//

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

1055 рет қаралды

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін оның туысы Жасұлан Серіктің атымен жариялаған.

Айталық, мұндай жайт бірінші рет болып тұрған жоқ. Қуат Әдістің айтуынша, «Алматыкітап» баспасы бұл өлеңнің авторлық құқығын екі жыл бұрын өздері иеленіп алып, басқа автордың атына жаза салған.

“Үндемейін дейсің ғой, бірақ… Елімізде баспа ісімен айналысып отырғандар мен оқулық құрастырушылар неге тым жауапсыз?! Енді мынау не? Таяуда ғана Сыр ақын- жазушыларының басын қосқан керемет кездесуде жергілікті қаламгер аға-апаларым “балалар ақынына сөз берейік және соңынан бір өлеңін оқысын” деп марқайтып тастаған соң ақтарылып оқыған өлеңім еді. Сөйтсем, бұл өлең де менікі болмай шықты. “Алматыкітап” өлеңнің авторлық құқығын басқа авторға теліп жіберіпті», – делінген ақынның желідегі жазбасында.

Ақын өлеңінің өзгенің атымен беріліп жүргенін желідегі жазылушыларынан білген. «Кешегі кездесуде бұл өлеңімді оқымасам және сол сәтті облыстық кітапхана қызметкерлері бейнежазбаға таспалап, желіге жарияламаса мен бейхабар болып жүре береді екенмін. Сол өлең оқып отырған сәтімді бөліскем ғой өз парақшама, астына біраз жылы пікірлер жазылды. Бір қарындасым “Аға, бұл өлең сіздікі ме еді? Қызым екеуміз таяуда ғана жаттағанбыз. Бірақ, оқулықта басқа автормен берілген ғой” деді таңырқап»,- дейді балалар ақыны.

Бұған дейін де басқа баспалар Қуат Әдістің құқығын бірнеше рет бұзған еді. Мәселен, өткен жылы бір шумақ өлеңі кітапта “Балдырғаннан алынған” деп жазылып, кейін “Атамұраның” кітабында «Дәрумендер дауасы» атты өлеңі Қастек Баянбайдың атынан берілген. «Кішкентай оқырмандарымнан ұят болды ғой, әбден. Өлеңдерімді кітабымнан өз атыммен оқып, жаттап, оқулықтан басқа біреудің атымен оқып, жаттаған балалар мен олардың ата-аналары және ұстаздары Мен туралы не ойлайды енді…», – деді ақын жыл сайын қайталанатын келеңсіз жағдайларға қатысты.

Баспахананың жауабы да көп күттірмеді. Олар қателік үшін ақыннан кешірім сұрап, кітаптың электронды нұсқасына өзгерту енгізілгенін жазды. « 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығының авторлары ф66-сабақтағы (38-39-бб.) «Әжемнің өзі бір мектеп» өлеңін 60 жылдан астам тарихы бар, республика көлемінде танымал «Балдырған» журналының 2020 жылғы №5 санынан алған болатын. Журналда өлеңнің авторы Жасұлан Серік деп көрсетілгендіктен, оқулықта ақынның аты-жөні өзгеріссіз берілді. «Алматыкітап» баспасы мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерге және бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтар мен көркем-әдеби кітаптар шығаратындықтан, сіздің өлеңдеріңізбен тереңірек танысып, шығармашылық байланыс орнатқымыз келеді. Сіздің орынды уәжіңізбен келісе отырып, осы оқулықта абайсызда кеткен кемшілік үшін кешірім сұраймыз», – деп жауап берді баспа өкілі Гүлмарал Қабдолашева.

Айта кетейік, Қуат Адис Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында дүниеге келген танымал балалар ақыны. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан журналистер одағының мүшесі. “Көңіл керуені”, “Қоңырбек пен Содырбек”, “Кемпірқосақ”, «Дәрумендер дауасы» атты жыр жинақтары жас оқырмандар арасында кеңінен танылған.

Данагүл Науқанова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар