Қазақстандық жаңалықтар легін соңғы күндері тағы да зорлық-зомбылық туралы хабар дүрліктірді. Осыдан дәл үш ай бұрын ҚР Президенті әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойған еді. Бұл деректер сол қуанышты су сепкендей басты. Жан түршіктірер тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайының біреуі Астанада болса, екіншісі мұнайлы астана Маңғыстауда болды. Бұл екі жағдайға ортақ белгілер бар, ол – ерінің әйеліне зорлық көрсетуі, бұл оқиғадан бейкүнә балалардың зардап шегуі.
Бірінші жағдай Қазақстанда тегі танымал Әйтеновтерге қатысты, атап айтсақ Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтенов өзінің бұрынғы әйелі мен балаларын өз үйінен мәжбүрлі түрде қуып шыққан. Бұл туралы 11 шілдеде Марат Әйтеновтың бұрынғы әйелі Дана Әтешова өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жариялаған. Сонымен қатар ол барлық мән-жайды баяндап бірнеше пост және күнделікті сториздар жариялап отырған. Осыған қарамастан Дана Әтешованың бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтың өзі жеке сот орындаушыларының, күзет агенттігі өкілдерінің және полиция қызметкерлерінің қатысуымен әйелді мәжбүрлеп, балаларымен бірге үйден шығарып жіберген. Бұл туралы да Дана Әтешова өз парақшасында бейнежазба жариялады. Бейнежазбада “Айтенов лично меня выселял. Выталкивал, бил, полиция смотрела. ЧСИ смотрел. Вся толпа мужиков смотрела” деген жазбасы бар. Видеодан көргендей, сол жерде тұрған адамдар кадр сыртында Марат Әйтенов деп атайтын ер адам Дана Әтешованы сүйреп, мәжбүрлеп сыртқа шығарып тастайды. Бұдан басқа да жарияланған бейнежазбаларда әйел адамдардың айқайы естіледі және мұрны қанап, жылаған балаларды сыртқа көтеріп шығарады.
Кейін атышулы Бишімбаев ісіндегі адвокаттардың бірі Дамир Ишмаметов өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Марат Әйтеновтың қамауға алынғаны және 15 шілде күні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73 бабының 1 бөлімі бойынша сот процесі өтетінін хабарлады. Адвокаттың айтуынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 108-1 бабының 1 бөлімі бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, Дамир Ишмаметов оқиға барысында болған полиция қызметкерлеріне қатысты да қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанынын атап өтті.
Дана Әтешова осыдан бұрын да бірнеше қайтара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәжбүрлеп шығару жайында және өзінің жағдайы туралы баяндап, үндеу жасаған, оның соңғы үндеуі 12 шілде күні жарияланған.
Марат Әйтенов 2006 жылдан бері қарай “Ұлттық инновациялар қоры” АҚ басқарушы директоры, басқарма мүшесі, “Қазына” ТДҚ” АҚ заң қызметі департаментінің директоры, басқарушы директоры, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ атқарушы директоры, заң департаментінің директоры, “Қазақстанның Даму Банкі” АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарушы директоры-басқарма мүшесі, “Астана” халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі” АҚ басқарма төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директоры лауазымында қызмет атқарған және құқықтық сүйемелдеу, қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директорының міндетін атқарған.
Екінші жағдайға келетін болсақ, Lada.kz өзінің Telegram каналында Маңғыстау облысының әлеуметтік желідегі чаттарында қансыраған әйел көрінетін бейнежазба жарияланып, таратылып жатқаны туралы хабарлаған.
Оқиға туралы кеңінен айтар болсақ, Маңғыстау ауылында күйеуінің қолынан жарақат алған әйел жүкті екені анықталған. Бұл туралы Lada.kz хабарлады. Зорлық-зомбылық көрген әйел адам 2000 жылы туылған. Оқиғадан кейін Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Сол уақытта кезекші хирург, травмотолог және реаниматолог қараған, барлық талдаулары алынған және жедел түрде операциялық блокқа жеткізілген. Алдын ала диагноз бойынша іш қабырғасында және сол жағындағы кеуде қуысында кесіліп, бөлінген жарақаттар анықталған. Әйел адамға: лапаротомия, сол жақтағы диафрагманы тігу, іш қабырғасын түгендеу, санация және дренаж жасау, сол жағынан Бюлау бойынша плевра қуысына дренаж жасау және бастапқы хирургиялық емдеу сияқты бірнеше операция жасалған.
Lada.kz ұсынған Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметіне сәйкес операциядан кейінгі диагноз денеге енген, диафрагма мен бауырды зақымдаған, кесіліп, бөлінген іш қабырғасының жарақаты деп қойылған. “Аяқ колында да көптеген кесіліп, бөлінген жарақаттар анықталған. Жүктіліктің 10 аптасы. Жағдайы – тұрақты ауыр. Жан сақтау жағдайында ем алуды жалғастырып жатыр”, – деп хабарлаған аурухананың баспасөз қызметі.
Ал, Маңғыстау облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты “Жұбайына пышақ салу дерегі бойынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кісі өлтіруге оқталу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленуші медициналық мекемеде, қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты тексеріс жүргізілуде. Тексеріс нәтижесіне қарай құқықтық баға берілетін болады. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді”, – деп хабарлады.
Жоғарыда атап өткен заң қабылданған кезде шын жүрегімізден қуанғанымыз рас, алайда заңды қабылдау бір бөлек, ол заңның іс жүзінде жұмыс жасауы, бұл бір бөлек мәселе. Бұл заңның қабылдануына қатысты да қоғамда түрлі ой-пікірлер мен талқы болды, тіпті “неге тек әйелдерді қорғайтын заң қабылданады”, “ерлер туралы заң қабылдайық” деген ұсыныстар да болғаны жалған емес. Алайда бүгінгі шындық сол, зорлық-зомбылықтың адам аяусыз түрлерін тек әйелдер ғана көріп жатыр.
Парақшамызға жазылыңыз