////

Қазақ спорты: Қаржы бөлу жағынан алдамыз, медаль саны жағынан арттамыз

1304 рет қаралды

Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижеcінде отандық спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткіштерге жетуге кедергі келтіретін жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігі анықталды. Бұл туралы ақпарат  www.gov.kz сайтында жарияланды.

Талдау нәтижесінде  соңғы 6 жылда спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңгенің жұмсалғаны белгілі болған. Дәлірек айтар болсақ, 2018 жылы – 165 млрд теңге, 2019 жылы – 204 млрд теңге, 2020 жылы – 177 млрд теңге, 2021 жылы – 223 млрд теңге, 2022 жылы – 296 млрд теңге, 2023 жылы – 340 млрд теңге спортқа деп бөлінген.

Ол аз десеңіз ел қазынасынан биыл және алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржы Канада, Норвегия, Нидерланды сияқты алдынғы қатарлы елдердің спортқа бөлетін қаржысынан бірнеше есе артық. Ал Орталық Азия елдерімен салыстыруға мүлдем келмейді.

Қыруар қаржы жұмсалып жатқанымен еліміздің жазғы және қысқы олимпиада ойындарындағы көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мысалы ел спортшылары 2020 жылғы олимпиадада 8 қола иеленіп, 83 орынға тұрақтаса,  2022 жылғы қысқы олимпиадада бір де бір медаль жеңіп ала алмады.  Париждегі олимпиада 1 – алтын, 3 – күміс, 3 – қола медальмен 43 орынды қанағат еттік.

Ал  Дүниежүзілік спорт рейтингінде еліміз 2014 жылы – 25, 2018 жылы – 47 орын, 2023 жылы – 42 орыннан көрінген. Қаржы бөлу жағынан алда болғанымызбен медаль жеңуге келген кезде елдің соңындамыз. Тексеру жүргізген органдар  мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы мен жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері осындай төмен көрсеткішке әкеліп жатқанымен түсіндіреді. Қаржыландырудағы теңгерімсіздіктің соңы, отандық спортты дамытудың қолданыстағы саясаты атлеттерді қажетті деңгейде даярлауға бағытталмауына әкеп соққан.

Жасыратыны жоқ ел спортына жауапты басшылар негізінен шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қол жеткізілген қысқа мерзімді жетістіктерге назар аударады. Оның соңы жеке спорттық кадрларды дамытудағы жүйесіздікке ұрындырады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдікті сатып алды, олардың көбі кейін өз еліне оралды. Оның салдарынан өз таланттарымызды тәрбиелеуге бөлінетін қаржы өзге елдердің ойыншыларына жұмсалады. Бұл спортты қаржыландырудағы айқын теңгерімсіздікпен расталуда.

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА ҚАРЖЫ НЕГЕ АЗ БӨЛІНЕДІ? 

Ел президенті бұқаралық спортты дамыту керек екенін айтқанымен оған бөлінетін қаржы көбеймей тұр. Жоғары жетістіктер спортына ел қазынасынан 340 миллиард бөлінетін болса, бұқаралық спортқа құйылатын қаржы одан 9 есе аз. 35 миллиардтай. Ал спорты әлдеқайда табысты шетелдерде жоғары жетістіктер спортының негізі бұқаралық спорт деп санайды.

Сол себепті бұқаралық спортты қолдауға басымдық беріледі. Жоғарыда сөз болған, халқы аз Нидерландыда кәсіби спортқа 246 миллион доллар, бұқаралық спортқа 497 миллион доллар бөлінген. Ал ол елдің спортшылары Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетуде. Әсіресе, қысқы олимпиадада голландиялық конькишілер алдына жан салмайды. Нидерландымен салыстырғанда Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 3 есе көп, ал бұқаралық спортқа 7 есе аз жұмсайды.

Одан бөлек талдау барысында Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие екені де анықталған. Мысалы, әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуі тиіс. Спорттық ғимараттар мен нысандарда, сондай-ақ ашық жерлерде өткізілетін іс-шаралар. Осы іс-шараларда екі жүз және одан да көп көрерменнің бір мезгілде болуын болжайтынын ескере отырып, көрсеткіш анық көтерілген,– делініпті ақпаратта.

Бұның барлығы сайып келгенде жоғары жетістіктер спортындағы бұлыңғыр басымдықтарға соқтырады. Былтыр ел атлеттері спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль алмаған. 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өскен. Оның 44-і  жазғы олимпиадалық спорт түрлері болса, 13-і қысқы спорт түрлеріне жатады. Жоғары жетістіктер спортының қаржыландырылатын бағыттарының шамамен 60%-ы Олимпиадалық емес спорт түрлеріне жұмсалады. Қазынадан қаржы алатын ондай спорт саны  84. Жыл сайын бұл түрлерді дамытуға – 18 млрд теңге жұмсалады.

2023 жылы олимпиадалық түрлерге – 296 млрд теңге, олимпиадалық емес түрлерге – 18, өзге шығыстарға – 11 млрд теңге жұмсалған. Біздің тағы бір олқы тұсымыз нақты қаржыны қажет ететін спорт түрін де қаржыға онша мұқтаж емес спорт түрлерін де бюджет еміздігіне отырғызғанымыз. Мәселен  әр тиынын ұқыпты жұмсауға тырысатын Ұлыбританияда Олимпиада бағдарламасындағы 19 спорт түрін ғана қаржыландырса, Германияда – 18, Австралияда – 12 спорт мемлекет қазынасынан қаржы алады.

Қаржының орынсыз жұмсалуы, бір реттік нәтижеге бола сырттан келген спортшыға ақша жою, бұқаралық спорттық шараларды формальды түрде өткізу ең қажет деген мәселелерге назар аударуға мұрша бермейді. Салдарынан спорт инфрақұрылымы әлсіздене түсті. Ал қазіргі заманғы спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшыларды сапалы даярлау мүмкіндігін шектейді. Сонымен қатар жастардың спортқа деген қызығушылығын төмендетеді. Өйткені ХХ ғасырда салынған ескі спортзалдар мен шаңы бұрқыраған алаңдар ешкімнің қызығушылығын оята қоймайды. Ал жаңа үлгіде салынған спорттық нысандардың қолжетімсіздігі де жағдайды ушықтыруда.

Талдау нәтижесінде тексерушілер қарапайым жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығы бар екенін анықтады. Еліміздегі  374,2 мың м2 жабық спорт ғимараттарының 376,4 мың м2 бассейн жоқ. Кішкентай қалаларды алмағанда жүзу бассейні Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарында да жоқ деуге болады.

Тексеріс барысында кей спорт клубтар дайындалуға арналған кешендері мен футбол академияларын салудың орнына легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған. Мәселен «Астана» ФК-ның футбол академиясы түгілі стадионы жоқ. 2018-2023 жылдар аралығында клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсады. Бұндай жағдай тек “Астана” клубына ғана емес, еліміздегі біраз клубқа тән.

Халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін ашық іріктеудің болмауы да жетістікк жетуге кедергі болуда. Ал жоғары жетістіктер спортын цифрландыру жайы мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу жоспарланғанымен оған басшылар әзір болмай шықты. Нәтижесінде бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді, жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді.

Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді. Аталған факторлардың салдарынан мұндай жағдай үлестес жеткізушілерді іріктеумен, оқу-жаттығу жиындары мен спорт объектілерін жалға алудың жалғандығымен, легионерлерге еңбекақыны асыра бағалаумен, қосарланған қаржыландырумен ұштасқан бюджет қаражатының бақылаусыз игерілуіне алып келді.

Талдау қорытындысы бойынша спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортына бюджетті ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өз инфрақұрылымын және балалар академияларын дамыту, сондай-ақ цифрландыруды енгізу бойынша ұсынымдар енгізілген.

Түгелбай Бисен, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар