Ата-бабамыздың қанымен, қайсар рухымен келген тәуелсіздік күні бүгінде ұлттық мерекелер тізімінде жоқ. Ел үшін маңызы аса зор мерекенің қазіргі мәртебесі қандай?
Биыл мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 33 жыл толып тұр. Осы жылдар аралығында “Тәуелсіздік күні” 31 жыл бойы ұлттық мерекелердің тізімінде келді. 2022 жылы заңға тиісті өзгерістер енгізілген кезде бұл мереке “ұлттық мереке” мәртебесінен айырылды. Енді ол мемлекеттік мереке қатарына қосылды, яғни бұл күні тәуелсіздік алуға үлес қосқан батырларымызды еске алатын тағзым күні ретінде аталып өтеді.
Ұлттық мереке күні мемлекеттік мекемелерде міндетті түрде арнайы іс-шара өтуі қажет. Ал мемлекеттік мерекеде арнайы іс-шара өткізуді міндеттемейтін көрінеді.
— Өз отбасымда міндетті түрде тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Біздің бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз, еркін тілдесіп, үлкен мүмкіндіктерге ие болып жатқанымыз осы азаттығымыздың арқасында ғой. Кейде бұл күн ұмытылып, тасада қалып қоя ма деп қорқамын. Егер тәуелсіздік алмасақ, қазір қалай күн кешер едік? – дейді Айсара Махметова.
25 қазанда Республика күнін атап өтіп жүргенімізге 2 жыл болды. Бұл өзгерістер енгізілген соң халықта “Тәуелсіздік күні тасады қалып қояды-ау” деген уайым пайда болды. Онсыз да жаңа жылды тойлауға асыққан үкімет тәуелсіздік күнінен бұрын жаңа жылға дайындықты ерте бастап кетеді ғой.
— 1986 жылы алаңға шыққан аға-апаларымыздың қайсарлығымен, батылдығымен келген мерекені ұлттық мерекелердің қатарынан алып тастағанына әуелден келіспедім. Бұрынғы мәртебесімен қалғаны дұрыс еді. Не дегенмен әрбіріміз үшін дербес мемлекетте, тыныш заманда өмір сүру үлкен бақыт қой. Біз сол дүниенің қадірінен айырылып бара жатырмыз, – дейді Астана қаласының тұрғыны Аружан Дәрібай.
Мәртебесі ауысса да, тәуелсіздік күнінің ел үшін маңызы жойылмасың. Азаттықтың ақ таңы мен мәртебесі қашан да биік болсын!
Дариға Суликова
Парақшамызға жазылыңыз