«Мінбер» журналистерді қолдау орталығына – 15 жыл. Осыған орай Алматыда орталықтың атқарған жобалары мен жұмыстары, жүргізген зерттеулеріне арналған «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестиваль өтті. Оның аясында қазақ журналистикасындағы мәселелер, тенденциялар мен трендтер талқыланып, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Фестивальдегі панельдік сессиялардың тізгінін ұстаған орталық жетекшісі, журналист Есенгүл Кәпқызы «Мінбердің» 15 жылдық тарихындағы істерді қысқаша шолып өтті.
«Мінбер» 2009 жылы қор ретінде құрылған. Негізін Есенгүл Кәпқызы мен Асхат Еркімбай қалаған. Қор журналистердің, әсіресе, аймақтағы тілшілердің біліктілігін арттыруды көздейді.
Алғашқы тренинг 2010 жылы мамырда «Медиа және жаңа технология» қолдаушылары тақырыбында өтеді. Сол жылы «Мінбер» сайты жасалады. Қор жүзеге асырған ең ұзақ жоба – Қызылорда қаласында өнірлік кітапханашылардың медиасауатын арттыру бойынша 2014-2018 жылдары өткен тренингтер.
2018 жылы қордың жанынан «Мінбер» ақпарат агенттігі құрылып, өзінің орны бар медиаға айналды. Қор бүгінде орталыққа дейін өсіп ақпараттық, ағартушылық, зерттеу бағытында жұмыс істейді.
«Мінбер» осыған дейін 50-ден астам тренинг өткізіп, оларды мыңға тарта журналист оқыған. Бірнеше оқу-әдістемелік құрал басып шығарған.
15 жылда түрлі серіктер болса, олардың ең тұрақтысы – Internews-Kazakhstan. Одан бөлек Beeline және ERG секілді бизнес өкілдері де қолдау танытқан. Соңғысының қолдауымен қор әліге дейін көптеген жобаны жүзеге асырып келеді.
ҚАЗАҚ МЕДИАСЫ: «МІНБЕР» ШОЛУЫ
Stat.gov сайтының мәліметі бойынша, 2024 жылдың ақпанындағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда 5834 ресми медиа тіркелген. Оның 3991-і газет-журнал, 657-сі ақпарат агенттіктер, 582-сі желілік басылымдар, 218-і телеарна, 90-ы радио.
Медиалар негізінен екі тілде ақпарат таратады. Қос тілді медиалардың саны – 2189.
ТЕНДЕНЦИЯ
Ranking.kz сайтының жазуынша, Қазақстанда баспа БАҚ-ы немесе мерзімді басылымдар азайып, онлайн медианың саны жылдам өсуде.
Алайда дәстүрлі БАҚ-тың азаюына және белгілі бір деңгейде маңызын жоғалта бастағанына қарамастан, Қазақстан үкіметі мемлекеттік медиаға бөлетін қаражатын қысқартпай отыр.
ӨҢІРДЕГІ АХУАЛ
Өңірлердегі ақпарат құралдарында бәсеке жоқ әрі бәсекеге қабілетті болуға деген ұмтылыс та байқалмайды. Медианың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. «Онсыз күн көруге болады» деген ой ешкімнің түсіне де кіріп шықпайды. Журналистердің айлығы шайлығына жетпесе де, осы бір «комфорт зонадан» шығуға құлықты емес.
Аймақтардағы жағдай біртекті, тенденция біреу – барлығында дерлік бір ғана облыстық газет бар. Облыстық журналистердің көбі мемлекеттен қаржыландырылатын ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Басқа жолды іздеуді мақсат етпейді де.
Орыстілді онлайн медиалардың қазақ тіліндегі нұсқасы бар. Алайда қазақ беті бірінші ашылмайды.
ҚАЗАҚТІЛДІ МЕДИАНЫҢ ДАМУЫНА НЕ КЕДЕРГІ
Қазақ кәсіби журналистері арасында Internews-Kazakhstan қоры жүргізген сауалнама нәтижесі мемлекеттік тапсырыс медиа дамуының ең басты кедергісі деп көрсетілген.
– Біз де осы пікірмен келісеміз. Біздің үкіметтің мақсаты – сапалы журналистиканы дамыту емес, керісінше, сапасыз журналистикаға мүдделі секілді. Біздің биліктің көздегені көңіл көтеру контентін көбейту, сол арқылы қоғамдағы маңызды мәселенің бетін көлегейлеу. Сондай-ақ билік қоғамдық пікірді басқару үшін пропагандаға қыруар қаржы бөліп келді. Соған қарамастан біз жолымызды жалғастыра береміз, – дейді Есенгүл Кәпқызы.
ОТАНДЫҚ МЕДИАНЫҢ ЖАЙЫ
Мұнан соң жиын спикерлер сөйлеген панельдік сессиялармен, түрлі шеберлік сағаттарымен жалғасты. Ұлыс сессияларда сөз алған спикерлердің келелі ойларын ұсынуды жөн көрді.
БИЛІК САПАЛЫ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ДАМУЫНА МҮДДЕЛІ ЕМЕС
Мақпал Мұқанқызы, «Азаттық» радиосының интернет-редакторы:
Елдегі сөз бостындығы ахуалы журналистиканың дауына әсер етеді. Біз қазір мемлекеттік органдардан ақпарат алу мүмкіндігі барынша қиындаған шақта өмір сүріп отырмыз. Аккредитацияға байланысты өзгерістер сапалы журналистиканың дамуына әсер етеді деп ойлаймын. Бүгінгі билік елде сапалы журналистиканың дамуына мүдделі емес. Оны зерттеуші журналистер, дата журналистер сезініп отыр. Бізде датаның сапасы мен оны алу мүмкіндігі бұрын да жақсы емес еді, қазір оны жетілдіруге деген талпыныс мүлде жоқ.
ЖУРНАЛИСТЕР МЕН ТҰТЫНУШЫЛАР ПАРАЛЕЛЬ ӘЛЕМДЕ ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАНДАЙ
Бэлла Орынбет, Internews-Kazakhstan, CAIIA бағдарламасының менеджері:
Медианы тұтыну бойынша 4 жыл бойы зерттеу жүргіздік. Соның аясында «қазіргі медианы тұтынушы кім» деген сұраққа жауап іздедік. Өзім адамдар онлайнға кетті, бәрін онлайн қарайды, теледидарды қарайтындар аз деп ойлайтынмын. Сөйтсем, адамдардың 66 пайызы теледидар қарайды екен. Олардың ішінде 43%-ы телесериал, 23%-ы ойын-сауық бағдарламаларын, 10%-ы сараптамалық контент тұтынатыны белгілі болды. Ал аймақтар негізінен, дәлірек айтқанда 67%-ы өздерінің жергілікті медиаларын қарайтыны анықталды. Ал онлайн медиа тұтынушылары – 22%. Өкінішке қарай, ол жақта шығатын контенттің 70%-ы теледидардағы танымал контенттерді көшіріп басады. Осы жерде айта кету керек, телевизия саласындағы журналистер контентті әлеуметтік желіге таратуды жақсы меңгерген. Ал сапалы материалдарға сұраныс жоғары емес.
Біз сондай-ақ әлеуметтік желіні тұтыну көрсеткішіне де зерттеу жүргіздік. Соның барысында анықталғаны инстаграмды 43%, тик-токты 40% шамасында, фейсбукты 17 пайыз қолданады.
Байқағанымыз, журналистер мен тұтынушылар паралель әлемде өмір сүріп жатқандай. Тұтынушылар желіде көп отырады бірақ журналистердің сараптама, зерттеу материалдарын тұтынбайды. Олар түрлі инфлюенсерлерді, блогерлерді көбірек тұтынады. Өкініштісі, медиа сілтемені бөлісумен шектеледі, аудиториямен кері байланыс форматы жоқ. Ал инфлюенсерлерде керісінше пайдалы ақпарат жоқтың қасы, бірақ олар аудиториямен кері байланыс жақсы жасайды. Олар аудиториясының кім екенін біледі.
КОНТЕНТТІ ЖАСАУ ҒАНА ЕМЕС, ОНЫ ТАРАТУ ДА ӨЗЕКТІ
Бақыт Аманжолқызы, стратегиялық коммуникация маманы:
Әлемдік ориентирге қарайтын болсақ, журналистиканың ахуалы әлем бойынша ұқсас. Әлем халқы неге сенеді деген зерттеуге сүйенсек, бүгінде әлем халқы бірінші кезекте үкіметке де, медиаға да емес, бірінші кезекте бизнеске сенеді екен. Екінші орында үкіметке, үшінші кезекте ғана медиаға сенеді. Сосын сапалы журналистика мәселесі бізде ғана емес, әлем бойынша өте өзекті болып тұрғанын атап өткен жөн.
Егер аудитория бизнеске сенетін болса, онда медиа да сол бизнеске бейімделуі керек. Қазіргі уақытты контентті жасау ғана емес, оны тарату да өте өзекті болып тұр. Оны инфобизнес өкілдері шебер меңгерген. Бір вебинар өтетін болса, ол туралы 20 күн бойы айтып, көрмеуге мүмкіндік қалдырмайды. Нарықта түрлі манипуляция құралдары жүр. Медиа соны қолдана бермейді.
АУДИТОРИЯНЫҢ ОЙЫН-САУЫҚ КОНТЕНТІН КӨБІРЕК ТҰТЫНУЫ ҚАЙДАН КЕЛДІ
Телевидениеде контенттің үлесі 50 де 50 болуы керек деген талап шыққанда қазақ тілді медиаларға бос сетканы толтыру керек болды. Сол кезде не арзан, жұлдыздармен бағдарлама жасау арзан болып, эфирге сол кетті де табиғи түрде ойын-сауыққа құмар аудитория қалыптасты. Сол ойын-сауыққа құмар аудитор онлайнға келді. Одан кейін мемлекеттік тапсырыста цифрға қарайды, неғұрлым көп қараса, соған тапсырыс береді. Соның нәтижесінде бүгінгі жағдайға жетіп отырмыз. Бұл кезеңнен көптеген ел өткен. Солардың жиі қолданатын инструменті бар – ол шығатын метариалды бөлек, продакшнды бөлек, промоушенді бөлек қарастырады. Осы технологины қазақ медиасы қолданса екен дейсің. Сапалы репортаж жасап, бюджеттің бір бөлігін промоушенге, таргетке, пиарға арнап, бұл неге жасалғанын түсіндіріп, әне шығады, міне шығады деп кәдімгідей промоушен жасау керек. Сонда кішкентай репортаждың өзін адамдар көреді. Бұл жерде инструменттерді ауыстыру керек сияқты.
МЕМЛЕКЕТКЕ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ДАМЫҒАНЫ ҚАЖЕТ ЕМЕС
Тимур Бекнұр, ІТ сарапшы:
Жалпы мемлекетке журналистиканың дамыған керек емес. Не керек оған, ол өзінің артын қазады, кемшілігін жазады. Қажет болса сынайды. Тіпті материалдың кесірінен министр орнынан айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет сапалы, зерттеу, дата журналистикасының дамуына мүдделі емес. Журналистиканың дамуына журналистер мүдделі. Иә, бізде датаға қол жеткізу қиын. Бірақ датаға қол жеткізу оңай мемлекетті көрген жоқпын. Бәлкім Америка дерсіздер. Бірақ ол жақта да үкімет датаны дайын күйінде бермейді. Оны журналистер қазып, зерттеп табады.
АҚШ журналистикасының бізден бір айырмашылығы – олар байыппен, асықпай бір нәрсенің соңына түсіп, істей береді. Біз шыдамсызбыз. Біз «конвергент журналистика» деп екі жыл талқыладық, қазір ешкім айтпайды. Одан кейін мультимедиа журналистикасы, зерттеу журналистикасы деп хайптан хайпқа өтіп кетеміз. Содан зерттеумен айналысып кеткен журналист шамалы. Иә, бұл жерде әңгіме қаржыға келіп тіреледі. Десе де қаржыны донаттан, патреоннан немесе жұрттан қайыр сұрап та жинауға болады. АҚШ-та мүйізі қарағайдай басылымдар екі-үш мақаласын оқытқаннан кейін ұялмай 5 доллар сұрайды. Бізде оны істеп көргендер болды, бірақ «қазақтар алмайды» деп қоя салады. Алмайтыны – үйренбеген ғой. Үйретуге 3, 4, 10 жыл кетеді.
АҚПАРАТ САЛАСЫНДАҒЫ САЯСАТ ДҰРЫС ЕМЕС
Жұлдыз Әбілда, медиатренер, журналист:
Медиа саладағы тренингтердің кішкентай болса да нәтижесі бар. Жоқ деуге болмайды. Бір адам сапалы контент жасап, оны көп адам оқымаса да, оны үлес деп есептеу керек. Оның үстіне заң өзгеріп жатыр, нарықтың ішінде жүріп те кей өзгерістерді білмей қаламыз. Ал тренингтер – «мен бәрін білемін, сендер ештеңе білмейсіңдер» деген емес, ой бөлісу, тәжірибе алмасу, жаңа нәрселерді айту. Қарапайым ғана нәрсе, ірі медиада істеп жатқан көп әріптесіміз сурет жариялауға байланысты дұрыс емес нәрселер істеп жатады. Мәселен, суицид туралы материалға қандай иллюстрация беру керегін білмейді. Бұл туралы арнайы тренинг те бар. Бірақ кей әріптесіміз «оны онсыз да білем, маған керек емес» деп қарайды. Шын мәнінде қарапайым нәрселерді білмейміз. Сондықтан тренингтердің көмегі тиіп жатыр.
Біздің мемлекеттің ақпарат саласындағы саясаты дұрыс емес. Бүкіл проблема осыдан туып отыр. Бізде материалды қаралыммен өлшейді. Сондықтан салмақты деген басылымдардың өзі жеңіл, қаралым әкелетін фронтқа қарай кетіп бара жатыр. Екінші нәрсе біз – аудиторияның сұранысы деп ақталғымыз келеді. Аудитория сіз қалай ертсеңіз, солай жүреді.
Бізге мемлекеттік тапсырыс беріледі, ол тапсырыста кішкентай болса да сын кетіп қалса, онда сізден ақшаны кесіп тастайды. Бас редактордан сөз естисің, содан ішкі цензура қалыптасады.
ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІ АБСТРАКТЫЛЫ НӘРСЕЛЕР ҚОЗҒАЙДЫ
Риза Исаева, Kursiv.media іскери порталының шеф-редакторы:
Өзім тренинг-семинарларға жиі барып тұруға тырысамын. Байқағаным Алматы, Астана сияқты қалалардағы ірі басылымдардың журналистері ондай жерлерге көп келмейді. Негізінен аймақтың журналистері белсенді. Одан кейін бір аңғарғаным, орыстілді журналистер нақты бір мәселенің төңірегінде ізденіп, тереңдетіп жазса, қазақ журналистері абстрактылы нәрселерді қозғап жатады. Осыдан-ақ тренингтердің керек екені, тренерлерден, өзге журналистерден үйренеріміз бар екенін көруге болады. Тренинг – үнемі өзгерістің дүниесі.
МЕДИАҒА АРАЛАСУ ҚАТТЫ БЕЛЕҢ АЛА БАСТАДЫ
Амангелді Құрмет, «Айқын» газетінің бас редакторы:
2010 жылдары блог ашқанда елбасыдан бастап депутатарға дейін әзілге айналдырып сөзбен түйреп отыратынбыз. Американы да, Қытайды, Ресейді де быт-шытын шығарып жазатынбыз. Соңғы бір-екі жылда әртүрлі сылтаумен медиаға араласу қатты белең ала бастады. Биліктің астыртын немесе ашық, тіпті әлеуметтік желілердегі қысымы көбейді. Араға ең қимасыңды салып ықпал етуге тырысатын тәсілге көшкен. Қазақтың «көңіл» деген дүниесінен ұстайтын болған. Бұл – өте жағымсыз құбылыс. Бірде бұрынғы мемлекеттік хатшы Марат Тәжин бас редакторларды жинағанда кейбір ағаларымыз «кешіріңіз, бізге АП айтқызбайды» дегенінде «мен ба сонда айтқызбаған, кім, соның атын атап, түсін түстеңіздерші» деген. Осындай қысым біздің медиада, оның ішінде менде де бар. Бұл адамдардың санасында цензура қалыптастырады. Бәлкім біздің журналистикадағы ең үлкен мәселе санадағы цензура шығар. Мемлекеттік медиа ретінде осының арасынан жол табуға тырысамыз, кейде цензураға жол береміз. Бұл – үлкен проблема.
БАСПАСӨЗ ДАМУЫ ҮШІН БИЛІК ДЕМОКРАТИЯЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК
Асылхан Мамашұлы, «Ara Media» youtube каналының журналисі:
Цензура екіге бөлінеді, біріншісі – «мынаны айтасың», «мынаны айтпайсың» деген биліктің тоқпағы, екіншісі – бас редактордың, журналистің ішкі цензурасы. «Мынаны жазуға болмайды», «мынаны айтсам, бәлеге қалам» дегендей. Әр журналистің күрескерлігі болады ғой, сондықтан бас редактор материал үшін күресуі керек. Қажет болса, өз еркіңмен жұмыстан кету керек.
Біздің жағдайымыз былай. Бөлмеге қамалып алып айқайлап, айқайлап үйге қайтамыз. Құдықтың түбінде «біз еркінбіз» деп айқайлайтын құрбақа болады ғой, шамамен біз сондаймыз. Журналистер түрлі тренингтерден біраз білім алып шығады, бірақ оны қайда қолданасың… Қолданайын десең, ақпарат кеңістігінде саған жол бермейді. Жалпы баспасөз дамуы үшін билік демократиялы болуы керек. Билік демократиялы болса, журналистика тренингсіз-ақ дамиды.
ЖЕҢІМПАЗДАРДЫ МАРАПАТТАУ
Фестиваль дата сторилердің авторларын марапаттаумен аяқталды. Биыл жазда қор Ақтөбе, Қостанай және Павлодарда дата журналистика шеберханасын өткізген. Оған өңірдегі журналистер қатысып, түрлі тақырыптарда дата стори жазған. Солардың арасында іріктеліп, 11 адам марапатталды. Ынталандыру сыйлығын Мөлдір Гапиз, Руслан Алкеев және Нұргүл Қонақбаева алды. Бірінші, екінші және үшінші орындар Ақтөбелік журналистер – Арайлым Букенбаеваға (1 орын), Райбек Сағадатовқа (2 орын), Меруерт Қалиеваға (3 орын) бұйырды. Бас жүлдені онкологиялық аурулар туралы дата стори жазып шыққан қостанайлық журналистер Заңғар Санай, Балауса Жүніс, Қайрат Елеусізов иеленді. «Ең креативті дата стори» номинациясы бойынша оралдық әріптестер Азамат Хамза, Динара Насыр марапатталды.