///

Астана қаласындағы мектеп тапшылығы: Әрбір он баланың біреуіне орын жетпейді

5252 рет қаралды
Астана қаласының №60-мектеп-лицейінің суреті. Дереккөз: Zakon.kz

Астана қаласында шамамен 27 мың оқушыға мектепте орын жетпейді. Мектеп тапшылығын тартқан Есілдің оң және сол жағалауындағы тұрғындар бірнеше жыл бұрын түрлі азаматтық қозғалыс құрып, биліктен мектеп салып беруді талап етті. Мектеп тапшылығы мәселесі неден туындады? Жергілікті атқарушы органның бұл мәселені шешудегі талпынысы қаншалықты нәтижелі болды?

“ҚЫЗЫМДЫ АҚЫЛЫ САБАҚҚА ЖІБЕРУГЕ МӘЖБҮРМІН”

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитарлық нормаға сәйкес, бір сыныпта оқушылар саны 25 баладан аспауға тиіс. Алайда астаналық Ирина Седыхтың қызының сыныбында 32 бала білім алады. Бұл – Седыхтың қызы оқитын Сарыарқа ауданындағы №60 мектеп-лицейіндегі ғана жағдай емес. Толып кеткен сыныптар – Астана үшін қалыпты нәрсеге айналған. Отыздан астам оқушы оқитын сыныпта мұғалім әр балаға көңіл бөле алмайды, Седых сол себепті 3-сынып оқитын қызын ақылы сабақтарға жіберуге мәжбүр.

“Сыныптары 32 балаға арналмаған, тар. Тіпті мектептерінде желдеткіш жүйесі де жоқ, – дейді Ирина Седых. – Жыл басында қызым 35 оқушы болып оқуын бастағанымен, кейін 32-ге азайды. Алайда 3 балаға азайғаннан сынып мәселесі әлі шешілген жоқ”.

Ирина Седых қызының сапалы білім алуы үшін тәртіп бойынша бір сыныпта 25 оқушы болғанын қалайды. Оның ойынша, сыныптағы баланың көптігі ортаның жалпы жағдайына әсер етеді:

 Бала неғұрлым кішкентай болса, соғұрлым өте эмоционалды және бір-біріне кедергі келтіруі мүмкін. Соның кесірінен, сыныптағы қарапайым қозғалыс, коммуникация қиындап, мұғалім барлығын бақылап үлгере алмай қалады.

Астана қаласында мектеп тапшылығы мәселесі кеше-бүгін пайда болған жоқ. Пандемияға дейін, 2019 жылы Астанадағы 11 мектеп 2,5 есеге, ал 33 мектеп екі есе толып кеткен. Есілдің сол жағалауындағы №59 лицейде оқитын оқушылар саны 342 пайызға, №75 мектеп 312 пайызға, №83 мектеп 296 пайызға артып кетті. Мектеп төңірегінде бос тұрған аумақтарды әкімдік тұрғын үйлерді салуға берді.

Бос тұрған жер телімдерінің мектеп не балабақша құрылысына емес, тұрғын үй салуға берілгеніне наразы тұрғындар азаматтық қозғалыстарға бірігіп, мектеп салуды талап ете бастады. Бұл азаматтық қозғалыстар мектеп тапшылығына ең алдымен әкімдіктің бос тұрған жерлерді тұрғын үйлер құрылысына беріп, мектеп салмауы себеп деп түйді. Мәселен, №59 мектеп лицейі төңірегіндегі “Инфинити” тұрғын үй кешенінің тұрғындары төңіректегі жалғыз жер аумағының BI құрылыс компаниясының “Поколение” деп аталатын 24 қабатқа жететін 18 тұрғын үй кешеніне беруге қарсы шығып, сол уақыттағы қала әкімі Алтай Көлгіновтен ол жерге мектеп салуды талап етті. Тұрғындардың күресі нәтижесінде құрылыс компаниясы тұрғын үй кешені жанынан мектеп салуға уәде берді. Бірақ 900 орындық мектеп пайдалануға берілген күннің өзінде бұл аудандағы мектеп тапшылығы мәселесін шешпейді.

Бұл жылдары бос аумақта тұрғын үй салу тек Есіл ауданына ғана емес, тұтас Астанаға тән картина. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. 2020, 2021 және 2022 жылдары Астана пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы жөнінен республика бойынша бірінші орында.

Жоғарыдағы  диаграммада үш жылда тұрғын үй құрылысына бөлінген аумақ (m2) берілген. 2020-2022 жылдар аралығындағы статистикаға көз жіберсек, диаграммада 2021 жыл ерекше көзге түседі. Яғни, басқа жылдарға қарағанда 2021 жылы  мемлекет тұрғын-үй салуға ең көп аумақ (3 2110834 м2) бөлген.

“АСТАНАДА ДА АЛМАТЫДАҒЫ ПРОБЛЕМАҒА ЖОЛЫҚТЫҚ”

Индира Жахып Алматы қаласынан Астанаға 2021 жылы жолдасының жұмыс бабы бойынша  көшіп келген. Екі ұлы бар отбасы  Есіл ауданында тұрады. Ұлдарының екеуі де мектеп жасындағы балалар. Алматыда көп бала оқитын сыныптан құтылдық деп жүргенде Астанада да тура осы мәселе алдынан шыққан. 

– Кіші баламды тұрғылықты мекен-жай бойынша №96 мектеп-гимназиясы сәйкес келетіндіктен, амал жоқ, бердім. Бірақ бұл жақта да сыныптағы балалар саны асып кеткен болып шықты. Шынымды айтсам, бұндай проблеманы Астана қаласынан күтпеп едім.

2016 жылдан бастап Астанаға жыл сайын келетіндер көбейіп, кететіндер азайған. Төмендегі бейнеден ішкі миграция сальдосы жыл сайын өсіп бара жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2020 жылы Астанадағы ішкі миграция сальдосы 31 906 болса, 2022 жылы 33 798-ге жетіп, айтарлықтай өскен.

Онымен қоса, халықтың табиғи өсімі жыл сайын артып келеді. Айталық, 2012 жылғы табиғи өсім 15,958 болып, 2016 жылы 23,794-ке қарқынды өсіп отырған. 2018 жылы халықтың табиғи өсімі ең жоғарғы 25,008 көрсеткішке жетті. 2020 жылы динамика әжептәуір төмендеп, 23,390 адам болған. Соңғы жылдары астанадағы халықтың табиғи өсімі қайта көтерілген. Ал, қазірдің өзінде 27,000 балаға мектепте орын жетпейді.

Индираның айтуынша, үлкен ұлы сол ауданда орналасқан жеке әрі тегін Binom school-дың тізіміне еніп, оқуын бастап кеткен. Бірақ кіші ұлына сол мектептен орын жетіспей, мөлтекауданға қарасты №96 мектеп-гимназиясында білімін 3 ай көлемінде жалғастырады. 

Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназиясының фотосуреті.
Дереккөз: Астана қаласының баспасөз қызметі

Мемлекеттік мектептен көңілі қалған Индира  Binom School мектебінде қосымша орын ашылғаннан кейін, баласын жекеменшік тегін мектепке ауыстырып алды. 

– Билік салған мектептің аты мемлекеттік болғанымен, бізге менталды және материалды тұрғыдан шығыны көп. Сондықтан, бірінші мүмкіндік туа сала, баламды Binom School-ге ауыстырдым. Сыныптарында бала 25-тен аспайды. Ол жақта бала көп деп, біліміне алаңдап басымды ауыртпаймын. 

Қазақстандағы құрылыс нормалары туралы құжатқа сәйкес, жалпы білім беру мектептеріндегі орын саны жергілікті демографиялық ахуал, ауданның алдағы уақытта кеңею жоспарын негізге ала отырып айқындалуы тиіс. Бұл ретте ауданда қазір тұрып жатқан халық саны ғана емес, алдағы уақытта тұруы мүмкін халық саны да есепке алынуы керек. 

Құқық қорғаушы, “Инфинити” тұрғын үй кешенінің жанында кезекті тұрғын үй салынып жатқан тұста мектеп салуды талап еткен бастамашыл топтың мүшесі, урбанист Олжас Біләл қалада енді мектеп салатын жер жоқ дейді. 

Салына қалса, қаланың сыртына салынады. Ол жаққа балаларды тасудың өзі проблема. Басшылық осынша мектеп саламыз дейді, бірақ бұл мәселені шешпейді. Қаланың сыртына 2 сағат жүру — проблеманың шешімі емес, – дейді Біләл. Осыған дейін Астана қаласының әкімдігі қалада 35 мектеп салынады деп хабарлады.

СЫНЫПТА БАЛА КӨП, БАЛАМ СОҢҒЫ ПАРТАДА ОТЫРҒАННАН, САБАҚҚА ДЕГЕН ЫНТАСЫ ЖОҒАЛАДЫ

Алматы ауданының тұрғыны Жадыра Қаладиннің ұлы мен қызы №37 мектеп-лицейінде оқиды. Екі баласы да оқу озаты, сабақ үлгерімі жақсы деңгейде. Алайда, Жадыраны мектептің үш ауысымды және балаларының сыныбында 30-дан жоғары оқушының болғандығы алаңдатады.

– Балаларым шүкір, жақсы оқиды. Олимпиадалардан орын алып, бізді қуантып отырады. Алайда ұлымның соңғы партада отырғанынан кейде  сабаққа ынтасы азаяды. Сабаққа зейін қоюдың орнына, басқа нәрселерге көңілі ауып кетеді. Меніңше, оның барлығы сыныпта баланың көп болуынан деп ойлаймын. Мүмкін, сыныпта аз оқушы болғанда, бүкіл бала қамтылып, назарға алынар ма еді. 

Жадыраның балалары оқитын 37-мектеп-лицей қала мектептері бойынша жасалған төмендегі антирейтингте екінші орында тұр. Әуелде 1791 балаға арнап салынған екі ауысымды мектепте қазір 4593 бала оқиды. Онда оқитын бала саны сыйымдылығынан екі жарым есе көп.

Жадыра бұл мәселеге мұғалімнің физикалық түрде күші жетпейтіндігін, сондықтан, кейбір балалар қараусыз қалатындығын айта кетті. Оның ойынша, мұғалімді бұл жерде жазғыру негізсіз, ал бұл мәселені мемлекет шешу керек деген ойда. Өйткені, сыныптағы бала азайған сайын, мұғалімнің балаға уақыты көбейе түседі деп ойлайды.

Жадыраның баласы оқитын 37-мектеп-лицей орналасқан Алматы ауданының түгел дерлік мектептері толып кеткен. 

PISA РЕЙТИНГІСІНДЕ ЖОҒАРЫ ТҰРҒАН МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ БӘРІНДЕ МЕКТЕП – БІР АУЫСЫМДЫ

Қоғам белсендісі, Qazbilim  ұлттық мектептерінің директоры Аятжан Ахметжан сыныптағы бала санына байланысты негізгі стандарттарды сақтау керек дейді. “Әлемдегі ең тиімді стандарт – он сегіз баладан аспауы тиіс.  Біздің мемлекетте қалалық жерде бір сыныпта 24, ауылдық жерде 20  деп белгіленген. Білім сапасы дұрыс болуы үшін сол стандарт дұрыс деп ойлаймын. Мектеп ғимаратын салған кезде де сол стандарттың негізінде салады. 35-40 балаға ешқашан кабинет жасақталмайды”-деді Аятжан Ахметжан. 

Оның сөзінше, стандарт бойынша әр балаға кабинетте 2,5 метр квадрат жер арналуы керек. Бұл – халықаралық нормада баланың денсаулығына арнап бекітілген дүние. 2,5 метр квадрат жер болмаса, баланың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін, мысалы, ауа жетіспеуі мүмкін. Екіншіден, мұғалім сабаққа мемлекеттік бағдарлама жасаған кезде осы тақырыпты 40 минутта меңгертуі керек деп стандарт бекітіледі. Ал енді мұғалімнің 40 минутында стандарт бойынша кемінде 50 пайыз оқушы кері байланыс жасауы керек. Сонда жиырма төрттен он екі оқушы, отыз бестен он жеті оқушы… Оған мұғалімнің мүмкіндігі жете ме? Жетпейді. 

Өзінің тәжірибесіне сүйенген мұғалім мынандай мысал келтірді: сыныптағы оқушы көп болған сайын сыныпты ұстау және оны тәртіпке шақыру қиын болады да, оған бүкіл уақытын сарп етеді. Жиырма төрт оқушыны ұйымдастыру үшін 2 минут уақыт кететін болса, 35 оқушыны ұйымдастыру үшін 3-4 минут уақыт кетуі мүмкін. 

Жыл сайын Астанада мектеп тапшылығы артқанмен, сол аралықта салынатын  мектеп саны көбеймей тұр. Мәселен, 2017 жылы 2,500 балаға арнап 2 мектеп салынса, 2021 жылы 5340 балаға арнап алты мектеп салынды. Астанада қазір жалпы білім беретін мектептердің саны 174, онда оқитындардың саны – 261 128 .Ал 26 840 бала мектеп тапшылығын көріп отыр. Қорытындылай келе, Астанада он баланың біреуіне орын жетпейді.

Астана қаласында  он баланың біреуіне орын жетпейді.

Қазіргі уақытта Астана қаласында әрбір 5 мектептің екеуінде бала саны толып кеткен.

Алдыңғы визуализациялардан Астанада қаласындағы халықтың ішкі миграция сальдосының өсуі байқалады. Соған сәйкес, қалаға көшіп келген 6-17 жас аралығындағы мектеп оқушылар саны да артқан. Мәселен, бұдан 2 жыл бұрын 3929 оқушы қоныс аударса, ал соңғы жылы 9457 оқушы көшіп келген. Бұл шамамен 4 есеге көп.

 

“Бұл елдегі білім беру жүйесінен қандай хабар береді” деген сауалға Ахметжанның берген жауабы осы болды: 

– Білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті емес екенін аңғартып тұр. Ең алдымен, PISA рейтингісінде жоғары тұрған мемлекеттердің бәрінде мектеп – бір ауысымды. Екі ауысымды, үш ауысымды мектепте ешқашан білім стандарты сақталмайды. Стандартты меңгеру – ең төменгі деңгей. Ең төменгі деңгей реттелмесе, онда – қиын. 

Оқушы қабілетін бағалайтын халықаралық PISA рейтингісінде Қазақстан оқу сауаттылығынан 61-орында, математикалық сауаттылық бойынша 46-орында, ғылыми-жаратылыстану біліктілігі бойынша 49-орында тұр. Ал рейтингтің көшін бастаған Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде үш ауысымды түгіл екі ауысымды мектептер жоқ. 

“Өңіралық теңсіздік ұлғайып келе жатыр”

Демограф Аяулым Сағынбаева өңіраралық теңсіздік ұлғайып келе жатыр деген ойда. Оның сөзінше, өңірлер құлдыраған сайын басқа аймақтарға көшу көбейеді. Сәйкесінше, Астанаға келушілердің саны арта түседі. 

“Соңғы сейсмикалық жағдайларға байланысты, азық-түлік бағасының, жалға алу құнының қымбаттауына байланысты жұрт Астанаға көшіп жатыр” – дейді демограф. 

Сарапшының пікірінше, мәселенің шешімі бар:

– Мәселенің екі шешімі бар: біріншісі, жекеменшік балабақша, мектептердің санын көбейтіп, үкімет кәсіпкерге жарты ақшасын төлеп беру; екіншісі, кез-келген құрылыс компаниясы белгілі мөлтекаудандарда үш-төрт тұрғын үй салса, мемлекет оларды бір мектеп, бір балабақша салуға міндеттеу. Ал бұл тәжірибе соңғы рет Кеңес Одағында қолданылған. 

Қорытындылай келе, Астанадағы мектептердегі орын тапшылығы мәселесі жергілікті әкімдіктің демографиялық ахуалды, аудандардың кеңею жоспары мен миграция ағынын еске алмауынан туындап тұр.  Яғни, жергілікті билік қазіргі және болашақ халық санын есепке алмағанымен қоймай, соңғы жылдарда тұрғын үй құрылысына көп аумақтар беру арқылы жағдайды ушықтырды. Ал мектеп тапшылығын шешу шарасы ұзақ уақытқа созылып, біраз жылдардан кейін ғана барып нормаға келуі мүмкін. Ал ол үшін Астана қаласының әкімдігі тұрғын-үй құрылысына арналған жерді ауданның алдағы уақытта кеңею жоспарына сәйкес беріп, болашақта тұруы мүмкін халық санын да есепке алып әрекет етуі тиіс.

Құралай Найзабай, Жарас Жайлыбай,
SDU, “Журналистика” мектебінің 4 курс студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар