////

Кенесары Хан ескерткішін жөндеу үшін 300 миллион теңге жұмсалмақ

734 рет қаралды
фото: Борис Оленев (ТенгриНьюс)

18 Қарашада  Астанадағы Хан Кене – Кенесары Ханның Есіл өзені жағасында тұрған алып ескерткішін апаттық деп танып, орнынан уақытша алынды. Астана қаласының Мәдениет басқармасының мәліметі бойынша, 2024-2025 жылдары тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында Кенесары ханның ескерткішін реконструкциялау жоспарланғаны айтылған.

Ескерткіш 2001 жылдың 11 мамырында салтанатты түрде ашылған. 23 жылдың ішінде ескерткіштің тұғыры біраз мүжіліп, граниттерінің жігі ажырап, біраз тозығы жеткен. Сол үшін Астана қаласының Мәдениет басқармасы 2024 жылдың Қараша айында жөндеу жұмыстарының басталатынын айтқан.

“Ескерткішті жөндеу жұмыстары 2024 жылдың Қараша айында басталады. Объектінің реконструкциясы аяқталғаннан кейін 2025 жылдың көктемінде орнына қайта қою жоспарлануда” делінген.

Реконструкция жұмыстарын “КОНТИНЕНТ PLAST” ЖШС жүргізетін болады. Шымкенттік бұл компания Астана қалалық Музейлер бірлестігінің дирекциясымен Тамыз айында келісімге отырған. Жұмыстың құны қосымша құн салығын қоса есептегенде 309 миллион теңге.

Осыдан 22 жыл бұрын жазған Тәңір сынағы (Тәуелсіздік және Хан Кене) атты мына поэма-дастаннан үзінді жариялауға мәжбүрмін! Оқып шығыңдар! Мүмкін Бірді түсінесіздер, оқырманым!!! Қажет болса толық жариялауға да дайынмын!!!

* * *

(ұзын өлеңнен үзінді)

…Ойлауды өзің жайлы тоқыратқан,

Табылған өтті заман оқыра аттан.

Көк көрем,

Жусан көрем,

Қырық жылдай,

Бабамның қаны сіңген топырақтан.

Күйі де көмейдегі күйретіліп,

Мәз болып күнелткенге сүйретіліп.

Қой тысты,

Қоян мінез,

Жұмыр тұяқ

Жетекке жүре берген үйретіліп.

Қаламай мишығының күйі емдеуді,

әлі де жан жүрегі кісендеулі.

Үрлеуге өзі ұмтылып жанған шамын,

Қақсайды қызыл отқа түсем деуді.

Кеуделі

керілгенде тақтан үстем,

шалғаннан,

әсіресе, сақтан іштен.

Құл – сана қолын сілтеп елдігіме,

Күңдігін шалқытады мақтанышпен.

Мәңгүртке

Бодансың де,

Дербессің де,

Бәрібір

Басылса да жер көшкінге.

–Түсті,– деп, Тәелсіздік көктен өзі,

Көкке ұлып күңіренер келмес күнге.

Таптықты туасынан талқылаған,

Тірінің үйлесімсіз нарқы маған.

Елдікке әлімсақтан белгілі жай,

Қауіпті,

Рухы әлсіз салқын адам.

Тектінің Тәуелсіздік басты арманы,

Белгілі қай заманнан басталғаны.

Өтірік,

Құйдай лақап,

Азаттығым–

Аспаннан,

Шаңырақтан тасталғаны.

Бітсе де, маңдайға бақ, тағдайға шыр,

Ашына айтарым бар маңайға сыр.

Жолында Тәуелсіздік

Бабаларым,

Жан беріп,

Жан алысқан талай ғасыр.

Ой кенін суырайын, бұрғылайын,

Қан кешкен зар заманға бұрылайын.

Олжа ма,

Тәуелсіздік

Оңай келген?

Куәгер аспандағы бурыл айым!

***

* * *

Түк жүрек түңіліп тұр достан бүгін,

Түскендей төңкеріліп аспан күнің.

Барады боздап байқұс боздалада,

Інгендей ботасы өлген бостандығым.

Батқан кеш кірпік қақпай күн қабағы,

Ажалдың ашылып тұр кімге араны?

Ақырғы,

Ақырғы үнін Хан Кененің,

Тыңдады:

Түнек-қара,

Түн қаралы.

«Хан Кене қанатынан қайырылды,

Қасымнан

Қаламаймын қайырымды.

Алашым азаттығы әдірем қап,

Тарта алмай кетіп барам айылымды.

Аспанға атар енді бөркіңді кім,

Шыңғыртты құйын бұрап ел кіндігін.

Қара нар –

Қайран жұртым қамыт киіп,

Тұсалды, шұрғаланып еркіндігің.

Құй өкін,

Құй өкіріп жатып ауна,

Не керек түскеннен соң ақыл ауға.

Қиыны –

Қылқындырар батқан бұрау,

Алтайға,

Сары Арқаға,

Атырауға.

Тазы едім,

Қу түлкіні аттатпаған.

Қыран ем,

Қасқырлардың атқақтаған

Опырып

Омыртқасын шайнасам да,

Құмай – жұмыршағыма ас батпаған.

Жегенім желім,

Қанды ірің іштім,

Түн жортып

Кестім жолын ібілістің.

Атпай таң

Арқа-жарқа

Арқа жатар,

Ақырын көре алмадым ірі істің.

Келісті кейпіндегі күші де, есі,

Кеңесті баяғыдан кісінесі –

Даламның заңдылығын көгендеген,

Дуалға қамалғандар кісі ме осы?

Бас кеспек мына құлда кінә бар ма?

Бұғағын буған қарғы сорлы бұ да.

Ұқпады пасық манап

Мен кеткен соң,

Жанарын қасыреттің қорлығына.

Өз жұртым,

өлсемдағы ермегім сен.

Қол қосып қапияда ермедің сен.

Мен өлем,

өкінерсің,

көп татарсың,

Кенеге ермегеннің кермегін сен.

Тербе енді,

Тербе мені,

Жер бесігім,

Желменен жетер зарлы елге есімім.

Қан құсқан тарихыңның белесімін,

Қартыңның жасқа жаяр кеңесімін.

Көзі ашық

Көп сырымды ұғар бұдан,

Шашылар шар тарапқа шығар бір ән.

Аяла,

Азаттықты,

Ең әуелі,

Шегіршіл,

Іштен шыққан шұбар жылан.

Тіледім ел бірлігін әр уақта,

Хан болдым білемеген қару аққа.

Бүлдіргі бүлінгеннен алма деген,

Қолдамайд бүлінгенді Әруақта!

Естіге

Елім мәуе,

Көл-көсірмін.

Көгерткен көтеремін көрмесін мін.

Пәктігім,

Адалдығым

сондай менің,

Бәрінің жердегінің жерлесімін.

Ішімде,

Ібілісім,

Тарпаң жауым.

Ханға да,

Қараға да

Қалқан–

Қауым.

Торындай өрмекшінің

Тәуелсіздік–

Тым оңай

Тоқуыңнан,

Талқандауың!

Байлаған шырмауықтай бұралып мың,

Бұғауын бұзар жұртым бұғалықтың.

БАЙҚАУЫ ТӘҢІРІНІҢ

ТӘУЕЛСІЗДІК

БІРЛІГІН СЫНАЙТҰҒЫН БҰ ХАЛЫҚТЫҢ!».

Мұңайып жаңа бір ой тағы туды,

Кененің омырауы ағытулы.

Жөткіріп сөйлеп кетті:

«Бір ұл туар,

Сақтаңдар,

Аман-есен сауытымды!

Абай бол,

Адым сайын

Алдыңды аңғар!

Алтын сап қылышымды қалдырмаңдар!

Жаныңды алса алсын,

Жерің үшін,

Ар,

Намыс,

Рухыңды

Алдырмаңдар!

Шаршаған енді денем алсын демін,

Кигізіп жерлеймін деп алтын кебін.

Сүйрелеп сүйегімді әурелеме,

СҮЙСІН ШЫН,

РУХЫМДЫ ХАЛҚЫМ МЕНІҢ!»

Б.Бәмішұлы

***

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар