Бәрі 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан басталды. Содан бергі 13 жыл мерзімде Тәуелсіздік күнін жарытып тойлаған күніміз болмады. Өйткені көлеңкемізден қорықтық. Белгісіз “сыртқы күштерден” үрейлендік, сөйтіп алаңға мерекені тойлап шықпақ болған студент жастарды мерзімінен бұрын ауылына жібердік.
Дегенмен, соған қарамастан бізде бір жақсы дәстүр қалыптасып келе жатыр еді. Тәуелсіздік мерекесінен бұрын жаңа жылды тойламайтын, жаңа жылдық шыршаны тікпейтін болғанбыз. Санамыз соған біртіндеп үйреніп, көшеде Тәуелсіздік күнімен құттықтаған плакаттар пайда болып, жұрттың санасында мерекелік эйфория орнаған. Алайда, сол жақсы үрдіс соңғы екі жылда жып-жылмағай етіп жоғалтылды. Санамыздың түкпірінде ояна бастаған патриоттық сезімдеріміздің қайтадан күл талқан болуына бүгінде Тәуелсіздік мейрамын Республика күнімен алмастыру себеп болған секілді.
ҚАЙ МЕРЕКЕНІҢ САЛМАҒЫ БАСЫМ?
Тарихқа шегініп көрейік, Республика күні Қазақстанда ресми мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізіліпті. 2009 жылы “Мейрамдар туралы” жаңа заңда ол күн мерекелер тізімінен үнсіз ғана сызылып қалған. 1992 жылдан (ресми мереке тізіміне енбесе де) тойланып келген Республика күні елімізде 17 жыл бойы тойланған екен. Сосын он үш жыл санамыздан өшіруге күш салынды. Ешкім ондай датаның бар екеніне назар аудармады. Алайда, 2011 жылдан Тәуелсіздік күні де өз деңгейінде аталып өтілмеді. 2022 жылы Тәуелсіздік мейрамының орнын Республика күні қайта басты.
Екі мейрамның бір-бірін алма-кезек ауыстыруына қарағанда, бұл күндердің саяси салмағы тепе-тең бе дейсің. Дегенмен, 1990 жылы (25 қазанда) қабылданған Республика күні Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол салғанымен, Қазақстан әлі де Советтер одағының құрамында еді. Бұл күннің маңызы туралы 2008 жылы 24 қантарда Мәскеуде сол кездегі Ресей Федерациясындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Нұртай Әбіқаев:
“Бұл күн шын мәнісінде менің елімнің барлық азаматы үшін ерекше күн. Мәселе, осыдан 18 жыл бұрын (1990 жылдың 25 қазанында) бірінші рет әлемге өзіндік қалыптасқан көзқарасы, жеке салт-дәстүрі бар республика ретінде жариялап қана қойған жоқ, сонымен қатар, өзінің болашақ дамуын да болжай алды” деген екен.
“Азаттық” радиосы жүргізген дөңгелек үстелде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты болған, Егемендік декларациясының жобасын дайындауға қатысқан Александр Перегрин бұл құжаттың негізгі мазмұны жайында былай дейді:
– Декларация, сөз жоқ, Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуы жолында маңызды рөл ойнады. Қазақстан Егемендік декларациясын өзге республикалармен салыстырғанда кеш қабылдады. Өйткені, Қазақстан соңғы сәтке дейін Советтер одағын сақтауды қолдады. Декларацияда тіптен Қазақ ССР деген атау сол бойы сақталған еді. Тіпті сол кезде елдің атауына қатысты әртүрлі ұсыныстар да болды. Мәселен, президиум мүшесі Виталий Воронов елдің атауын – Қазақ Республикасы деп атауды ұсынды. Өкінішке қарай қабылданбады. Сондай-ақ, декларацияда Қазақстан азаматтарына СССР азаматтығы сақталатындығы және сақталатындығына кепіл берілетіндігі, Советтер одағының Конституциясының нормалары басшылыққа алынатындығы үнемі айтылып отырды.
1991 жылы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” заң қабылданды.
Аталған дөңгелек үстелге қатысқан адамдардың көбі Егемендік декларациясы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екендігіне кепіл бола алмайтындығын айтады. Бірақ шешендердің негізгі мақсаты Тәуелсіздік күнінің маңызын әспеттеу емес, “Елбасы” шешімінің дұрыс болғандығын паш ету болған секілді.
Мәселен, сол кезде де, қазір де Парламент депутаты Нұртай Сабильянов Егемендік декларациясының Қазақстанның халықаралық қатынастарда жеке ел екендігіне кепіл бола алмағандығын айтады. “Бір ғана Декларация негізінде басқа мемлекеттер Қазақстанды жеке ел ретінде тани алмады. Онда Казақ ССР-інің егемендігі туралы айтылса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданды. Декларация қабылданғанымен, біз әлі де СССР құрамында едік. Әрине, кез келген уақытта шығып кету құқығына ие болдық. Меніңше, осы аргумент Республика күнін мерекелер тізімінен алып тастауға негіз болған секілді” дейді ол.
Қоғам және мемлекет қайраткері, марқұм Серікболсын Әбділдин де Республика күнінен Тәуелсіздік күнінің бәсі басым екендігіне назар аударады. “Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі” туралы Декларация жобасының жетекшісі болған Секең [Серікболсын Әбділдин] бұл құжаттың дайындалу барысын және қабылдану процесін өте жақсы білетіндігін айтады:
– Декларацияны соңғылардың бірі болып қабылдағанымыз рас. Заңды Сәуірде қабылдадық, өйткені Назарбаев 1990 жылдың 25 қазанында сайланған президент болғысы келетіндігін айтты. Декларацияның барлық бабы Советтер одағының Конституциясына негізделді, байланды. Дегенмен, Одақтан шығып кету мүмкіндігі қарастырылды. Біз үшін жалпыұлттық мереке ретінде екі дата – 1990 жылдың 25 қазаны мен 1991 жылдың 16 желтоқсаны қарастырылды.
Дегенмен, Серікболсын Әбділдин 25 қазанның ұлттық мерекелер тізімінен сызылып қалғанын мақұлдайды. Өйткені, Тәуелсіздікті арнайы жариялаған күніміздің біздің тарихымызда маңызға ие екендігіне көңіл бөледі.
– Кез келген мемлекетте мемлекеттің тәуелсіздігін жариялаған күн ұлттық мереке болып саналады, – деген ол.
ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛДЫ МА?
Көптеген саясаттанушылар Тәуелсіздік күнінің 16 желтоқсан күні қабылданғаны дұрыс болмады деген пікірде. Өйткені, бір күннен кейін жалпыұлттық аза тұту күні, 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасының” ызғары санамызда берік орын алды. Тәуелсіздік мерекесінің ертеңінде үнемі Желтоқсан құрбандарын еске алу күні болады. Сол себепті де, қаралы күнмен жарысқан Тәуелсіздік мерекесін тойлау дұрыс болмады деген пікірлер жиі ұшырасатын.
Мәселен, Paperlab өткізген әлеуметтік сауалнама қатысушыларының басым көпшілігі бұл күнді жалпыұлттық мерекелік көңіл күйден гөрі, тәуелсіздік құрбандарына тағзым ету күні ретінде қабылдайтындығын айтқан.
Ұлыс медиа басылымы да бұл күнді қаралы оқиғалармен еске алатындығын жазады. Сол себепті де, бұл датаның 25 қазанға ауыстырылуы заңды деген ой айтады басылым. Оның үстіне 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясынан кейін бұл тарихи маңызы көмескілене бастады. Бұрынғыдай жаппай тойлау үрдісі азайды.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлі (марқұм) 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсаннан 25 қазанға ауыстырған дұрыс болды деген пікір айтқан екен:
— Тәуелсіздік күнін қандай датамен алмастырған абзал деп сұрағанда, мен 25 қазан деген ұсыныс айттым. Жаңаөзендегі қырғыннан кейін 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні бола алмайды. Бұл күнді тек құрбандарды еске алу күні ретінде атап өту керек, – деген екен ол.
P.S. Дегенмен, қалай десе де Республика күнінен Тәуелсіздік күнінің десі басым. Бұл күні біз бүкіл әлемге жеке ел ретінде өзімізді паш еттік. Әлем таныды. Республика күні Тәуелсіздікке барар жолды салып бергенімен, біз әлі Советтер одағының құрсауынан босамаған едік. Жаһанға жар сала алмаған едік. Сондықтан да бізді ешкім тәуелсіз ел ретінде танымады. Ал 16 желтоқсан, Тәуелсіздігімізді жар жаһанға паш еткен күн біздің санамыздан өшпеуі керек. Оны ұрпақ санасынан өшіру кімге тиімді екенін бәрібір түсіне алмадық?