///

Дата және ЖИ: журналистикада ЖИ қолданудың маңызы қандай?

862 рет қаралды

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығына – 15 жыл толуына орай ERG қолдауымен 19 қазан күні Алматыда «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестивалі өтті. БАҚ өкілдері, оқытушылар, студенттер жиналған фестивальда қазақ журналистикасындағы жаңа тенденциялар талқыланып, түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Бүгінде жасанды интеллект құралдары журналистика саласына қарқынды еніп, ақпаратты іздеу, өңдеу және аудиторияға жеткізу тәсілдері бойынша тың өзгерістер әкеліп жатыр. AI журналистерге деректерді жинауда, өңдеуде, және оларды визуалды түрде жеткізуде көмек береді. Мысалы, жаңалықтарды генерациялау, мәтіндерді сараптау, әлеуметтік желілерге мониторинг жасау және даталарды сұрыптау секілді процестер журналистердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

Фестиваль аясында осыған қатысты медиатренер Асхат Еркімбайдың «Журналист жасанды интеллект құралдарын қалай қолдана алады? Датаны білудің маңызы», Factcheck.kz журналисі Жансерік Тілеуханның «ЖИ пайдаланған контентті анықтау жолдары» атты шеберлік сағаты өтті.

Онда Асхат Еркімбай «Жас қазақ» газетінің онлайн нұсқаларын қолданып, қалай ЖИ құрғанын және ЖИ-ні медиада тағы қалай қолдануға болатынын айтып берді. «Сіздің телефонда жасанды интеллект бар, иә? Мысалы таксиді ашып қалсаңыз, “сіз мына жаққа барайын деп тұрсыз ба?” деп көрсетіп тұрады. Бұл – жасанды интеллектінің анализ жасап, сізге ұсыныс жіберуі.

Медиада да сондай. Адам қандай да бір контентке қызықса, сайттың бірінші бетінде “мынау адамға мына тақырып қызық екен” деп әріқарай мұрағаттан соған лайық контентті шығарып отырады. Нәтижесінде біз аудиторияны сайтымызда ұзағырақ ұстай аламыз. Аудиторияны сайтымызда ұзағырақ ұстасақ, кейін жарнама алғанда басқа бәсекелестерден қарағанда ЖИ қолдануымыз артықшылық болады», – деді ол медиада ЖИ қолданудың маңызын түсіндіріп.

Асхат Еркімбайдың айтуынша, өткен жылы Internews Kazakhstan жасаған зерттеу қазақстандық аудиторияның сапалы контентке ақша төлеуге дайын екенін көрсеткен. «Онлайн төлем дағдылары біздің өмірімізге әбден сіңісіп кеткендіктен адамдар да оған қатысты қорқыныш жоқ. Жасанды интеллектіні шет елдерде “жазылым” сатып алу үшін пайдаланатын медиалар бар. Егер “міне” деп бәрін енгізіп қойсақ, біздегі аудитория ақша төлеуге дайын», – дейді ол.

Әріқарай Жансерік Тілеуханның шеберлік сағаты басталып, онда ЖИ жасаған өнімдерге фактчекиң жасау жолдары айтылды. Ол алдымен адамды өзге тілде сөйлетіп қоюға мүмкіндік беретін ЖИ-ге тоқталып өтті. «Қазір бұрынғыдай отырып, қазақшаны орысшаға аударып отыру керек емес. Өз тіліңде жасасаң жеткілікті. Бірақ қазақ тілінде енді сәл-пәл қиындау. Бірақ орыстілді контентке қолдану оңай. Бұл контенттің кең аудиторияға таралуына жол ашады», – деді ол бұған қатысты.

Одан кейін ол жасанды интеллектпен жасалған контентті көрген кезде журналистерде қандай реакция болуы керегін айтып өтті. «Ең алдымен біз жауапкершілікті сезінуіміз керек. Сіз таратқан ақпарат басқа аудиторияға да таралуы мүмкін. Ал өзіңіз жалған ақпаратқа ұрынбауыңыз үшін “кім? қалай? қашан? не себепті?” деген сұрақтар қойып көріңіз. Өзі-ақ анықталады», – дейді ол.

Жансерік Тілеухан өзі дайындап әкелген кейстерді көрсетіп, оның шынайы не ЖИ арқылы жасалғаны туралы ашып көрсетіп берді.

Әріқарай фестиваль SDU University аға оқытушысы, “Азаттық” радиосының тілшісі Елнұр Әлімова мен фрилансер журналист, медиасарапшы Оразай Қыдырбаев өткізген “Жасанды интеллект және медиа этика” шеберлік сағатымен жалғасты. Бұл туралы толығырақ келесі материалдарымыздан оқи аласыздар.

Данагүл Науқанова, 

“Мінбер”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар