Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Атырау облысының мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша соңғы үш жыл бойы өзге өңірлермен салыстырғанда ең төменгі орында болған. «Бұның себебі неде? “Мінбер” сайты осы сұрақтың жауабын іздеуге тырысып көрді.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Атырау облысында соңғы үш жылда мектеп түлектері, максималды 140 балдан орта есеппен 61,7 (2020 ж. — 60,33; 2021 — 62,28; 2022 — 62,49) ұпай ғана жинаған. Ұстаздардың айтуынша, түлектердің көңіл көншітпейтін нәтиже көрсетуінің басты себебі – мектеп тапшылығы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Атырау облысында 140 мың оқушы болса, 217 мектеп бар. Яғни, орта есеппен бір мектепте 645-ке жуық оқушы білім алады деп айтуға болады.
Ал, Атырау облысымен мектеп жасындағы бала саны қатарлас (134 мың) Ақмола облысындағы мектеп саны екі есеге көп (557 мектеп).
Н.Тілендиев атындағы Атырау гимназия мектебінің педагог-модераторы Айдана Рамазанованың айтуынша, оқу орындарының аз болуы оқушылардың сабақ кестесіне кері әсер етеді, ал бұл өз кезегінде төмен нәтижелерге алып келеді.
«Қаламызда үш ауысымда оқитын бірнеше мектеп бар. Бұл оқуға кері әсерін тигізеді. Мысалы, кешкі сағат 16.00-де кетіп, 20.00-де үйіне қайту оқушы үшін денсаулық және білім алу жағынан ыңғайлы емес. Мұғалімдердің білім беру жоспары бойынша, сабақтан тыс жұмыстар мен қосымша сабақтар өткізу үшін қосымша кабинеттер жеткіліксіз», – дейді Рамазанова.
Бұл ретте педагог-модератор 2028 жылға дейін облыста 50 340 оқушыға арналған 63 мектеп салынатынын айтады.
Түлектер шағымданатын тағы бір жайт– мектептердегі психологиялық көмектің жоқтығы.
Атыраудағы №31 мектептің түлегі Айару Сембай қаңтар тестілеуіне дейін ҰБТ маңыздылығын түсінбегендерін айтады.
«Тестілеу күні мен алаңдаушылықты сезіндім. Көбісі шекті ұпай жинай алмады. Орташа балл – 60-70 болды. Шығармашылық емтиханды таңдаған оқушылар орта есеппен 20 ұпай жинады. Нәтижелері көңіл көншітпейді. Шыны керек, біз қаңтар тестілеуінің қорытындысы шыққанша ҰБТ-ның маңыздылығын түсінбедік».
Бұл ретте психолог Вероника Жемчужникова балаға тестілеудің маңызды екендігін түсіндіру үшін оқушыны күйзеліске түсірмеу керектігін алға тартады.
«Егер бала ҰБТ-ны ата-анасы күткендей тапсыра алмаса, «сен жақсырақ тапсырар едің!» деген сияқты теріс сөздерден аулақ болу керек. Теріс көзқарастар оқушының эмоционалдық жағдайын одан әрі нашарлатады. Бұл оның нәтижелеріне тікелей әсер етеді. Мұғалімдердің оқушыларға тестілеудің маңыздылығын еске түсіруі, ал ата-аналар баласын басқамен салыстырмау және оларға жан-жақты қолдау көрсету маңызды».
Бұрынғы білім министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов нәтиженің төмен болуының себебін емтиханның цифрландыруға көшуімен байланыстырды. ҰБТ цифрлық жүйеге көшкенге дейін Қазақстанда орташа балл 80-нен жоғары болатын. Соңғы екі жылда цифрландырудан кейін нәтижелер 20 балға дейін төмендеген.
Әйгерім Қалымжанова,
Ғазали Қамзабек,
Алина Дальбекова
SDU “Журналистика” мектебінің І курс студенттері
Парақшамызға жазылыңыз