////

Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің күміс жылдары

333 рет қаралды
Қазақ қаламгерлері Дүниежүзі қазақтарының М құрылтайында

Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиеті өткен ғасырдың басқы ширегінде ірге тасы берік қаланып, қалыптасты. Оның алғашқы бастау көзінде Ақыт Үлімжіұлы болды десек артық айтқандық болмас. Олай дейтін себебіміз қазақта тұңғыш рет әдеби кітап шығарып, шығармаларын ауызша да жазбашада таратып, насихаттаған бірден бір ақын Ақыт еді.

Ол Алтай тауының күн бетінде туып, өмірінің жиырмадай жылын Қобда бетінде, Моңғолия жеріндегі қазақтар арасында өткізеді. Алайда Ақыт ақынның өмірінің соңғы жылдары Шығыс Түркістан-Шыңжанда (Қытай) өтуіне байланысты оның Моңғолиядағы қазақтың әдебиетінің қалыптасуындағы орны, ондағы ағартушылық қызметі көмескіленіп қала берді. Сөйтсе де көркем әдебиет зертеушілерінің тарапынан ақиқатты бұрмаламау, шындыққа тура қарап, адалдықтан аттамау талпыныстары болғанымен партиялық идеологиялық қысым құрсауынан шыға алмай Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиетнің бастауын тым кеш, кейінгі жылдардан, Моңғолия Халық Револиюциясының шапағаты ретінде айқындады. Мен Ақыт Үлімжіұлын Моңғолиядағы қазақтардың жазба әдебиетінің басы деп есептеймін. Бұл ақиқаттан аттамау тұрғысынан да, қазақ әдебиетінін бөліп-жармай, жақындастыру жағынан да әділ болады деп көремін.

АЛТАЙ ТАУЫНАН АРЫНДАЙ АСЫП, ҚҰЗАР БИІККЕ ЖЕТТІ

Қалай болған күнде де Моңғолиядағы қазақ әдебиеті жиырмасыншы ғасырда жалпы қазақ әдебиетінің қабырғалы қапталы, байсалды, баянды бай саласы болып қалыптасып, дамыды. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастау алған Моңғолия қарақтарының жаңа жазба әдебиеті қазақ әдебиеті атты телегей теңізге Алтай тауынан арындай асып келіп, сарқылмай, сарқырай құйылып жатқан мөлдір бұлаққа айналды. Бар-жоғы отызға жуық жылдың ішінде құзар биікке жетті.

Ұлттық ортадан жырақта, басқа тілді елдерде, үстем тілдердің қоршауында жүріп ана тілінде көркем әдебиет туындыларын тудыру айтуға тұрарлық құбылыс.

Cұлтан Тәукейұлы, Халық жазушысы

Моңғолия көркем әдебиетінің зертеушілері (Қ.Қалиасқарқұлы, З.Сейтжанов, С.Қорабай, Е.Кәпқызы, Е.Арыққарақызы, С.Жанбота, А.Байтанұлы, А.Хаутай қатарлы) Моңғолия қазақтарының жаңа әдебиетінің дамуын екі кезеңге бөліп қарастрып, 1940 жылдардан бастайды. Осыдан кейінгі жылдарда қаламгерлер саны да молайып, көркем әдебиеттің барлық жанры коммунистік партияның нұсқауы, бағыт-бағдарымен қоғаммен бірге иеологиялық талапқа сай дамыды. Жаңа әдебиеттің қалыптасуының алғашқы кезеңінің ірі өкілдері «Шет елдегі қазақ әдебиетінің талантты өкілі, Моңғолиядағы жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, драматург Ақтан Бабиұлы» (С.Қорабай), «Моңғолия қазақтарының жаңа сыпатты ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Моңғолия қазақ әдебиетінің қалыптасу қарсаңында барлық жанрда дерлік қалам тартып, оның көбінің үлгілік жолдарын көрсетіп, алғашқы ірге тасын қаласқан үлкен суреткер, мықты драматург, жазушы, ірі аудармашы Құрманхан Мұқамәдиұлы» (Х.Омарұлы).

Осы  қарсаңдағы ұлттың рухани-мәдени өміріндегі баға жетпес игі қадам, әдебиеттің өркендеуіне, насихатталып, кең таралуына, көкжиегінің кеңеюіне, атап айтсақ 1948 жылы жарық көрген «Өргендеу» («Жаңа өмір»), 1957 жылы шыққан «Жаңа талап» («Шұғыла»), 1960 жылдардан бастап Ұланбатыр қаласынан қазақ тілінде хабар тарата бастаған қазақ радиосының («Өлгий қазақ радиосы»)  қосқан үлесі өте үлкен. Бұл үрдіс әлі де жақсы жалғасын тауып отырғаны қуанышты.

Мағауия Сұлтанияұлы, Халық жазушысы

Ал Моңғолиядағы қазақ әдебиетінде көркем әдебиеттің ең үлкен, күрделі жанры роман 1976 жылы жазылды. Бұл елеулі оқиғаның басында тұрған Елеусіз Мұқамәдиұлының «Қобда қойнауында» атты романы. Онда қазақтардың Моңғолияға қоныстануы, тұрмыс тіршілігі және Ресейде болған қазан төңкерісінің әсері, Моңғол Халық Революциясының жеңісі көркем суреттеледі.

Өткен ғасырда қаламгерлер қатары молайып, ақын-жазушылардың үлкен шоғыры бой көтерді. Бір жылда 60 әңгіме жарық көріп, сол ғасырдың соңғы отыз жылында 150-ге тарта хикаят, отызға жуық роман жазылып, өлеңнің өрісі ранотталып, шығармашылдық табыстың шырқау биігінен көрінді. 1990 жыл дегенде отызға жуық ақын-жазушы Моңғолия Жазушылар Одағының мүшесі болды. Көркем әдебиеттің қарқынды дамығаны сондай оның әдеби журналы «Шұғыланың» таралымы 1989 жылы 4 мыңға жуықтайды.

2014 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған «Шет елдердегі қазақ әдебиеті: Ұжымдық монография» атты кітаптың аннотациясында «Шет елдердегі қазақ әдебиетінің бай тарихы егжей-тегжейлі зерттелді, диаспоралық қазақ әдебиеті туындылары біртұтас ұлттық әдебиет қазынасы ретінде қарастырылып, Қытай мен Монғолиядағы көрнекті қазақ ақындары мен жазушылары шығармаларының көркемдік, стилдік, жанрлық ерекшеліктері, шығармашылдық дәстүр мен сабақтастық мәселелері жан-жақты пайымдалды,- дейді де «Моңғолия қазақ әдебиеті отандық әдебиетінің бір бөлшегі ретінде өзінің тұңғиық поэзиясымен, таңдамалы шығармаларымен, ізгілікті ту еткен қалпымен ғасырдан ғасырға жете беретіні анық» деп ғылыми тұжырым жасап қортындылайды.

Олай болса, біз ХХ ғасырдағы 1909-жылдан 1970 жылға дейінгі аралықтағы алпыс жылды«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» десек, онда 1940-жылдардан 1990-жылдар аралығын әдебиеттің жемісті де жеңісті 50 жылын алтын демей-ақ қояйық, Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің күміс жылдары деп атауға әбден болады.

Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің дамуына қордалы, қормал отандық қазақ әдебиеті мен жергілікті моңғол, көрші орыс әдебиетінің үш жақты әсер-ықпалы аса зор болғандығы айдан анық.

Қазір де Моңғолия мен Қазақстан арасындағы мемлекет аралық байланысымыз, қарым-қатынасымыз жақсы. Барыс-келіс мол. Ол әдеби байланысымыздың дамуына, көркем әдебиеттің өсіп-өркендеуіне де зор ықпалын тигізуде. Ат төбеліндей монғолиялық жазушылар арасынан жуық жылдарда үш бірдей Моңғолия Халық жазушысы туып шықты. (Мағауия Сұлтанияұлы, Солтан Тәукейұлы, Шынай Рахметұлы). Бұл – әдебиет үшін үлкен көрсеткіш.

         Айта кету керек, 2023 жыл Моңғолиядағы қазақ қаламгері үшін ең бір жемісті жылдардың бірі болды. ҚЖО-ның басқарма төрағасы М.Құлкенов бастаған бір топ ақын-жазушылар Моңғолияда шығармашылық сапармен Ұланбатыр, Өлгий қалалары, Делүн ауданында болып жергілікті оқырман қауыммен және ондағы ақын-жазушылармен бетпе-бет кездесулер ұйымдастырды.  Жергілікті қаламгерлердің ынтасын арттырып, еңбегіне зор серпін берді. Жекелеген ақын-жазушылардың да еларалық барыс-келісі үзілген жоқ. Сондай-ақ, былтыр ҚЖО мен Зейнолла Сәнік атындағы   мәдениет қорының қолдауымен осы өлкеде туып-өскен, өмір сүрген қаламгерлердің туындылары жинақталып проза және поэзия жанрлары бойынша 36 жазушы, 84 ақынның туындылары қамтылған, екі том, жалпы көлемі 66 баспа табақ, «Қобданың қоңыр желі» атты антология жарық көріп (құрастырушылар: С.Рахметұлы, Б.Қайратұлы), Өлгейде, Алматыда (ҚЖО-да) және Астана қаласында тұсаукесері сәтті өтті әрі шетелдегі қазақ әдебиеті үшін үлкен қамқорлық, айтулы оқиға болды.

ҚОБДА ҚОЙНАУЫНАН БАСТАЛҒАН АРНАНЫҢ АРЫНДЫ ӨЗЕНІ

Бұл еңбек туралы Мереке Құлкенов мырза: «Авторлардың барлығы да қазіргі әлемдік және отандық көркем прозаның шеберлік мектебін жетік меңгерген қаламгер екені бірден көрінеді. Кейбір ішінара кездесетін және солай болуға тиіс жергілікті (диалект) тіл қолданыстарын ескермегенде, композициялық, стильдік, көркем суретеу тұрғысынан қазақстандық танымал жазушылардың әдеби қолтаңбасынан еш айырмашылық жоқ деуге болады. Ақындардың екінші томға енген жырларын Қобда қойнауынан басталған арнаның арынды өзенімен теңестірер едік», – дейді.

Шындығы да осы, шынайы бағалау.  Сондай-ақ, Отандастар қорының қолдауымен Баян-Өлгейлік қаламгерлері Сұлтан Тәукейұлының «Сеңгір таулар» романы,  Қ.Мысаханұлының, К.Ілиясұлының, М.Пұшатайұлының шығармалар жинағы,  Шынай Рахметұлының  «Маусымжан» атты әңгімелер,  Сұраған Рахметұлының  «Түске оранған күз», «Көлеңкенің сүгіреті» өлеңдер,  «Антиөлшем», атты әдеби зерттеу мақалалар, Байыт Қабанұлының «Сары қаймақ сағыныш» өлеңдер, толғаулар, поэмалар жинағы жарық көрді. Алталмыш еңбектердің барлығы өзіміздің «Әдебиет баспа үйі» баспасынан шыққанын атап өту ләзім. Сонымен қатар жергілікті жердің мецанаттарының қолдауымен де аға буын, жас-жасамыс қаламгерлердің еңбектері үздіксіз жарыққа шығып жатқанынан хабарымыз бар. Бұның бәрін жіпке тізу маңызды емес, жалпы әдебиетке деген жанашырлықтың барлығын айтпақпыз.

         Былтырғы  жылы Солтан Тәукейұлы, Ербақыт Нүсіпұлы, Зүлкәпіл Мәулітұлы қатарлы бірнеше жазушы ҚЖО-на мүшелікке ілесті.

         Моңғолиядағы қаламгерлердің туындыларын насихаттауда және олардың аяқ алысын белгілі деңгейде зерделеп, сараптап, шығармашылдық өрісінің кеңейіп, өресінің өсуіне Өлгей қалалық Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхананың  қосып отырған үлесі үлкен. Бұл кітапхана Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханамен  әріптестік ынтымақтастықта жұмыс істейді. Жергілікті жазушылармен кездесулер өткізу, жарық көрген кітаптардың таныстырылым-тұсау кесерін жасау, кітап оқу, әдеби-көркем жарыстар, басқа да түрлі іс-шаралар  ұйымдастыруы жергілікті қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қосып отыр.

         Моңғолия мен Қазақстанның әдеби-мәдени қарым-қатынасын нығайту, көркем шығармаларын насихаттау  «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің назарынан тыс қалып көрген жоқ.

         Биылғы жылы еліміздің «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп шет елдердегі танымал, белгілі этникалық қазақ өкілдерінің есімдерін және шығармаларын қазақстандық көпшілік қауымға кеңінен таныстыру, жас ұрпақтың бойында төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылықты күшейту, ұлттық сананы жаңғырту мақсатында «Ұлы Дала» халықаралық байқауын жариялаған болатын. 2024 жылдың жеңімпаздары арасынан моңғолиялық «Қобданың қоңыр желі» (өлеңдер, балладалар, толғаныстар) – Рысбек Зұрғанбайұлы, «Үркер ауып барады» (өлеңдер) – Зүлкәпіл Мәулітұлы, «Кімді кінәларсың…» (повестер мен әңгімелер) – Ербақыт Нүсіпұлы, «Өрікті көл» (повесть, әңгімелер) – Елеусіз Мұқамәдиұлы, «Айтағалы салт атты» (шығармалар) – Баман Құрманханұлы еңбектері жеңімпаз атанды. Оларды кітап етіп басып шығару туралы шешім қабылдады.

         Моңғолиядағы қазақ көркем әдебиетінің сапалық, көркемдік деңгейін салалық әдеби зеттеушілеріміз әлі де бере жатар. Жоғарыда айтқанымдай атажұртан алыс шалғайда болсада қазақ әдебиеті атты алып дарияға тынбай құя берер тұнық бір бұлағы екеніне сеніміміз кәміл.

Бақытбек Бәмішұлы,

филология ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар