///

Пластиктен бас тартуымыз керек пе? Мамандар не дейді?

3757 рет қаралды
Сурет BAQ.kz сайтынан алынды

Қазіргі таңда өмірімізді пластиксіз елестету қиын. Күнделікті өмірде қолданатын көптеген заттардың құрамында пластик бар. Бірақ пластик қоршаған ортаға да, адам ағзасына да кері әсерін тигізеді.

Өміріміздің бір бөлігіне айналған пластиктің ыдырауы қиын және көп уақытты талап етеді. Біз қоқысқа тастаған пластик өнімдерінен қандай зиян шегетінімізді шетелдік TED-Ed youtube парақшасы өзінің кезекті бейнежазбасында көрсетті. Пластик қалдықтары қоқыс орындарында жиналып, үлкен қоқыс жиынтығына айналады немесе суға кетіп, ондағы тіршілік иелерін улайды. Адамзат пластиктің қоршаған ортаға және біздің өмірімізге тигізетін кері әсерін білсе де, пластик өнімдерінен бас тартуға асықпайды.

«Пластиктің біздің өмірімізге сіңіп кеткені соншалық, біз одан оңайлықпен бас тарта алмаймыз. Бас тартуымыз керек емес те шығар. Пластик басқа материалдарға қарағанда қолжетімді және ыңғайлы. Ол дүкенде сатылымда бар кезде оның саудасы тоқтамайды. Бірақ біз қолданатын пластикті екі нәрсеге сүйеніп таңдасақ, оның қоршаған ортаға зиянын азайта аламыз. Бірінші, Қазақстанда қайта өңдіруге болады ма? Екінші, қолданылуы, яғни бір рет қолданылатын пластик»,- дейді Эльнара Бикужиева, эколог.

Пластиктің зияны туралы Эльнара Бикужиева былай дейді:
Негізі пластиктің өзі емес, ондағы микропластик зиян. Біз қолданатын пластиктен жасалған ыдыстар біздің ағзамызға кері әсерін тигізеді. Ал табиғат жайлы айтар болсақ, пластик қазір жердегі адам санынан асып барады. Бұл шынында да маңызды. Дүкендердегі пластиктен жасалған нәрселер көп, ал тұтынушы аз. Сонымен қатар пластиктің ыдырауы жүздеген жылдарды талап етеді.
Төменде пластик өнімдерінің ай сайынғы қалдық көрсеткіші ұсынылған.

Статистика Taldau.stat.gov.kz сайтынан алынды

Алғашқы көрсеткіш 2014 жылдың қаңтар айында 183.181 болатын. Оның 89.398 – сыйымдылығы 2 литрден аспайтын және 15 – сыйымдылығы  2 литрден асатын бөтелкелер, флакондар және тағы басқа ыдыстар. Соңғы көрсеткіш 2023 жылдың желтоқсан айында 162.323 болды. Бірақ бөтелке қалдықтары жайлы ақпарат ұсынылмаған. Бөтелке жайлы ақпарат 2018 жылдан бастап енгізілмеген. Статистикадағы сандардың өлшем бірлігі көрсетілмеген.

Статистика Taldau.stat.gov.kz сайтынан алынды

Жоғарыда әр жылда іріктеліп алынатын пластмассаның қалдықтар саны ұсынылған. Алғашқы көрсеткіш 2017 жылы 80.830 тонна болса, соңғы көрсеткіш 2022 жылы 148.501 тонна екен. 2023 жылдың көрсеткіші әзірге ұсынылмаған. Статистиканың төлқұжатына сүйенер болсақ: деректерді өңдеу әдісі агрегатталған, тарихы 2012 жылдан бастау алады.
« Қазір бізде қалдықты қайта өңдеу мәселесі жақсы дамуда. Бірақ пластик қайта өңделетін және өңделмейтін болып бөлінеді және бұдан тағы бір мәселе туындайды — шикізаттың жетіспеуі. Қоқыс сұрыпталмағандықтан шикізат жетіспеушілігі болады»,- деп Эльнара recycle.birge инстаграмм парақшасындағы видеоны мысалға келтірді.

Қазақстанда пластикті жинап, қайта өңдеуге жіберетін ұйымдар бар. Солардың бірі «sparklo» фандоматтары. Sparklo фандоматтары Алматы, Астана; Ақтөбе, Қарағанды және Өскемен қалаларында орналасқан.

Сурет автордікі

Фандомат пластик және алюминий бөтелкелерін жинап, оны қайта өңдеуге жібереді. Енгізілген бөтелкелер үшін ұпайлар береді.

«Біз бөтелкелерді жинап, қайта өңдейтін зауытқа жібереміз. Қазақстанда 15 қайта өңдейтін зауыт бар. Зауытта бөтелкелер сұрыпталады, түстерге бөлінеді. Қақпағын ашып, қағазын алып тастағаннан кейін бөтелкелерді кесіп, жууға жібереді. Бірінші суық сумен жуылады және екі мәрте ыстық сумен жуылады. Сосын оны өте кішкентай бөліктерге бөліп, ерітуге жібереді. Ерітілгеннен кейін оны жіңішке жіп қылып созады. Бұдан шыққан нәрсе синтипон деп аталады, яғни толтырғыш полиэстер. Оны жастық, көрпе, жұмсақ жиҺаз, бір реттік бетперде және ойыншықтарды толтыру үшін қолданады. Негізі синтипон қолданылатын заттар тізімі үлкен. Одан бөлек, басқа да заттарды өңдейтін зауыттар бар»,- дейді Әділет Нурсила, sparklo ұйымының директоры.

Фандоматқа пластик және алюминийден жасалған, сыйымдылығы 2литрге дейінгі бөтелкені енгізесіз және телефон нөміріңізді тересіз. Әр бөтелке үшін 10 ұпай аласыз. Ұпайларыңызды жарату үшін телефоныңызға «sparklo» қосымшасын жүктеп алуыңыз қажет. Жиналған ұпайларыңызды түрлі жеңілдіктер мен мүмкіндіктерге жұмсай аласыз. Мысалы, 100 ұпайды магнумның 5% жеңілдігіне ауыстыра аласыз.

Пластик біздің өмірімізге терең сіңіп кеткен. Қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін пластик өнімдерін дұрыс таңдауымыз қажет. Пластикті өмірімізден жойып жібере алмасақ та, оны қайта өңдеуге өткізіп, жаңа өмір сыйлай аламыз.

 Абаева Ақбота

SDU журналистика мектебі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар