«Мінбер» журналистерді қолдау қорына – 15 жыл толуына орай «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестивалі өтті.
60-тан астам журналистің басын қосқан жиында екі панельдік сессия мен төрт шеберлік сағаты болды. Бұл бір жағынан 2009 жылы құрылған «Мінбердің» 15 жылда атқарған ауқымды істеріне қорытынды есеп іспеттес. Журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға едәуір көмек беріп келетін қор әсіресе өңірге жиі ат басын бұрды. Атап айтқанда, алғашқы тренинг 2010 жылы мамырда «Медиа және жаңа технология» қолдаушылары тақырыбында өтсе, 2014-2018 жылдары ең ұзақ жоба – Қызылорда қаласында өнірлік кітапханашылардың медиасауатын арттыру бойынша тренингті жүзеге асырды. Ал 2010 жылы «Мінбер.кз» сайты іске қосылса, 2018 жылы қордың жанынан «Мінбер» ақпарат агенттігі құрылды.
Қор жетекшісі Есенгүл Кәпқызының айтуынша, 50-ден астам тренинг арқылы мыңға жуық журналист біліктілігін арттырған. «Ақпараттық, ағартушылық, зерттеу бағытында жұмыс істей жүріп, бірнеше оқу-әдістемелік құрал басып шығардық», – деді.
Сондай-ақ, ол үкіметтің журналистиканы дамытуға деген көзқарасы туралы да пікір білдірді. «Билік сапалы журналистиканы дамытуға мүдделі еместей көрінеді. Сол арқылы қоғамдағы маңызды түйткілдер тасада қалуда. Бұл – дұрыс емес. Қоғамдық пікір ашық болғаны жөн. Үгіт-насихатқа қаржы бөлгенше, сапаны арттыруға назар аударса дейміз. Дегенмен, біз бағытымыздан танбай, жұмысымызды жүргізе береміз», – деп түйіндеді.
Фестивальдің журналистерге көп мәлімет берген тұсы – шеберлік сыныбы болды. Кімге қай тақырып қызықты, соны тыңдауға мүмкіндік берілді. Мәселен, бүгінде жасанды интеллект құралдары журналистика саласына қарқынды еніп, ақпаратты іздеу, өңдеу және аудиторияға жеткізу тәсілдері бойынша мүлдем тың тынысқа көшті. Бұл журналистерге деректерді жинауда, өңдеуде және оларды визуалды түрде жеткізуде көмек береді. Мысалы, жаңалықтарды генерациялау, мәтіндерді сараптау, әлеуметтік желілерге мониторинг жасау және даталарды сұрыптау секілді процестер журналистердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Осыған орай, фестиваль аясында медиатренер Асхат Еркімбайдың «Журналист жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын қалай қолдана алады? Датаны білудің маңызы» тақырыбында керекті көп мәлімет айтылды. «Сіздің телефонда жасанды интеллект бар, иә? Мысалы таксиді ашып қалсаңыз, «Сіз мына жаққа барайын деп тұрсыз ба?» деп көрсетіп тұрады. Бұл – жасанды интеллектінің анализ жасап, сізге ұсыныс жіберуі.
Медиада да сондай. Адам қандай да бір контентке қызықса, сайттың бірінші бетінде «мынау адамға мына тақырып қызық екен» деп әріқарай мұрағаттан соған лайық контентті шығарып отырады. Нәтижесінде біз аудиторияны сайтымызда ұзағырақ ұстай аламыз.
Аудиторияны сайтымызда ұзағырақ ұстасақ, кейін жарнама алғанда басқа бәсекелестерден қарағанда ЖИ қолдануымыз артықшылық болады», – деді ол медиада ЖИ қолданудың маңызын түсіндіріп.
Ал Factcheck.kz журналисі Жансерік Тілеуханның «ЖИ пайдаланған контентті анықтау жолдары» атты шеберлік сағатында ЖИ жасаған өнімдерге фактчекиң жасау жолдары айтылды. Ол алдымен адамды өзге тілде сөйлетіп қоюға мүмкіндік беретін ЖИ-ге тоқталып өтті. «Қазір бұрынғыдай қазақшаны орысшаға аударып отыру керек емес. Өз тіліңде жасасаң жеткілікті. Бірақ қазақ тілінде аздап қиындау. Бірақ орыстілді контентке қолдану оңай. Бұл контенттің кең аудиторияға таралуына жол ашады», – деді медиатренер.
Мұнымен қоса, ол жасанды интеллектпен жасалған контентті көрген кезде журналистерде қандай реакция болу керектігін айтып өтті. «Ең алдымен біз жауапкершілікті сезінуіміз керек. Сіз таратқан ақпарат басқа аудиторияға да таралуы мүмкін. Ал өзіңіз жалған ақпаратқа ұрынбауыңыз үшін «Кім? Қалай? Қашан? Не себепті?» деген сұрақтар қойып көріңіз. Өзі-ақ анықталады», – дейді ол.
SDU University аға оқытушысы, «Азаттық» радиосының тілшісі Елнұр Әлімова жасанды интеллект арқылы мақала дайындаудың пайдасы туралы шеберлік сағатында жасанды интеллект тергеу мақаласын, датастори жазған кезде үлкен көлемдегі датасеттерді анализден өткізуге, жұмысты жеңілдетуге көп көмек беретінін айтып, 2,6 терабайтты құрайтын, 11,5 миллион құжаты, 214 оффшор шоты бар Панама құжаттарын мысалға келтірді.
«Егер осындай үлкен көлемдегі құжатты адамдар анализден өткізер болса, жылдап уақыт кетер еді. Ал жасанды интеллект көмегімен журналистер мұны бір жылдың ішінде жасап шықты. Яғни жасанды интеллектінің жұмысты жеңілдететін осындай артықшылығы бар», – дейді Елнұр Әлімова.
Елнұр Әлімованың айтуынша, мақаланы жасанды интеллект көмегімен жазатын болсаңыз, мақала авторы ретінде өз аты-жөніңізді жазу не жазбау, материалда жасанды интеллект көмегін қолданғаныңыз жайлы ескерту жайлы этикалық дилемма туындайды.
«NYT Microsoft, OpenAI компанияларына «жауапкерлер Times-тің журналистикаға қосқан үлкен үлесін тегін пайдалануға тырысып жатыр. Олар Times контентін өз өнімін жасау үшін тегін пайдаланады, сөйтіп бізден аудиторияны тартып алады» деп шағым түсірген. Бұл шағым әлі шешілмеді.
Біз өндірген контент олай таралып кетпеуі керек, жасанды интеллектінің өзінің этикалық стандарттары болуы керегін айтады. Ал News Corporation Australia Data Local тобы аптасына 3000 жаңалықты ЖИ арқылы жазады.
Сондай-ақ журналистер ЖИ көмегімен мақала жазғанын ашық айтпай, авторы ретінде өз аты-жөндерін жазып, жаңалықты ұсынып отырғаны үшін оқырмандардан ақша алады», – дейді журналист.
ІТ сарапшы Тимур Бектұрдың бұл саладан білгені көп. ЖИ-дың журналист жұмысын жеңілдетіп, уақыт жағынан ұтатын тұстарын тәжірибе жүзінде көрсете келе, оның мүмкіндігін сөзсіз пайдалану керектігін айтты.
Фестивальдің шарықтау шегі де әдемі аяқталды. Биыл жазда қор Ақтөбе, Қостанай және Павлодарда дата журналистика бойынша тренинг дәрісін өткізген. Оған өңірдегі журналистер қатысып, түрлі тақырыптарда дата стори жазды Солардың арасынан іріктелген 11 адам арнайы жүлдеге ие болып, марапатталды.