///

Сарыбұлақ ауылының оқушылары 1931 жылы салынған ғимаратта оқып жатыр

106 рет қаралды
1931 жылы салынған мектеп

Еңбекшіқазақ ауданы оптимизация кезінде Шелек ауданымен қосылған, Алматы облысындағы ең ірі аудандардың бірі. Бір ауданның өзінде 25 ауылдық округ, 78 ауыл бар.

Солардың бірі Қаражота ауылдық округі. Бұл округке Қаражота, Ақтоған және Сарыбұлақ ауылдары қарайды. Үш ауыл бір бірінен 7-10 километр қашықтықта орналасқан. Ақтоған мен Сарыбұлақ ауылы Қаражота ауылындағы әкімдікке қарайды.

ТИПТІК МЕКТЕБІ ЖОҚ АУЫЛ

Ақтоған ауылының мектебі

“Мінбер” редакциясы “Тасадағы өңір” жобасы аясында ауыл тұрғындарымен жолығып қайтты. Екі ауылдың халқы барлық игіліктерді Қаражота ғана иемденіп жатыр деп ашулы. Тұрғындардың қатты мұқтаж болып отырғаны типтік мектептің жоқтығы. Олар балаларын әлі күнге дейін совет заманынан қалған, керегелері құлағалы тұрған ғимараттарда оқытуға мәжбүр. 

Ақтоған ауылындағы Алтынсарин атындағы мектеп екі корпустан тұрады. Бірінде жоғарғы сыныптар оқыса, екіншісінде бастауыштар оқиды. Екі корпус бір бірінен 1 километрге жуық қашықтықта орналасқан. Үлкен сыныптар оқитын ғимарат 1983 жылы салынған. Бес кабинеттен тұрады. Совет үкіметі кезінде колхоздың әкімшілік ғимараты болған. Қазір бұл мектепте 165 бала білім алып жатыр.  

Алтынсарин мектебінің директоры Жазира Оспанқызы типтік мектеп болмаған соң асхана мен спорт залының жоқтығынан қиналамыз дейді. 

– Бізге 2025 жылға дейін мектеп салынады деп уәде берді. Мемлекеттік актісі, экспертиза құжаттары бәрі дайын. Бірақ құрылыс жұмыстары биыл басталмаса, ол құжаттар күйіп кетейін деп тұр. – дейді мектеп директор. 

Бастауыш сыныптар оқитын екінші корпус Абай көшесінде орналасқан. Кезінде балабақша болған бұл ғимарат 1979 жылы салыныпты. Төменгі сынып оқушылары дәретханаға сыртқа шығады. Ал мектеп қасындағы қойманың керегелері жарылып, апатты жағдайда тұр. 

Ақтоған ауылының аналар кеңесінің төрайымы Қайнел Тұрысбек те мұғалім болған. Қазір зейнеткерлік демалыста. Қайнелді жастардың ауылдан жаппай көшіп жатқаны қатты алаңдатады. Табиғаты тамаша ауылда базалық қажеттіліктер болмаған соң жастардың көпшілігі қалаға көшуге мәжбүр болып жатыр дейді. Жаңа мектеп ашылса, жұмыс орны көбейеді, бала бақша ашуға да мүмкіндік болар еді дейді. Шамасы жеткен ата-аналар балаларын 20 шақырым жердегі Шелек ауылындағы балабақшаға апарады екен. Ал жағдайы жетпегендер балаларын амалсыздан үйде ұстап отыр дейді. 

Ақтоған ауылындағы бастауыш мектеп ғимараты

– Қанша жерден мектепті күтіп ұстап отырса да, ескінің аты ескі. Қыста балалар сырт киіммен отырып, жиі ауырып қалады. Қанша жерден от жаққанмен терезеден жел гуілдеп тұрады. Егер мемлекет жаңа мектеп салып бермесе, ауылдың болашағына күмәнмен қараймын. 20 жыл бойы балаларыммен, енді немерелеріммен жаңа мектепті күтіп жүрмін. 

Дәурен Божбанбаев Ақтоған ауылында қалған санаулы жастардың бірі. Биыл мектеп бітіргеніне 20 жыл болмақ. Ол ауылын жақсы көргендіктен ешқайда көшкісі келмейді. 7-8 сынып оқып жүрген мектеп салынады деп уәде берген дейді. Содан бері қаншама жыл өтті әлі мектептің салынбағанына ашулы. 

Даладағы спортзал

– Ауыл балалары өте талантты. Спорт зал болмаса да жарыстардан күрес, шахмат сияқты спорт түрлерінен орын алып келіп жүр. Жағдайы жеткен ата-аналар көрші Шелек ауылындағы спорт үйірмелеріне апарады дейді. Ал жағдайы келмегендер балалар өздері қолдан жасаған, газоны жоқ топырақта ойнайды. Жәй күндері мына жердің шаңы бұрқырап жатады, ал жауын жауса лай батпаққа айналады. Құрғақ уәдеден шаршадық. Сонда да үмітіміз үзілген жоқ, – дейді Дәурен Божбанбаев. 

БІР ҒАСЫРЛЫҚ ҒИМАРАТТА БІЛІМ АЛАМЫЗ

Ақтоған ауылынан 7 километр қашықтықтағы Сарыбұлақ ауылында да тура осы мектеп мәселесі. Сарыбұлақ орта мектебінде 208 оқушы білім алады. Оқушылар бір аулада орналасқан 4 ғимаратта оқиды.

Ең көне ғимарат 1931 жылы салынған, бұрын әкімдік болған ек қабатты ғимарат 1972 жылы салынса, совет заманынан қалған үйшікке ұқсайтын 6 кабинеттік ғимарат 1987 жылы салыныпты. Ең көне ғимаратқа 100 жылға жақындап қалған. Керегелері көгеріп, төбесі түсіп, терезелері шіріп кеткен. Қатты бір жел соқса қирап қалуға аз-ақ тұр. Мектептің екі қабатты ғимаратында дәретхана бар. Алайда ұлдар мен қыздардікі бірге орналасқан, есіктері жоқ үш кабина. Қала берді сыртқы есіктің тұтқасы бекітілмейді. 

Сарыбұлақ ауылындағы мектеп дәретханасы

– Мына мектепте оқығандардың алды өмірден өтіп, арты 80 жасқа келді. Еліміз Жаңа Қазақстан болып өзгергенімен, ол өзгеріс біздің мектепке жетпей қалып жатыр. Балаларымызды мектепке жіберуін жіберіп алып, үстіне шатыр құлап кетпеді ме деп қорқып отырамыз, – дейді, ауыл ақсақалы Тұрсынжан Мекебаев. 

2023 жылы 4 тамызда Алматы облысы білім бөлімінің басқармасы өзінің фейсбук парақшасында қуанышты жаңалықты бөліседі. Ол жазбада Сарыбұлақ ауылының халқынан сүйінші сұрап “Жайлы мектеп” жобасы аясында жаңа мектептің салынатынын хабарлаған. Ал Самұрық қазынадағылар болса ауыл халқы мен оқушыларды жинап ауылдың қақ ортасынан мектептің орнын белгілеп, қазығын қағып кеткен көрінеді. Өкінішке қарай, бұл құры уәде болып шығады. Дәл құрылыс жұмыстары басталарда бұл мектеп Сарыбұлаққа емес 3 қабатты 350 орындық мектебі бар Қаражота ауылына салынып кетеді. Қарапайым халыққа басшылық тарапынан ешқандай түсіндіру жұмыстары, не себепті Қаражота ауылына салынғандығы жайлы ақпарат бермеген. 

Даладағы дәретхана

Мектептің қирағалы тұрғаны былай тұрсын, дәл мектетің ауласында жоғарғы вольттағы ток трансформаторы тұр. Ойын баласы абайсызда қасына жолап қойса, бірден жоқ қыла салатындай токтың күші бар. Әзірге сақтық шаралары ата-аналардың баласына транформаторға жолама деген ескертуі ғана болып тұр дейді тұрғындар. Ал аудандық білім бөліміндегілер қазіргі ғимарат 1991 жылға дейін әкімшілік болғанын, трансформатор сол кезден қалғанын мәлімдеді. Трансформаторды мектеп ауласынан шығару үшін тиісті мекемелерге ұсыныс хат жолдап жатырмыз дейді. 

Ескі терезелерден жел аңқылдайды

– Ауданымыздың әкімдері нәскише ауыса береді. Кім келді дейді соның алдына барып, өз шағымымызды айтамыз. Иә, иә деп құры уәдемен шығарып салады. Ауылға қаншама депутаттар да кеп жатыр, көзге іліп жатқан біреуі жоқ. Жаңа мектеп салынады дегенге қуанып, бөркімізді аспанға атып едік. Ол да құры уәде болып шықты, – дейді ауыл тұрғыны Шолпан Әйтенова. 

“САРЫБҰЛАҚ” АУЫЛЫНДА МЕКТЕП САЛАТЫН ЖЕР ТЕЛІМІ БОЛМАДЫ

Қаражота ауылындағы Б.Момышұлы орта мектебінде биыл 402 оқушы білім алып жатыр. Мектептің негізгі корпусы 1978 жылы салынған. 350 орындық, типтік үлгідегі мектеп. Қазір ауылдың кіре берісінен “Жайлы мектеп” жобасы аясында Самұрық қазынаның қолдауымен жаңадан мектеп салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының аяқталуына аз қалған. Мектептің дәл жанынан өзен ағып жатыр. Жергілікті халық мектеп саздың үстіне салынып жатыр, орны дұрыс бекітілмеген дейді. Бұған қатысты білім бөлімі мен ауыл әкімшілігі жауап бермеді. 

“Жайлы мектеп”

Бұл мәселелерге қатысты Еңбекшіқазақ ауданының білім бөліміне сауал жолдадық. Аудандық білім бөлімінің өкілі Зарина Бақытжанқызы “Жайлы мектеп” жобасы біздің құзырымызға кірмейді деп қысқа қайырды. Ал Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарына мектеп салуға бюджеттік өтінім берілді дейді. 

Қаражота ауылының әкімшілігімен сөйлескенде олар аудандық баспасөз бөліміне сілтеді. Ал олар Ақтоған мен Сарыбұлақ ауылдарындағы мектеп жасындағы бала санының аздығына және мектеп салатын жер телімі Қаражота ауылында болғандықтан, «Жайлы мектеп» Қаражота ауылына салынып жатыр дейді.

Әмина Кемелбай, 

Арнайы “Мінбер” үшін



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар