Желтоқсан ортасында конференция лига аясында елордалық «Астана» футбол клубы «өз алаңында» дәлірек айтсақ, Алматыдағы орталық стадионда атақты лондондық «Челсиды» қабылдады. Лига жеребесі тартылған кезде бүкіл қазақ жанкүйерлері: «Челсиді» көреміз, әлем футболының жарық жұлдыздары келеді»,–деп үміттенген еді. Ақталмады. Өйткені Алматыға атақты клубтың 18-19 жастағы жастары келді. Бірақ кім келсе де спорттың аты спорт, Челсидің аты – аты Челси.
Жастар келді деп билеттерін кері қайтарған жан болмады. Ағылшын клубын құдасындай күткен қазақ жанкүйерлері қытымыр аяз бен жапалақтап жауған қарға қарамай, оңтүстік астанаға ағылды. Ал Алматының сол күнгі ауа-райын қарап алған интернет қолданушылары желіні түрлі мемдармен толтырды. Айтса, айтқандай-ақ екен. Көптің үміті тағы да ақталмады. Арзан билетті 10, қымбатын 40 мың теңгеге алған жанкүйерлер ойын барысында стадион ішіндегі келеңсіздіктерді видео, фотоға түсіріп, өз реніштерін білдіріп жатты. Халық қаласа, хан түйесін сояды,–деді ме? Ойын барысында Орталық стадион директоры орнын босатты.
Жұмысынан айырылған стадион директоры Бауыржан Жұмажанов Tengri Sport интернет басылымына берген пікірінде қонақ команда ешқандай шағым айтпағанын жеткізді. Ол да қуанарлық жағдай. Бірақ футбол көруге келген адамдар ше? Футболшыға жағдай жасағаны қуанарлық іс. Оған ешқандай кінә арта алмаймыз. Оның үстіне шағым жасамағаны бар. Десе де футбол ең алдымен жанкүйер үшін ойналатынын ұмытпаған жөн-ақ.
Жоғарыда аты аталған басылымға берген пікірінде бұрынғы стадион директоры: «Бізде бос жұмыс орындары жоқ, адамдар жетпейді және жалақысы өте аз, шамамен 80-85 мың теңге. 10 гектар жер, 40 мың шаршы метрге жуық трибуна тазаланып, 17 мың 400 метр ішкі үй-жайлар жуылады. Бүгінде бізде төрт аула сыпырушысы мен он тазалаушы бар. Ал сыртқы дәретханаларды тек екі адам ғана тазартады, мысалы. қар тазалауға тек 4 адам бөлінді, бәрін алып тастауға уақыты болмады. Ел көңілінен шықпай қалған трибуна үстінде қалқан жоқ, сондықтан онда қар көп болды,– деп базынасын айтты. Оны да түсінуге болады.
Vesti.kz сайтында Астана мен Лондон командаларының матчын көруге 20952 жанкүйер келгені жазылды. Жоғарыда билет құны қанша болғанын атап өттік. Ойын көруге келген әр адам 10000 теңгеден билет алды деген күннің өзінде одан түскен қаржының сомасы 200 миллионнан асып кетеді. Ол қаржы стадионға түсті ме, әлде «Астана» клубының қоржынына түсті ме? Бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Билеттен түскен ақшаның бір бөлігін стадион ішін тазалайтын адам жалдауға жұмсауға да болар еді. Оны сырттан келген команданы қабылдап жатқан «Астана» клубы да стадион басшылығы да ескермей қалды ма? Әлде басқа себептер бар ма? Осы мәселе ашық күйінде қала берді. Қалай боғанда да футболшыларға қандай жақсы жағдай жасалса, жанкүйерге де сондай жағдай жасалғаны жөн.
Челси» ешқандай шағым түсірмей, үн-түнсіз кетіп қалғаны қуантып отыр. Әйтпесе, билет ақшасы түгелдей айыппұл төлеуге кетер еді. Жалпы біздің клубтардың еурокубок бәсекелерінің күзгі кезеңіне өткені тиімсіз. Алматыдағы жағдай оған дәлел. Футбол инфрақұрылымын жөндеп алмай, еурокубок жайында ойлаудың өзі қате. Қазір сол мәселеге мән бермесек, болашақта опық жейміз. Ондай жағдай ел тарихында болғанын да көзі қарақты жанкүйер біледі. Ел футболы Азия футбол конфедерациясында болған кезде семейлік «Елімай» Азия чемпиондар лигасының екінші кезеңінде саудиялық «Әл-Наср» (қазір ол клубта Криштиану Роналдо ойнайды) командасын қабылдауы керек болды. Бірақ күн салқын деп ұшақтан шықпай қойған арабиялық команда кері кетті. Оған дейінгі ойында арабтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Ойын 1995 жылы қазанның 27-сі өтуі керек болды. Архивтерде сол күні ауа-райы -6 болғанын дәлелдейді. Ал матч -15 градусқа дейінгі ауа-райында ойналады.
Араб командасы ойынға шықпаса да есеп 0:0 деп жазылды. Қорытындысында КриРо-ның қазіргі клубы жарыстың финалына дейін жетті. Арабтардың Азия футбол конфедерециясын матч есебін 0:0 етіп жазуға қалай көндіргенін білмейміз. Бірақ «Елімай» жарысты жалғастыратын болса, басқа клубтар да салқында ойнаудан баст тартады десе керек. Бірақ бұл жай ғана болжам. Алматыдағы жағдай біздің елде футболшыларға ғана жағдай жасалатынын көрсетті. Олай жасаудың да өзіндік себептері бар екеніне стадион директорының пікірінен көруге болады. Ал қалың көрермен сағат жарым қар үстінде тұруға мәжбүр. Қонақжай халықпыз, бірақ қонақтың жайын ойлап жүріп өз азаматтарымыздың жағдайына немқұрайлы қарауға болмайды-ау.
Түгелбай Бисен,
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз