/

Ақтаудағы ұшақ апаты: соңғы ақпараттар легі

337 рет қаралды
Апатқа ұшыраған ұшақ / Ресми сайттан

Кеше, 25 желтоқсан күні, Ақтау қаласының маңында “Баку-Грозный” бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады. Аталған ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне жоғарыда аталған ұшақ – Embraer 190ar әуе кемесі апатты жағдай жариялап, Ақтау әуежайына қонуға жағдай жасау туралы ақпарат түсті. Қону уақыты шамамен сағат 11:25 деп белгіленді.

Алдын ала ақпарат бойынша бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі  болған.

Ұшақ құлау сәтінен / Әлжелідегі бейнеден жасалған скриншот

Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сағат 11: 30-да әуежайдан 3 километр жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.

ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді.

Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылды. Сағат 11:45-тегі жағдай бойынша өрт оқшауланып, 12:05-те сөндірілді. Сағат 14:10-да 29 адам, оның ішінде 2 бала медициналық мекемелерге жеткізілді. Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді.

Оқиға орнына Қазақстан ТЖМ басшысы келді

Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзірбайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы.

Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 3 бала ауруханаға жатқызылды. 11 адам ауыр халде. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, 15-і Әзірбайжан азаматы, 9-ы Ресей азаматы, 3-уі Қырғызстан азаматы, ал 2 адамның азаматтығы анықталып жатыр.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасының ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев және Қазақстан Республикасының ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері ТЖ орнына келді. Сонымен қатар Әзірбайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаладдин Фаттах оглы Гейдаров ТЖ орнында болды.

Ақтаулықтар мен Астаналықтар қан тапсырды

Ақтау маңында болған қайғылы оқиғаға байланысты екі қаланың тұрғындары 25 желтоқсан күні қан тапсырды. Келген азаматтардың барлығы Ақтауда Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағында апатқа ұшырағандар мен қаза болғандардың отбасына көңіл айтады.

Оқиға орнынан / ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми телеграм каналы

Ақтау қаласы маңында болған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды

Үкімет қаулысымен Ақтау қаласы әуежайының маңында болған Az Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бір минуттық үнсіздік / Брифингтен

Комиссия құрамына Премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Комиссияға оқиға орнына дереу ұшып барып, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін жан-жақты тексеруді қамтамасыз ету, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету шараларын қабылдау тапсырылды.

Қазақстан Үкіметі Әзербайжан Үкіметімен болған оқиғаның себептерін жан-жақты тергеу және алғашқы көмек көрсету бойынша бірлесіп жұмыс істейтіндіктерін хабарлады.

Қан тапсыру орталығында кезекте тұрған астаналықтар / GOV.KZ

Өкінішке орай, бортта аман қалғандар ішінде қазақстандықтар жоқ

Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев тірі қалғандар арасында қазақтар жоқ екенін, бірақ құжаты жоқ әйелдің бар екенін, оның қазір ес-түссіз жатқанын айтты.

«Өкінішке орай, бүгінде тірі қалғандардың арасында… тек бір ғана әйел бар, оның кім екені анықталмаған. Есі жоқ, құжаттары жоқ, ауруханада жатыр. Қалған 29 (тірі қалған) арасында бірде-бір қазақстандық жоқ. 6 қазақстандық, оның ішінде екі бала бар», – деді Бозымбаев.

Сонымен қатар, Ақтауға 10 дәрігер мен 28 құтқарушыдан тұратын Әзірбайжаннан құтқарушылар келді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар