//

Махаббат, тізгін және Отан

1594 рет қаралды
2

Нұртай Нұрсапаұлы алдыңғы күні 60-қа толған. Кіндік қаны Алтайдың сонау өрінде, Ертіс бойында тамғанымен, ес біліп, ел таныған жері Ілеге құятын Үш бурылдың бір қайнары – Қастың басы болатын.

Өрге тартқан, өнер-білімге талпынған сары бала есейген шақта Қас басынан ары асып Еренқабырғаның Жоңғар бетіндегі Майтауға мұнайшының оқуына түседі. Одан бұрғышы болып шығады. Ал мұнайлы өлке Алтай мен Іленің ортасындағы ара ағайын аймақ – Тарбағатайдың шығыс бөлігі болатын. Сөйтіп бойлы, сойлы, сары баланың жас шағы үш аймаққа да теңдей телінді.

МАХАББАТ

Қарамайлы мұнайлы алқабының Жайранбұлағында жұмыс бастаған жас қазақ бұрғы станогының ротрына шығатын. Ротыр текшесінде тұрып, ұңғылау тұтқасын қос қолдап басып, алмас долатаны жер қойнауына мың метріне баяу бойлататын.
Ол жақтағы қазақтарда өзге ұлт арасында өз қандасын көрсе қатарына тартып, қамқор болып жүретіні бар. Бұрғы бригадасының техникалық бөлімінде қаршығадай қараторы қазақ қызы жүр. Қимылы да қарлығаштай жылдам, көзі отты, рухы мығым қыз еді. Нұртай қызбен танысқанда білді. Сәуле деген қыз. “Сәуле” десе сәуле. Аялы көздерінен нұр-шуақ көресің. Оның да кіндік қаны тамған жері сонау Алтайдың өріндегі Көктоғай екен. Бір жерде туғаннан ба, әлде ақындар айтатын тылсым бір күш пе жігіт көңілі Алтай қызына ауады да тұрады.
Сары бала тәртіпті болатын. Бірақ тым жасық та емес еді. Елгезек, батыл әрі пысықтығы бар. Бір жағы бұрғылау саласының шебері бола жүріп бағанағы қарлығаштай қызға көңілін білдіріп, айналдыра берді. Қыз да өжет. Жалтарып, жасқанбайды. Сыр жасырмайды, шынын айтады. «Біздің елдің адамдары Ерен таудың ар жағына қыз ұзата қоймаушы еді. Ондай жағдайға жат ниеттілер қолымен жасалып, өсек-аяңмен өрілген тарихи себептері де бар көрінеді. Бізге ата-анам көнбейді-ау. Әуре болмай-ақ қояр ма екенсің», – деп сары балаға сөз ұстатпай жүрген.
Бұлай да сәті келеді. Бір күндері Сәуле соқырішектен отаға түскен. Мұнай мекемесі болса ота жасатқан жұмысшысын “дем алып, күтініп кел” деп, сонау Ертістің басындағы Көктоғайға — ауылына күтуші қосып аттандырған. Сәулесін күнде көріп әбден бауыр басқан, сары бала Сәулесіз жүре алмады. Үш-төрт күндеп, үстемеле вахтаға шығып, демалысын бір-біріне қосып топтап алды. Сөйтті де онсыз да оншақты күнде қайтып келетін қыздың көңілін сұрап қайтпаққа, қыстың көзі қырауда “Алтай қайдасың?” деп тартып отырады.

Көктоғайға, одан өтіп Теректіге барса, Сәулесінің ауылы ар жағында тағы да 20-30 шақырымдық жер екен. Ол заманда Алтайда көлік те, жол да жоқ. Алтайдың қысы анау-мынау кісіге асу бермейтін заман. “Пәленшенің ауылы қайда?” десе, “Анау таудың астында” деп иек астымен көрсететін қазақтың баласы емес пе, аудан орталығынан Сәуленің жездесін тауып, жөн-жәйін айтып еді. Болашақ бажа да есті жігіт екен. Уазик машина тауып, тау қойнауындағы ауылға алып ұшты.

Нұрсапа әке, Бәтима ана

Сөйтіп сары балаңыз алыстағы ауылға салаңдап жетіп келеді. Сөйтсе Сәулесінің үйі толған қонақ. Соғымбасы ма екен, әлде қандай бір себеппен үй толы кісі екен. Сергек, еңселі сары жігіт есіктен кіріп келіп, дауысын созып, «Ассалаумағалейкум» дейді ғой. Төрде отырған Алтайдың алқа билеріндей болған азаматтар, ағалар, аталар сәлемді созыңқырап алып, биік бойлы бейтаныс ақ-сары жігітке аңтарыла қарайды.

Осы сәтте төрдің төбесінде отырған тұлғалы, маңызды кісі, – “Сен бала ты пай юан Нұрсапаның ұлы емессің бе?” дейді. Ойда жоқ жерден “әкесін көре қалған” кісіге тап болған жігіт рухтанып, бойын тіктеп алады.
– Иә, ағасы, мен Нұрсапаның ұлымын, атым Нұртай. Мынау сіздердің қыздарыңызбен бір жерде жұмыс істейтін едік, ауырып қалған соң әдейілеп, сонау Қарамайдан көңілін сұрағалы келіп едім,—дейді. Жігіттің жүрісінен жүрегінің дыбысын еститін сақ ата-ана тіксініңкіреп қалады. Ал, жаңағы аңғарлы ақсақал әңгіме ауанын артаманға бұрып, жігіттің жолын аша сөз жалғайды.
– Әй, қалқа Нұрсапаның баласы болсаң бермен кел! Бұл дастарханда әкеңнің орны бар. Нұрсапа сонау Іледегі Қызайдан Алтайға ты пай юан боп, ерекше сақшы боп келіп еді. Ол кезде Алтайдың көтеріліске қатысқан азаматтарын шетінен қырып ұстап, қамап, қинап жатқан қиын заман болған. Сонда соларды қамаған түрмеге жауапты ты пай юан Нұрсапа, қазақ десе жаны-жүрегі елжіреп тұратын жылы жүзді Нұрсапа өзінің қызметіне қарама-қарсы жұмыс істеп, күллі азаматтарға жақсылығын өткізіп еді. Қазақтық қанын білдіріп, тіпті, фуражкасының астына құрт, май салып жұрттан жасырып түрмедегі азаматтарға таратып жүретінін жұрт жырдай ғып айтатын. Әкең Алтайға аңыз болған, балам. Жұрт Нұрсапаның тілеуін тілейтін. Нұрсапаның өзін бұл дүниеден қайтты деп естідім, иманды болсын. Әкеңнің ізі қалған, әкеңнің ізгі ісі қалған, әкеңнің биік мәртебесін ардақтайтын елге келіпсің. Жолың болсын, жігітім!” дейді. Сөйтсе, әлгі кісі Сәуленің аталарымен бір туысатын Ортай деген осы елге сыйлы кісі екен.

Манатбай әке және Махпиза ана қызына келгенде

Көкірегі ояу, көңілі көл дария Ортай аға жалғыз атты жігіттің жолын аша, ақтарыла сөйлеп еді. Мұндай уақытта жасыңқырап, жалғыз өзі «өр керейдің» ортасына тап болған Нұртай дүр сілкінгендей еді. Бір сәтке кеңсірігі де ашып, иегі дірілдеп, көз жасын төгіп алуға шақ қалады. Әкесін де бек сағынып тұрды.
Дегенмен, намыс керек. Ер азаматқа босауға болмайтын жер. Нұртай да тез жиналып, жауап қатты: “Әкесін көре қалған өлмесін” деген сөздің мәнісін терең түсініп тұрмын, Рахмет, әкей. Иә, әкеміз осы жақта жұмыс істепті. Мен де осы жерде туған екем. Бірақ, ап-сап басылып, заман тынышталған соң әкеміз туған еліне қайтыпты. Ес білген жерім Нылқы деген жер, Іленің қызайларымыз ғой” деп тоқтады. Соңыра барып, өзінің де әкесіне ұқсап төгіліп сөйлеп тұрғанын сезді.
Әңгіме сонымен тәмам. Ауылдағы шағын қоржын тамға қонуға сылтау жоқ. Келген көліктің де шопыры қылқылдай бастаған. Нұртай үй толы қонақпен қоштасып, сыртқа беттейді. Қара сеңсең тонды желбегей жамылып, бүйірін басып ілесе шыққан Сәуленің екі көзі бадырайып, жүзін ұят жандырып тұр. “Сен қайдан келдің? Мұнда не ғып…”
– Сенің көңіліңді сұрайын деп келдім.
– Ойпырай, жүректі екенсің, батыр екенсің.

ТІЗГІН ҰСТАУ

Жастар кеткен соң отырған жұрттың бәрі бір-біріне қарасып, бұл жігіттің бекер келмегенін ыммен түсініп, көзбен ұғысады. Иманды болғыр, иман жүзді Нұрсапаны еске алысып, ізгі әңгіме етіп оның ұлына тілеулес көңілде тарайды.

Қонақ кетіп, оңаша қалғанда анасы қызына келіп, “Балам, мұнша ит арқасы қиянға біреу көңіл сұрап келмейді. Мына жігіт сенің қалағаның ба еді? Реніш жоқ, қызым, айта бер. Егер қалаған жігітің болса, сенің соңыңда жүрген азамат болса, шыныңды айт,— дейді.

Ата-анадан щалғай кетіп, алыс қалада қызмет ететін қыз ғой. Өз анасынан сыр жасырған жоқ.
— Сөз айтып жүргені рас. Бірақ Бәрібір билігім сіздерде,—деп байырғы қазақ қыздарының ұстанымында екенін айтып сөзін тәмамдады.
Сонау Го Миндаң заманында-ақ аудан әкімінің қызы болып, көпті көріп өскен текті ана, есті ана, ақылды ана Отағасына келіп:

— Сонша жерден біздің қызымыз деп келіпті. Шын ғашықтар екен. Әкесі Нұрсапа елге сыйлы, текті азамат еді, ірі жігіт еді. Мына баланы да осынша жерге келгеніне қарап, жігерлі жігіт екен деп түсініп отырмын. Егер ауданнан кетіп қалмаса, сол баланы барып, қайтып алып келесің-ау” дейді.
Аңғарлы әке, ағаш дөңгелекті арбаға қос ат жегіп, “Бәйбіше сен де жүр. Базардан керек-жарағыңды аларсың. Ол бала да бір-екі күн қонақ болып, демалып кетсін!” деген.
Шағын ғана аудан орталығынан Нұртай да тез табылады.
– Әй, балам, кеше сен шай ішіп қана аттандың. Алыстан келіпсің. Сәулемізбен бірге жұмыс істейді екенсің. Үйге барып, дұрыстап қонақ болып кет!” дейді Нұртайға Манатбай әке.
Мұндай ұсынысқа шексіз қуанған Нұртай не деп жауап бергені есінде жоқ. Атарбаға қарғып шығыпты.
— Әкей! “тізгінді маған беріңіз, арбаны мен айдайын” дейді ғой сабазың.
Жігіттің мына сөзінен сәл ойланып қалған Манатбай әке ширатылған алты құлаш шылбыр тізгінді Нұртайға беріп жатып, өзі кейін ысырылады.
Әкенің ойлы жүзі, жүйрік көңілі алыс кеткен. Нұртайға арбаның тізгінін беріп тұрған сәтте ол – осынау жас ұрпаққа — келесі ұрпаққа махаббаттың тігінін, өмірдің тізгінін, заманның тізгінін де қоса ұстатқандай еді. Келешектің тізгінін бергендей еді.
Ұрпақ жалғастығы ғой. Нұртай мен Сәуле де сол күннен бастап уақыт тізгінін қос қолдап мықты ұстап, өмірдің арбасын, махаббаттың арбасын тасқа соқтырмай, жолдан шығармай, асуда тоқтатпай сәт сайын алға жылжытып отырды. Ата-ананың ыстық ықыласымен көтерген отауын бұл күнде үлкен ордаға айналдырып, өмір жолының биік-биік кезеңдерінен бірге асып келеді. Қол ұстасып, күштерін қосып, уақыт арбасын екеулеп, тынбай тартып келеді.
Сол уақытты аңғарлы әке Нұртайдың азамат басын сыйлайды. Әке үшін қашанда бүлдіршін Сәулешіне -– алтын қызына рұқсатын беріп, екі жастың тойын өзі жасап, ғұмырларына бақыт тілеген.

АЗАМАТ МҰРАТЫ — АЗАТ ОТАН

Арада он шақты жыл өткенде Нұртайдың Қарамайдағы қызметі өсіп-өркендеді. Ұйымдастырғыш қабылетімен, жігерлілігімен, инженерлігімен, геологтігімен, жер қыртысын барлаушылығыменен қатарынан озды. Салмақты болмысымен, жан-жақты білімімен, өнерімен өз ортасына танылды. Мемлекет деңгейіндегі мықты менеджер санатына қосылады.
Сөйтіп күндердің күнінде транс ұлттық деңгейдегі инвест жобамен – мұнай барлаушы Қытай делегациясы құрамында Қазақстанға Ақтөбеге келген. Шіркін-ау десеңші, бір жерге бір жер осынша ұқсайды екен. Боз қарағаны топ-топ болып, жусаны шайқалып жататын, дөң-дөңес, бел-белестеіне сағым шөккен мынау дала Жәркен ақын туған Жәйірдің шығысындағы Қарамайдың қара даласынан аумайды. Қара адырлы қыраттар да бұрыннан таныс сыяқты. Туып өскен өз мекенін сезім береді. Транс ұлттық компания бір аз уақытта барлау, бұрғылау жұмыстарын аяқтап қайтқанда “тәртіпті” Нұртай сыр бермей Қарамайына қайтып оралған.


Бірақ бұл жолы жүгін буып, жиналуға келіп еді. Сонау жылдары Алтайда Манатбай әке ұстатқан таңдау тізгінін тағы бір сілкіп қалып, екі ұлын екі қолтығына қысып, келіншегін жетелеп, “қош, Қарамай” деп жолға шығады. Бұған дейін жеткен деңгей, жасаған ортасын адыра қалдырып, Қазақстанға тартып отырады.

ТАБЫСТЫ ЕҢБЕК және ТАРТУ

Нұртай Нұрсапаұлы отанына жәй ғана келе салған жоқ. Ол еңбек етті. Көмір-сутегі саласына көлемді инвестиция салды. Азаматтарға жұмыс берді. Тәуелсіз Ел қазынасына миллиардтап салық құйды.
“Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі” деуші ме едік?
Әкесі Нұрсапа болса Торға түскен арыстандай күй кешкен Алтай жігіттеріне жасырып ас-азық тасыған. Ол — жанын шүберекке түйіп, жаңағы азаматтарға жанашыр ниетімен сүйеу болған жігіт. Ал енді оның ұлы Нұртай да жақсылық жасауға жаны құмар жігіт. Ол отандық мәдениеттің қамқоршысы. Ол — қазақ өнері мен әдебиетін жан жүрегімен қолдайтын меценаттар қатарында.


Кешеде Манатбай әке бата берген ақ отауы бүгінде ақ ордаға айналды.
Айтпақшы, бағанағы қаршығадай қағылез, қарлығаштай жылдам, еліктей елпек ботагөз Сәулесі Нұртай мырзаның жан сәулесіне, жүрек лүпіліне айналған. Ұрпағы өскен, өрбіген, шаңырағы биіктеген. Қос қанаты Тасқын мен Нұресіл ол да әкесіне тартқан еңбекқор жігіттер. Ал келіндері Айымгүл мен Жанна ақеділ енеге адал серік болған.
Ақжарқын ата мен асыл әжеге айналған Нұртай мен Сәуле құлдыраңдаған құлыншақ немерелерін құшырлана иіскейді. Олар Тәуелсіз Қазақ Елінің әр таңына тамсана сүйініп, Ұлтын сүюдің, Отанына еңбек етудің үлгісін жасап келе жатқан жандар.
Біз бұл жазбамызда Азат Отанға қайдан, кімдер келгенін артаманнан бастап айтпақшы едік. Айтқан сыяқтымыз.
Тәуелсіз Елдің тізгіні Ұлт қолында мәңгі болсын! Бақыт жүгін толтырған арбаларың алысқа барсын. Аяулы дос, Нұртай, Сәуле!

Туған күн қарсаңындағы толғаныспен бөліскен
Алмас ақын.
07 Мамыр 2024, Алматы

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Елге жеткен, еңбек еткен азаматтарға алғыс!,

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар