11 наурыз сағат 15:00-де Астанада Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот отырысы болды. Күдікті — оның жұбайы, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев. Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылып отыр: 110-бап, 2-бөлім — “азаптау”; 99-бап, 2-бөлім — “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”. Айта кетейік, сот отырысы үш сағаттан астам уақыт жүрсе де, судья шешім қабылдап үлгермеген. Сағат 18:45-те 12 наурыз сағат 17: 00-ге дейін үзіліс жарияланды.
Сот отырысы
Сот отырысы ашық режимде өтті. Дегенмен ҚазТАГ мәліметінше журналистер сот отырысына кіргізілмеген. БАҚ өкілдері арнайы бөлмеде тікелей трансляция арқылы сот отырысын бақылаған. Сот қызметкерлерінің айтуынша, процеске алдымен қатысушылар (Сотқа Қ.Бишімбаевтың ата-анасы мен адвокаттары келді. Сондай-ақ қаза тапқан Салтанат Нүкенованың отбасы және жәбірленуші тараптың мүдделерін қорғайтын адвокат Жанна Уразбахова келді), егер бос орын болса, БАҚ өкілдері кіргізіледі делінген.
Айыпталушы орындығында Қуандық Бишімбаевтан басқа, оның туысы, “Гастроцентр” директоры Бақытжан Байжанов отырды. Б.Байжановқа жасыру және қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша айып тағылды.
Негізгі сотталушы Бишімбаев:
- Қылмыстық Кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы “Кінәліге материалдық тәуелді адамға қатысты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерін қолдана отырып, жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы физикалық және психикалық азап шегу”;
- 99-бап, 2-бөлім, 5-тармақ “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”;
- 14 – бап, 2-бөлім, 2-тармақ-айыптау нұсқасы бойынша, Бишімбаевтың әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы байқалады.
Екінші сотталушы Байжанов:
- Қылмыстық Кодекстің 432-бабы “қылмысты жасыру”;
- 434-бап”белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау”.
Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева қарайды.
Жаңа деректер мен сот отырысынан соң белгілі болған нұсқалар
Мемлекеттік айыптаушы Нүкенова мен Бишімбаевтың арасындағы қарым-қатысқа қатысты бірқатар мәлімдеме жасады.
- Сот залында прокурор бірнеше мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tengrinews. Прокурор сөзінше:
- Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова арасындағы неке ресми тіркелген жоқ;
- Бишімбаев Нүкенованың барлық телефон қоңырауларын бақылап, оған жұмыс істеуге тыйым салып, оны толығымен қаржылық жағынан тәуелді етті;
- Қызғанышпен және жүйелі түрде физикалық зорлық-зомбылық жасады;
- Астанада 2023 жылдың наурыз айының ортасында Бишімбаев Нүкенованы ұрды;
- Нүкенова ағасына шағымданған. Ағасы Бишімбаевпен ажырасуды өтінсе де, Нүкенова бас тартқан;
- 2023 жылдың жазында Бишімбаев Нүкеноваға Алматыға көшуді ұсынды. Марқұм көше салысымен зорлық-зомбылық тоқтайды деген үмітпен келіссе де, іс жүзінде олай болмады.
Айыпталушы тарап мәлімдемесі
Қуандық Бишімбаев алдын ала сот тыңдауында өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Қуандық Бишімбаев өзінің кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ алқабилер мен БАҚ-тың қатысуымен істі қарауды қалайтынын мәлімдеді.
“Айып түсінікті. Кінәмды мойындамаймын”, – деді ол.
Сонымен қатар, “Бишімбаев іс-әрекетінің өлімге әкелетінін алдын ала білген жоқ”, – дейді айыпталушы тарап адвокаты Назкен Құсайынова. Адвокат істе сотталушының іс-әрекетін аса қатыгездікпен кісі өлтіру ретінде саралауға негіз жоқ деп есептейді.
“Нәтижесінде жүйелі түрде ұрып-соғу дәлелденбеген, материалдық тәуелділік те дәлелденбеген. Қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп – тексеруді қайта бастауды, Бишімбаевтың іс-әрекетін 104-баптың 1-бөлігіне (“Абайсызда өлім келтіру”) қайта саралауды сұрайды”, – деді Назкен Құсайынова.
Бишімбаевты қорғаушы тарап Салтанат Нүкенованың құрбыларын ұрып-соғу туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартуды да талап еткен.
Бишімбаевтың тағы бір қорғаушысы кісі өлтіру қасақана емес және алкогольдің әсерінен жасалған деп мәлімдеді. Оның айтуынша, “Бишімбаев Нүкенованы басынан тепкен жоқ. Медициналық қорытындыға сәйкес, қыздың өлімі мидың жабық жарақатынан болған”, – дейді. (дереккөз Vlast.kz)
“Қорғаушы тарап сотталушы кісі өлтіруге ниеттенбеді деп санайды. Шынында да, мейрамханада қызғаныш үшін жанжал болды. Бишімбаев бастапқыда алақанмен бірнеше соққыны жоққа шығармады. Бишімбаевтың барлық әрекеттері Салтанат Нүкенованы тыныштандыруға бағытталған”, – деді адвокат Балашов.
Сараптамаға сәйкес, Нукенованың өлімі 3-4 аптаға созылған жабық ми жарақаты мен субдуральды гематомаға байланысты болды. Қорғаушы тарап Бишімбаевтың “тіпті шамалы әсер етудің, осындай салдарға әкелуі мүмкін” екенін білмегенін айтады.
12 наурыз сағат 17:00-де сот отырысының екінші жартысы өтеді.