Желтоқсанның 23-інде Фейсбук қолданушысы Біржан Ахмер досы, әріптесі. жазушы, ұстаз Қуат Айтқалидың Семей қалалық шыршаны безендіру барысында жазатайым құлап, жан сақтау бөліміне түскені туралы жазды. Кейіннен бұл ақпарат біраз сайттың бетінен көрініс тапты.
Қайғылы оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталған. Қазақстан телеарнасының берген ақпаратына сенсек, Қалалық білім бөлімінің бастығы орнынан алынып, мектеп мұғалімдерін шырша құруға жұмсаған үш мектептің директорларына қатаң тәртіптік жаза қолданылған.
Vlast.kz сайты Семей қаласының әкімдігінің шыршаларды безендіру мақсатында 30 миллион теңге бөлгендігін жазған.
Ал, Семей облыстық Білім басқармасы қалада жаңажылдық шыршаны безендіруге 25 миллион теңге бөлінгенін, бұл қаржы тек шырша сатып алуға ғана арналғанын, ал шыршаны орнатуға еріктілер тартылуы тиіс болғанын мәлімдеген.
Бізді таңқалдырған дүние, мектеп мұғалімдерінің жаңа жылдық шырша құруға қандай қатысы бар екендігі? Бақсақ бақа екен демекші, мемлекеттік сатып алулар порталын ақтарып отыр, жаңа жылдық шыршаны безендіру тендерін Семей қалалық Білім бөлімі жүргізгендігін анықтадық.
Сонымен мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге сүйенсек, онда “Семей қаласы әкімінің Жаңа жылдық шыршасы”іс-шарасын ресімдеу және ұйымдастыру жөніндегі төрт түрлі қызметті кездестіреміз.
Бұлардың ең ірісі 21 миллион 746 500 мың теңгеге (қосымша құн салығын қоспағанда) 12 желтоқсанда жасалған келісім шарт. Шарт бойынша “өнім беруші жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, Қалалық мектептердің аз қамтылған, көп балалы отбасыларынан шыққан балаларға, сондай-ақ Абралы өңірінің балаларына арналған “Семей қаласы әкімінің Жаңа жылдық шыршасы” іс-шарасын дайындау және ұйымдастыру(костюмдер тігу және деректемелер дайындау) бойынша қызмет көрсетуге міндеттенеді” делінген. Бұл қызметті орындаушы – Абай облысы білім басқармасының Семей қаласы білім бөлімінің “Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
Қалған үш қызметке тапсырыс беруші мекеме де осы Семей қаласы білім бөлімінің “Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны. Алайда бұл қызметтерді жүзеге асыруға жасалған келісім шарттардың уақыты қарашаның 18-і және 23-і.
Үш қызмет те “Семей қаласы әкімінің Жаңа жылдық шыршасы”іс-шарасын ресімдеу және ұйымдастыру” деп аталады.
8 миллион 920 мың теңгеге (қосымша құн салығын қоспағанда) жоспарланған бір қызметті орындауды ИП Баймышева Ж.А. мекемесі өз мойнына алған.
Тағы бір тоғыз миллион теңгенің қызметін жеке кәсіпкер Асқаров Еркін Ермекович орындамақ. Үшінші қызмет – 4 миллион 7 20 мың теңгеге бағаланған. Ол “Ақ тор” Бегалинов Болат Мухтарбекович жеке кәсіпкерге тапсырылыпты,
Үш өнім берушіге қойылып отырған талаптар бірдей әрі техникалық ерекшелік бір қолдан шыққаны көрініп тұр.
Осы қызметтерді көргеннен кейін мұғалімдердің шырша тігуге неге жегілгендігін бағамдай беруге болатын секілді.
Парақшамызға жазылыңыз