////

Париж олимпиадасы: Бұл жолы алтын бізге бұйыра ма?

1308 рет қаралды
Фото: ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті

Олимпиада бір жерде және бір уақытта әлем спортының барлық жарық жұлдыздарын көруге мүмкіндік береді. Төрткүл дүние көз тігетін төртжылдықтың басты спорт бәсекесін мыңдаған адам көреді. Сайдың тасындай іріктелген оң мыңнан астам спортшының арасынан кім ерекшеленеді? Кімге назар аудару керек? Әлем спортының астанасына айналатын Париж қаласында өнер көрсететін ең танымал және табысты спортшылар кімдер? Спортты сүйетін әр адам төменде көрсетілетін атлеттердің өнерін ерекше бағалары сөзсіз.

Елімізде футболдан кейінгі халық сүйіп қарайтын спорт түрі – баскетбол. Сол себепті Париж олимпиадасының жарық жұлдыздарының қатарын Леброн Джеймс бастап тұр.

Жеңіл және ауыр форвард позициясында ойнайтын американдық баскетболшы – «Лос-Анджелес Лейкерс» командасының ойыншысы. Ол – тарихтағы ең мықты баскетболшылардың бірі. Әлемдегі ең жоғары жалақы алатын спортшылардың қатарында. NBA-ның төрт дүркін чемпионы, NBA финалының төрт дүркін MVP титулының иегері, NBA-ның төрт дүркін тұрақты маусымының MVP титулының иегері, 2007-2008 тұрақты чемпионатының ең көп ұпай жинаған ойыншысы. 13 мәрте NBA-ның барлық жұлдыздарының бірінші командасына енген. Екіншісіне екі рет, үшіншісіне бір рет кірді. Ол барлық қорғаныс жұлдыздарының командасына бес рет кірді. 20 рет жұлдыздар ойынына қатысты. Бұл – рекорд. Сол матчтарда ол үш мәрте ең құнды ойыншы деп танылды. NBA-ның тұрақты маусымы мен плей-офф тарихындағы ең үздік мерген. NBA тарихында өткізілген матчтар, тосқауылдар және үшұпайлық соққылар бойынша үздік 5 көшбасшының қатарына кіреді. NBA-ның барлық баскетболшыларының арасында іріктеу бойынша көш бастап тұр. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Америка чемпионы.

Көптің көңілін өзіне аударатын тағы бір атлет кім десе, біраз адам сербиялық теннисшіні есіне алады. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сындағы кәсіби рейтингтердің бірінші қатарында 400 аптадан астам уақыт тұрған Новак Джокович та Парижді бағындырсам деген ойда. Теннис маусымын 8 мәрте әлемнің  алғашқы ракеткасы мәртебесінде аяқтаған рекордшы. 24 рет «Үлкен Дулыға» турнирлерін жеңіп алғаны тағы бар. Новак – ATP рейтингі тарихындағы әлемдегі ең жас бірінші ракеткасы. «Мастерс» сериясындағы турнирлерді 40 рет жеңіп алған. ATP қорытынды турнирінің жеті дүркін жеңімпазы. Үлкен Дулыға, мастерс және ATP қорытынды турнирлерін жеңіп алған жалғыз ойыншы. Олардың әрқайсысында кем дегенде екі рет жеңіске жетті. Сербия құрамасы қатарында 2010 жылы Дэвис Кубогын жеңіп алды. 2024 жылғы 26 ақпандағы жағдай бойынша теннис тарихындағы ең бай әрі табысты спортшылардың бірі. Джокович осы кезге дейін 181,5 млн АҚШ доллардан астам табыс тапқан.

Тедди Риннер. Француз дзюдошысы, бесінші данның иегері, үш дүркін Олимпиада чемпионы (2012, 2016, 2020). Еуропаның бес дүркін чемпионы, Францияның бірнеше дүркін чемпионы. Дзюдодан әлем чемпионаты тарихындағы ең атақты спортшы. Францияда үш рет жылдың үздік спортшысы атанды (2012, 2016, 2017). Бойы 204 см, салмағы шамамен 150 келі. 2008 жылдан бері ересектер арасындағы бәсекелерде үш рет қана жеңіліске ұшырады. Алғаш рет 2008 жылғы 15 тамызда Бейжіңдегі олимпиада ойындарының жартылай финалында өзбекстандық Абдулло Тангриевтен, 2010 жылғы 13 қыркүйекте жапондық Дайка Камикавадан және 2021 жылғы 30 шілдеде Токиода ресейлік Тамерлан Башаевтан жеңілді. Қатарынан барлығы 157 жеңіске жеткен дзюдошы.

Қазақ жанкүйері көп көңіл аудара бермейтін спорттың бір түрі болса, ол – спорттық гимнастика. Бірақ бұл спорт түрінің де өз жұлдыздары жетерлік. Парижге американдық гимнаст төрт дүркін олимпиада, 23 дүркін әлем чемпионы Симона Байлз келе жатыр. Ол медальдар саны бойынша әлем чемпионаттары тарихындағы абсолютті рекордшы, оның ішінде абсолютті біріншілікте алты медалі бар. (2013, 2014, 2015, 2018, 2019, 2023). Симона олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жалпы марапаттар саны жағынан да көш басында (37). Байлз бұған дейінгі ойындарда төмен нәтиже көрсетті. Бірақ биыл Токиодағы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.

Біз тапқан ең үздік, көпті қызықтырады-ау деген спортшылар осы. Бұлардың қатарына Рафаель Надальді, Бахадүр Жалоловты, жүзуден 21 дүркін әлем чемпионы атанған Кэтти Ледекиді де қосуға болады. Ал қазақстандық спортшылар ішінен таңдау керек болса, Елдос Сметов пен Сәкен Бибосынов, Асланбек Шымбергенов сияқты спортшылар ойға оралады. Теннисші қызымыз Елена Рыбакина да қазақ елінен шыққан спорт селебрителерінің бірі десек, артық айтпаған болар едік.

Жоғарыда сөз болған жарық жұлдыздар олимпиада фавориттері екені анық. Біздің спортшылар арасында солармен бір қатарда кім тұруы мүмкін? Алтын алмаса да, жүлдегер болады-ау деп кімге көз тоқтатуға болады? Бұл ретте ең алдымен тілге боксшылар оралады. Қазақ бокс мектебінің өкілдерін біз түгілі әлем де мойындап қойған. Елді қуантуы мүмкін спортшылардың ішінде Елена Рыбакинаның шоқтығы биік тұр. Әлемдік рейтингте үздік төрттіктен түспейтін теннисші қыз бабында болса, алтын алатындай қауқары бар. Азия ойындарындағы тамаша камбегінен соң қазақ елі Асланбек Шымбергеновтің жолына үмітпен қарайтынды шығарды. Елдос Сметов те алтын алмайынша тынбауға бекінген сыңайлы. Қамшыбек Қоңқабаевтың да айтары бар. Көркем гимнастикада бақ сынайтын Эльжана Таниева Әлия Юсупованың нәтижесінен асып түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Гимнаст Милат Карими де талай додада шыңдалып, тәжірибесі толысқан атлеттердің бірі. Еркін күрес палуаны Әлішер Ерғалидің де өзін көрсетер сәті келді. Біраз жылдан бері еліміздің шығысын паналап, қазақ даласына сіңісіп кетен жеңіл атлет Нора Джейруто мен Джепкимей Дейзидің де ризашылық білдірер кезі келді. Стенд ату шебері Әсем Орынбайды еске алмай кетуге тағы болмайды. Абиба Әбужақынова да әлемдік сындарда ел намысын абыройлы қорғап жүр.

Өткен олимпиадада алтынсыз қайтқан қазақ спортшылары осы жолы намысқа тырысады деген сенімдеміз. Бастысы, жеребе жолдас, бабы келісті болса болғаны.

Түгелбай Бисен,

БҚО, Орал қаласы,

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар