///

Дос Көшім: Амалсыздан емес, шын жүректен Ресейге жағынатынымызды мойындау керек

153 рет қаралды

2024 жылдың шулы әрі оқиғаларының бірі – Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапармен келуі. Қазақстан Үкіметінің орыс тілінің пайдасына бірнеше құжатты қабылдауы болған еді. Кейбір халық қалаулылары биліктің бұл әрекетін ақтап, Казақстан мұндай қадамға амалсыздан барып отыр деген болатын. Шынымен солай ма? Осы тұста Minber.kz журналисі Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі қарым-қатынас пен соғыс қаупі туралы саясаттанушы Дос Көшіммен шағын сұхбат өткізді.

ОРЫС ТІЛІН САҚТАП ҚАЛУ, ДАМЫТУ – РЕСЕЙДІҢ ӨЗІНІҢ МӘСЕЛЕСІ, ҚАЗАҚТАРДІКІ ЕМЕС

– Дос мырза, “Мінбер” сайты 2024 жылдың басты оқиғаларына шолу жасап жатыр еді. Солардың бірі әрі маңыздысы 27 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапармен Қазақстанға келіп кетуі. Әуежайдан оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алып, сән-салтанатпен күтіп алды. Әлжеліде таралған суреттерден құрмет қарауалы мен аспанда Ресей туы түстес түтін таратқан ұшақтарды байқауға болады. Мұнымен қоса, Астананың әр бұрышындағы стендтерде Ресей туы, Путиннің суреті және «Жоғары мәртебелі РФ президенті Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз» деген жазуы бар баннерлер қойылған. Мұндай “ілтипат” желіде біраз шу тудырып, қоғам белсенділері тарапынан наразылықтар айтылған еді. Ресей президентін Қазақстанда бұл жолы ерекше салтанатпен күтіп алғаны желіде біраз қызу талқыға түскен. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Президенттерді қарсы алудың белгілі бір хаттамалық нормалары болады. Бұл халықаралық дипломатияның бір бөлігі. Алайда Путинді бұл сапарында ерекше салтанатпен күтіп алғанымыз рас, бұған өзім де таңғалдым. Украинадағы соғыс пен Ресейдің халықаралық аренадағы агрессивті саясатына байланысты контексті ескерсек, біз бұл мәселеде өте сақ болуымыз керек деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары Ресей саясаткерлері “Солтүстік Қазақстан біздікі, Қазақстанда русофобия” бар дегенді жиі айтатын болған. Бірақ бұған біздің үкімет көз жұма қарап, керісінше, реті келсе Ресейге көбірек ығысатыны байқалып қалады. Ал бұл нәрсе Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатымен қаншалықты үйлеседі?

– Көпвекторлы саясаттың бізге көмегі тигені де рас және әлі осы саясатты ұстанып отырғанымыз да рас. Бірақ бірнәрсені түсінуіміз керек. Біздің еліміздегі басшылардың барлығы дерлік Ресейден шыққан. Яғни, орыс тілінде тәрбие алып, орыс мәдениетімен сусындаған адамдар, оның ішінде президентіміз де бар, оны мойындаймын. Сондықтан олардың Ресеймен байланысы амалсыздан емес, өздерінің қалауы бойынша, яғни “бүйректері бұрып тұрады” деуге болады. Бұл біздің элитаның ұстанып келе жатқан ұстанымы.

Қазақ тілінің қолдану деңгейі орыс тілінен төмен болуының себебі де осы. Иә, халықтың көпшілігі, соның ішінде өзіміздің қазақтар тәуелсіз саясат ұстануымызды, тіліміздің дамуы жөніндегі талаптарын үнемі қойып отырады. Бірақ биліктің көзқарасы ондай емес. Сондықтан амалсыздан емес, шын жүректен Ресейге жағынатынымызды мойындау керек.

– Путин бұл жолғы іссапарында “Қазақстан – орыстілді мемлекет” деген пікір білдірді. Онымен қоса “орыс тілі ұйымын құру” туралы шешімге қол қойылды. Қазақстан оған жыл сайын шамамен 43 миллион теңге бөліп отыруы тиіс. Елде қазақ тілі әлі дұрыс орныға алмай тұрған тұста орыс тілі ұйымын құру туралы ұсынысқа не айтасыз?

– Біріншіден, бұл саясат. Ресей агрессиялық елге айналды. Қазір Ресей Украинамен соғысып жатыр. Жерінің 5/1-ін басып алды. Енді оның келесі нысанасы кім болады? Менің ойымша, Молдова немесе Қазақстан болуы мүмкін. Себебі, соңғы 5-6 жыл бойы бізге деген ақпараттық соғысын байқауға болады.

Бұл ақпараттық соғысқа негізінен Қазақстан халқын емес, өздерінің халқын дайындады. Осы мәселеге байланысты біздің басшылығымыз ілтипат білдіруге тырысты. “Иә, біз орыс тілін қолдаймыз, орыстілділерге ешқандай қиянат боп жатқан жоқ” дегенді барынша көрсетіп, орыс тілін қолдап отыр. Шындығында, бұл Қазақстанның мәселесі емес, мұның бізге қажеті жоқ, тіпті ТМД елдеріне де керек емес.

Орыс тілін сақтап қалу, дамыту – Ресейдің өзінің мәселесі, қазақтардікі емес.

Біздің өз мемлекеттік тіліміз бар. Біз соны өз тұғырына қоюымыз керек. Сондықтан бұл мәселені мен “саяси бағытта жасалған ілтипат” дер ем.

Бірақ мұның беретін үлкен бір қаупі бар. Біздің елдегі орыстілді қазақтар қазақ тілін еш уақытта мойындамайды. Қазақша сөйлегісі келмейтіндерге бұл бір күшті желеу болады. Олар “көрдіңдер ме, биліктің өзі орыс тілін қолдап, дамытуға мүдделі боп отыр” дейді. Ал бұл өз кезегінде қазақ тілінің дамуына кедергі келтіретіні анық.

– Жаңа Ресей Украинадан кейін Қазақстан мен Молдоваға шабуылдауы мүмкін деп айтып өттіңіз. Сонда Путинді үлкен құрметпен қарсы алу да, орыс тілі ұйымын құруға ұсыныс білдіру де осыны болдырмаудың алғышарты боп тұр ғой. Ал мұның тағы басқаша себептері болуы мүмкін бе?

– Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншіден, иә, агрессияны тоқтата тұруға бір қадам жасап отыр деп ойлаймын. Екіншіден, біздің биліктің орыс тіліне құрметі әуелден ерекше, олар соны көрсетіп отыр. Бір жағынан “көрдіңдер ғой, соғыстың алдын алуға тырысып жатырмыз” дегенді халыққа көрсетіп, өз мүдделерін оған қосақтап, бір оқпен екі қоян атып отыр.

– Ресей мен Украина арасындағы соғыста Ресей жеңіске жететін болса, мұның Қазақстанға әсері қандай болмақ?

– Егер Ресей Украинамен соғыста жеңетін болса, агрессиясын көршілес елдерге көрсетуді міндетті түрде жалғастыра беретін болады. Мен оған тіпті таңғалмаймын. Тілдесі, діндесі, рухтасы болған Украинаға шабуылдап отырғанда Орта Азия мен Кавказды не қылсын?

Ресей мұндай басқыншылықты 18 ғасырдан бастап жүргізіп келеді. Күнгей Кавказ (Закавказье) бен Орта Азияны жаулап алғанын тарихтан білесіздер. Путин соған қайтып баруы мүмкін. Өйткені қазір Ресей империалдық – шовинистік бағытты ұстанып отыр.

“КЕҢЕС ҮКІМЕТІНДЕ ҚАЛА БЕРЕЙІК” ДЕГЕН АДАМДАР ЕЛДІ БИЛЕП ОТЫР ДЕП ОЙЛАЙМЫН

– Жыл басында “Түркі елдерінің басын біріктіреміз, Тұран ұйымын құрамыз” деген әңгіме жиі айтылып жүрді. Бірақ ұйым сол күйі құрылмады. Егер Ресей Орта Азия елдеріне шабуылдайтын болса, олардың бір-біріне көмекке келуі қаншалықты мүмкін?

– Дәл қазір мен түркі елдерінің басы бірігуі мүмкін екенін елестете алмаймын. Соғыс жағдайы болса қалса, экономика, қару-жарақтар беру жағынан көмектесуі мүмкін. Әсіресе, Түркия тарапынан соны күтемін. Ал өзіміздің қасымыздағы елдер соғыс бола қалғанда көмектесуге келеді деп айта алмаймын. Әркім өзінің басымен қайғы болады. Түркітілдес халықтардың рухани және мәдени байланысы бар әрі ол берік. ТҮРКСОЙ, Түрік кеңесі бар.

Қысқасы, бұл бағытта жақсы жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ бізде әлі күнге дейін Еуроодақ сияқты бірігіп, әскери блок құратындай деңгейге жеткен жоқпыз. Бұның бәрі тек сөз жүзінде екенін мойындау керек.

– Ұйым демекші, бізде ШЫҰ, ҰҚШҰ, Еуразия экономикалық одағы секілді ұйымдар бар ғой. Осыларға қатысты түрлі пікірлер шығып жатады. Мысалы біреулер ҰҚШҰ-нан шығып кету керек дейді. Бұл Қазақстан үшін тиімді ме?

– Қазақстанның ҰҚШҰ, ШЫҰ, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты ұйымдарға кіруі бұрынғы Кеңес үкіметінен қалған менталитеттің әлі де қалғанын көрсетеді. Кейбіреулер “Кеңес үкіметі амалсыздан тараған, “үш славян мемлекеті бас қосып, КСРО-ны ыдыратып жіберді” деп айтып жатады. Кейде олардың сөзінде жан бар секілді көрінеді.

Біздің басшыларымыз әлі де сол кеңестік бағытта қалып қойған. ҰҚШҰ, ТМД секілді одақтардан шыққысы келмейді. Өз алдына тәуелсіздігін алған ел метрополиядан барынша қашуы керек. Біздің жағдайда ол Ресей болып тұр. Тәуелсіз ел бола тұра Ресей бар немесе Ресей құрған ұйымдардан шыққымыз келмейді. Маған бұл өте қисынсыз көрінеді. Меніңше, біздің басшылықтың “тәуелсіздік” сөзін ешқашан айтпағанынан, жоғарыда тәуелсіздік үшін күреспеген адамдар отыр.

Биліктегілердің ешқайсы Желтоқсан көтерілісінде болмаған. “Кеңес үкіметінде қала берейік” деген адамдар елді билеп отыр деп ойлаймын. Сондықтан біз Ресейге жақындап, қажетсіз ұйымдардан шыға алмай отырмыз. Бұл сол “кеңестік індеттен” болып отыр.

ПУТИННІҢ БИЛІКТЕН КЕТУІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕЙДІ

– ШЫҰ болашақта НАТО секілді бола алады дейтін пайымдау да бар. Қалай ойлайсыз, ШЫҰ НАТО секілді бола ала ма?

– ШЫҰ әскери ұйым бола алмайды. Өйткені ол әуелбастан экономикалық ұйым ретінде құрылды. Әрі мұның бастамасын көтерген Қытай. Қытай АҚШ-пен экономикалық бәсекелестікте жүрген ел. Сондықтан оның АҚШ-қа қырғиқабақ құрылған ұйым екені анық.

Ал НАТО-ның бағыты, ұйымдық деңгейі мүлдем бөлек. Ол шындығында да әрі әскери одақ. Ондағылар бір басшылықтың қол астына бірігіп отыр. Ұйымдасу деңгейі де өте жоғары. Оған оңайлықпен жете алмайды қалғаны.

– Ресейде Путиннің орнына басқа адам билікке келсе, Кремльдің жүргізіп отырған саясаты, таратып отырған идеологиясы қаншалықты өзгереді? Өзгеруі мүмкін бе?

– Әзірше өзгермейді. Өйткені әңгіме жалғыз Путинде емес. Иә, жеке адамның тарихта рөлі бар дейді. Бірақ бұл жерде Путиннің емес, Ресейдің саясаты. Орнына кім келсе де, бұл саясат жақын арада өзгермейді.

Егер қазіргі биліктегі саяси күштің орнына жаңа саяси күш келсе, онда өзгеруі мүмкін. Бірақ мен қазіргі Ресейден ондайды көріп отырғаным жоқ. Алексей Навальный да өлді. Қазір Ресейде Путиннің империалистік жүйесіне қарсы бас көтеретін оппозициялық күш бар деп айта алмаймын.

Украиналықтардан сұрасаң, олар “біз Путинмен емес, орыс халқымен соғысып жатырмыз” дейді. Себебі Путинді қолдап отырған халық бар. Ұлттың, адамның жақсысы не жаманы болмайды десек те, қазіргі Ресейде фашистік көзқарастағы адамдар көп. Ресейден көшіп келген орыс жолдастарым бар. Олар “Ресей өзгерді, сен білмейсің ғой, ол қазір бұрынғы Германия секілді фашистік ұлтқа айналды” деп өздері айтып бергені бар. Сондықтан Путиннің биліктен кетуімен барлық мәселе шешіле салмайды.

– Әңгімеңізге рахмет

Әңгімелескен Данагүл Науқанова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар