/

Талғардағы жасөспірім өлімі: Полиция күдіктілер қылмыстық топ мүшесі деген ақпаратты жоққа шығарды

372 рет қаралды
Pexels.com

Алматы облыстық полиция департаменті Талғарда 16 жастағы Шерзат Болатты өлтірді деген күдікпен ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі екені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаров мәлімдеді.

Атышулы кісі өлтіруден кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ қамауға алынғандар “Хутор бандиттері” ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері деген хабар тараған болатын.

“Ұйымдасқан қылмыстық топтың не екені туралы нақты түсінік беретін бап бар. Ол үшін ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше рет қылмыс жасаған болуы қажет. Бірақ мұнда бір ғана оқиға. Әлеуметтік желілерден “Хуторскийлер” туралы ақпаратты да көрдік. Егер сіз Талғар ауданында тұрсаңыз, кеңес заманында осылай аталған “Хуторская” ауданы туралы естіген шығарсыз. Қазір қателеспесем, “Бірлік” деп аталады. Барлық тұрғындарды осы қылмыстық топтың мүшесі болды деп айта алмаймыз. Бізде мұндай қарақшылар мен топтар жоқ“, – деді Шалхаров.

Департамент басшысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ақпаратты таратуға тыйым салатын қылмыстық-процестік кодекстің бабына сілтеме жасап, қамауға алынғандардың жеке басы туралы ақпарат беруден бас тартты. Алайда ұсталған жігіттердің әлеуметтік желіде айтылғандай құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен сотта жоғары лауазымды қызмет атқаратын адамдардың балалары емес екенін атап өтті.

Полицейлер күдіктілерден үш пышақ (екі асхана пышағы, бір қалта пышағы) мен тіркелмеген қару тәркілеген.

Шалхаровтың айтуынша, іс “кәмелетке толмаған адамға қатысты адамдар тобында жасалған кісі өлтіру” бабы бойынша тергеліп жатыр. Сондай-ақ ол желідегі полиция оқиға орнына тым кеш жетті деген ақпаратқа түсініктеме берді.

“Оқиға туралы полицияға сағат 00:40-та қоңырау түсті. Қызметкерлер оқиға орнына 9-10 минутта жетті, яғни стандартқа сай. Дегенмен ішкі тексеру жүргізіледі”, – деді Серік Шалхаров.

Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов бұл істі ерекше бақылауға алды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар