Фото: www.istockphoto.com
«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ұлттық валютаның ресми бағамы 15,5% – ға әлсіреп, 525,11 теңге жетті. Құлдыраудың жоғары қарқыны соңғы рет 2019 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген еді (15,6%)», – деп хабарлайды DataHub аналитикалық каналы.
Мұндай нәтижені алдын-ала болжау шынымен де қиынға соқты. 2024 жылдың алғашқы үш айында теңге бағамы бір доллар үшін 450 теңге белгісінің айналасында айтарлықтай тұрақты болып тұрды. Содан кейін ұлттық валюта айтарлықтай қымбаттай бастады және мамыр айының ортасына қарай бір жылдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті (439,4 теңге). Содан кейінгі күрт нығаю бірінші кезекте республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етуге Ұлттық қордан валютаны сату көлемінің ұлғаюымен байланысты болды. Маусым айында сатылымның қысқаруымен бірге жағдай да өзгере бастады, ұлттық валюта әлсіреуге көшті.
Жаздың ортасынан бастап «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу бойынша мәміле шеңберінде АВР-нен валютаны сату теңгеге қосымша қолдау көрсете бастады, ал валютаны Ұлттық қордан сату қайтадан өсімге әкелді. Бірақ осының бәріне қарамастан, теңге құлдырай берді. Қараша айында істің насырға шапқаны сондай, Ұлттық Банк ұзақ уақыт ішінде алғаш рет 1,05 млрд АҚШ доллары сомасына валюталық интервенциялар жүргізуге мәжбүр болды. Бұл шараның қажеттілігін Ұлттық банк сыртқы және ішкі факторлардың жиынтығынан, ең алдымен доллардың жалпы нығаюынан туындаған «валюта нарығындағы теңгерімнің бұзылуымен» түсіндірді. Қалай болғанда да, күздің соңында ұлттық валюта бағамы тарихи ең төменгі деңгейге, яғни бір доллар үшін 513 теңгеге жетті.
ҚР Ұлттық банкі 05 қаңтар күні берген валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламасында желтоқсанда тағы да валюталық интервенция жүргізгені туралы хабарлады. Айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 307,6 млн АҚШ долларын құраған.
Сонымен қатар Ұлттық қор желтоқсанда 900 млн АҚШ долларына валюта сатқан, бұл әрекетін республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін деп түсіндірген. Ұлттық Банк желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алмаған.
Республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2025 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатады деп күтілуде. 2025 жылғы қаңтарда БЖЗҚ-қа валюта сатып алу жоспарланбаған.
2024 жылдың соңғы айының қорытындысы бойынша ұлттық валютаның позициясы тағы да және осы жолы айтарлықтай – 2,7% – ға немесе 13,89 теңгеге әлсіреген деп хабарлайды DataHub аналитикалық каналы.
Осы күнге дейін қабылданған шешімдер және алдағы уақытқа жоспарланған шаралар теңгенің жағдайын жақсартады ма әлде жоқ па?