//

Талғардағы трагедия: жасөспірім өлімі, өрт, қорқытулар және құқық қорғау органдарының қазіргі әрекеті

1998 рет қаралды
Бейнеден жасалған скриншот сурет / Өрттенген үй

Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында 12 қазанға қараған түні марқұм Шерзат Болаттың үйі  өртке оранды.  Бұл туралы Алматылық құқық қорғаушы Саида Таукелова өзінің Instagram парақшасында хабарлады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары оқиға орнына барған еді.

Өрт болған түн

Құқық қорғаушының сөзінше, үй түгелімен өртеніп кеткен. Бейнеде құрылымның күйдірілген қалдықтары көрсетілген. Қайғылы оқиға кісі қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Болаттың туыстары жеті күндік еске алу шараларына дайындалып, отбасының аға буын өкілдері тұратын басқа үйде болған кезде болды, – дейді құқық қорғаушы.

Облыстық полиция департаменті оқиғаны «бөтеннің мүлкін қасақана жою» ретінде тергеп жатқанын, сонымен қоса, зардап шеккендер жоқ деп хабарлады.

Осыған дейін 10 қазан күні марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов өзін біреулердің қорқытып жатқаны туралы бейне түсірген еді. Бейнеде митинг жасамауды өтіне отырып, халықтан оқиғаға қатысты құқық қорғау қызметкерлерінің жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын.

“Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты, алып та кетті. Телефонмен де… заңгерміз, журналист немесе адвокатпыз, бірге оқып едік, жолдас едік деп алдап үйге келіп, мені далаға шақырып алып, қорқытқан кездері болғаны рас”,- деген еді.

Бұл туралы марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова да: “балама қоңырау соғып, «балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп қорқытып жатыр”, -деп растаған. Оның сөзінше, балалары үйге қайтпақ болған да, баланың қырқы өткенше үйде қалыңдар деп, қайтуға рұқсат бермеген. “Соның арқасында олар аман қалды”,-дейді Жұмабике әже.

Қаржаубай Нұрымовтың (Шерзат Болаттың әкесі) қарындасы Перизат өртті күдіктілер жақтан келген әрекетпен байланыстырды.

“Соңғы үш күнде Шерзаттың сыныптастары “көшелеріңізде нөмірі жоқ көліктер жүр” деді. Өрт болмай бір күн бұрын көршілер “сіздің үйлеріңізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты, біз шулап, бәріміз жарықты жақтық, айғайлап едік, тоқтамастан қашып кетті” деп хабар берді. Мектеп балаларының бәрі де бір ауылдан болған соң кімнің қандай көлікті айдайтынын білеміз деп отыр. Балалар “ішіндегі адамдар да бейтаныс, амандасайық деп қасына барып едік, терезені жауып алып, тоқтамай өтіп кетті” деді. Соңғы үш күнде “көліктер жүр” дегенді естідік. ІІМ-ге барып, келгеннен бері осылай болып жатыр”, – дейді ол.

Перизат Нұрымова ресми органдар өз жұмысын дұрыс атқармады деп есептейтінін жеткізді. Қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың әкесі ауылдың маңына күзет қоюды, ауылға кім келіп, кім кетіп жатқанын бақылауды өтінген. Бірақ полиция қызметкерлері оны ескермеген.

Билік өкілдерінен жауап

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өзінің Facebook парақшасында “әділ төрелігін орнатамыз” деп сендірді.

Парақшасындағы жазбада:

“Талғардағы оқиғаға байланысты Мәжілісте арнайы депутаттық сауал жолданды. Шерзаттың отбасындағы жағдай біздің де бақылауымызда. Дәл қазір түндегі оқыс оқиғаның артында кімдер тұрғаны нақты анықталып жатыр. Бұл жағдай сіз бен біз ойлағаннан да басқаша болуы мүмкін. Кімдердің өртегені әлі анықталмады.

Сондықтан бұл қылмысты жасаушы топтың немесе қылмыскердің бар екені анықталса, олар қатаң жазаланатынын жеткіземіз. Осы ретте, провакацияға жол бермеу үшін тергеу амалдары шұғыл түрде ұйымдастырылуда.

Ағайын, қандай жағдай болмасын, біз бұл істе әділ төрелігін орнатамыз. Заң үстемдігін орнатуға құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылған. Сондай-ақ, елді дүрліктіруге бағытталған тексерілмеген ақпараттарды таратпайық,”-делінген.

Ал Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов:

“Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша мен оқиға орнына келдім. Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында”, – деді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: “Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды”,-деп жазды өзінің Facebook парақшасында.

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар