самайынан жылтыраған, сүйрік саусақтарының жұмсақтығы мақтадай қырықтың о жақ, бұ жағындағы азамат екен.

   – Науқас қалай, қалі қалай, тірі ме?

   – Тірі.

  – Алып жүруге келе ме? Операцияны көтере ме?

  – Операция жасап тастадық,– деді Беку жүз граммның қызуы да бар тайсақтап, бүгежектемей.

  – Жасап тастадық дейді?! Кім жасады?

 – Біз екеуіміз.

 – Бұ кім?!

 – Травматолог… хирург… – Екі көзі бажыраң ете түскен қалалық кардиохирург талып қала жаздады.

– Сен кімсің?!– деді  Бекуге шүйіліп, өзінен әлде қайда кіші екенін бағдарлап.

 – Мен – гинеколог.

–  Жырғатқан екенсіңдер, кім берді сендерге рұқсатты. Өздерің біліп, өздерің төстейтін болсаңдар неменеге жердің түбінен жедел жәрдем шақырасыңдар?

– Сіз келгенше өліп кететін болды.

– Сотталасыңдар, өз бетімен кеткен сотқарлар! Мен қайтамын! Әлдекімнің өлімін мойыныма ала алмаймын,– деді қалалық кардиохирург қаны басына шауып, ашуланды.

– Қайтсаң қайт, жасарын жасадық, кессең бас мынау, өлімін де, өзгесін де өзім мойыныммен көтеремін,– деді дәрігер Беку. Қаладан келген кардиохирург сәл жібігендей болды. Қаладан біреу келсе алдына түсіп кәукелектей жөнелетін ауылдық бір жаман әдет бар-ды. Асау аттың аяғына отырғандай болып, әкелеп-көкелеп мәймөңкелей жөнелетін. Қалалықтар да оған әбден үйреніп алған шікірейіп тұратын. Мына екі дәрігердің өздеріне деген нық сенімін көз оттарынан көрген қалалық кардиохирург:

– Жарайды, науқасты көре кетейін,–  деді.

Жаңа ғана оянып, ес кіріп жатқан Әндостың жай-күйімен танысқан қалалық хирург басын изей берді.

– Жағдайың жақсы екен, жігітім. Ота сауатты жасалыпты. Су ішерің бар екен. Қалаға алып кетемін. Құлантаза жазылғаныңша менің қарауымда боласың.

Науқастың тарихнамасымен танысқан соң Бекуге қарап:

– Мұнда не қып жүрсің, орталыққа барсаңшы,–  деді. Аттанарында Беку дәргерді құшағына алып, қолын қысып тұрып қоштасты.

  – Табиғатта талай таңғажайыптар бар ғой, – деді.

12.02.2024 ж.

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ағамның шығармаларын жұмыстан қолым қалт еткен кезде оқып тұрамын Өте керемет.Кейбірін мұқият,бар ынтаңды салып отырып оқымасам мен үшін күрделі сөздермен жазылған,ал кейбірі жеңіл,оқиға ішіне еніп кетіп өзім кейіпкерлерінің біпіне айналып кетемін.
    Шығармашылық табыс тілеймін,Аға!
    Жазарыңыз көп екенін білесің.Алла сізге мықты денсаулық,қажырлы қайрат,қайтпас күш жігер, ұзааақ ғұмыр берсін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар