31 мамыр – тарихи қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай 30.05.2024ж. күні Алматы облысының “Жаңалық” ауылындағы “Саяси қуғын-сүргін құрбандары ” музейінде дәстүрлі V ғылыми-тәжірибелік “Шерлі тарих: ХХ ғасырдың 1 жартысындағы қуғын-сүргін сабақтары” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Өзбекстан, Қырғызстаннан және еліміздің белгілі ғалымдармен, журналистермен, қоғам қайраткерлері қатысты. Ауқымды әрі аса тағылымды баяндамалар тыңдалып, пікір алысты31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні ғана емес, ол – боздақтардың ел үшін еткен еңбектерінің, өмір деректерінің белгісіз тұстарын айқындап, тауып, зерттеп, жинақтап, тасқа басып қалың көпшілікке таныстыру болса керек-ті.
Осы тарапта «Арыс» қорының (баспасы) атқарған шаруасы аса ауқымды. Конференция аясында «Арыс» баспасынан (конференцияның негізгі ұйымдастырушысы әрі “Арыс” баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла ӘНЕС) жарық көрген бірнеше жаңа кітап таныстырылып, тұсауы кесілді. Мұнда:
«Шерлі шежіре» сериясымен жарық көрген 7 томдық «Айқап» журналының (1911–1915) алғашқы екі кітабы және «Сарыарқа» газеті (1917–1919);
«Мұстафа Шоқай әлемі» сериясымен – саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір құрастырған екі кітап;
Түркістандық ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың (1880–1938) төл шығармалары мен ол туралы зерттеулер, естеліктер және архивтік құжаттар топтастырылған екі томдық (Филология ғылымының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбай құрастырған) ;
«Бөкей ордасының зиялылары: Бекмұхамедовтер әулеті» (авторы Елтай Танашев).
Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Ш.Нағымұлының «Атырау өңірінде 1921–1922 жылдары болған ашаршылық, 1928 жылы басталған ірі байларды тәркілеу шаралары» атты еңбегі;
Жазушы Амантұр Мұсаның «Тағылым» атты кітабы;
Сондай-ақ конференцияға қатысушылар осы Жаңалық ауылынан табылған 50 боздақтың мүрдесінің зерттеуден соң қайта жерлеу рәсіміне қатысты. «Алаш арыстары» мешітінде аруақтардың рухына құран бағышталып, ас берілді.
Қарамер