///

Қазақстандағы жұмыссыздық: халықтың атаулы ақшалай табысы мен күнкөріс деңгейі төмендеді

145 рет қаралды
photo: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Соңғы 5 жылда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейінің өсуінен Атырау облысында халықтың табысы төмендеді. Салдарынан негізгі тамақ өнімдерін тұтыну да азайған көрінеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында жұмыссыздық деңгейінің пайыздық өзгерісі басқа аймақтарға қарағанда Маңғыстау, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында өскен. Сонымен қатар, зерттеу нәтижесінде халықтың орташа атаулы ақшалай табысы да, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың негізгі тамақ өнімдерін тұтынуының пайыздық өзгерісі де Атырау облысында төмендеді.

Елімізде жұмыссыздық мәселесі өзекті

2018-2022 жылдар аралығында жұмыссыздық деңгейінің пайыздық өзгерісі Маңғыстау, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында өскен. Жаңадан қосылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары бойынша ақпарат жоқ болғандықтан есепке алынбады. Елдегі жұмыссыздық мәселесінің туындауына бірнеше фактор, оның ішінде білім нарығының теңсіздігі, экономикалық ерекшеліктер, қоғамдық факторлар және аймақтық теңсіздік әсер етуі мүмкін. 

—  Елдегі жұмыссыздық мәселесінің өсуіне еңбек нарығындағы өзгерістер, автоматтандыру мен цифрландыру әсер етіп отыр. Жұмыс орындарының азаюы мен кадрларды қысқарту да жұмыссыздық деңгейінің өсуіне әкеледі. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестердің баяу дамуы, оларды қаржыландырудың сәтсіз тұстары да әсер ететіні жайлы айта кетуіме болады, – дейді экономист-маман Ұлан Бақытжанұлы.

2018 жылы күзде Атырауда жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.  Шараға 25 кәсіпорын 800-ден астам вакансия ұсынды. Демек, 800-ге жуық адамға жұмыс табылуы тиіс еді. Десе де, сол жылы жұмыссыздар саны 15.663 болса, келесі жылы бұл сан 16.087 болып өзгерді. 

—  Жұмыссыздық деңгейі бірқалыпты 4,9% болып тұр. Белсенді түрде жұмыспен қамту шаралары жүріп жатыр. Халыққа вакансия мен компаниялар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлболат Екпіновна.

Соңғы деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың күзінде Атырау облысында 100-ге жуық жұмыссыз азаматты мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша оқытып жатыр.  Бұл жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  “Теңізшевройл” компаниясымен бірлесе жүзеге асырып отырған бағдарламасы. 2023 жылғы дерекке сәйкес, Атырау облысында 17 мың жұмыссыз тіркелген. Демек, даярлау бағдарламасы бойынша оқып, жұмысқа тұру мүмкіндігін 0,6% жұмыссыз, яғни әрбір тіркелген жұмыссыз 1000 адамның 6-ншысы ғана иеленген. 

Халықтың орташа атаулы табысының төмендеуі

Жұмыссыздық салдары әртүрлі деңгейде көрініс алады. Оның бірі – халықтың ақшалай табысының төмендеуіне әкеліп соғуы. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халықтың орташа атаулы табыс көзінің адам басына шаққандағы нәтижесінің пайыздық өзгерісі Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облысында төмен, яғни 2018-2022 жылдар аралығында халықтың орташа атаулы ақшалай табысы басқа өңірлерге қарағанда төмен болған. 

Алайда, бұл ақшалай табыстың төмен екенін көрсетпейді, 2018 жылы Атырау облысында адам басына шаққанда әр адамның орташа атаулы ақшалай табысы 185 мың болса, 2022 жылы бұл табыс 292 мыңға өскен. Десе де, басқа аймақтағы халыққа қарағанда Атыраудағы орташа ақшалай табыс деңгейі төмен.

Негізгі тамақ өнімдерін тұтыну

Жұмыссыздық салдары қылмыстың көбеюіне, денсаулық проблемаларына, тұтыну деңгейінің төмендеуіне және тағы басқа салаларға айтарлықтай әсер етеді.  Жұмыссыздық пен халықтың орташа ақшалай табысының төмендеуінен бөлек жыл сайын азық-түліктің бағасы қымбаттап барады.  Ал айлығы азығынан артылмайтын тұрғындар күнделікті тұтынатын тамақ өнімдерін тұтынуды да азайттты. Мәселен, 2018-2022 жылдар аралығында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың негізгі тамақ өнімдерін тұтынуының пайыздық өзгеріс бойынша төмендеуі Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында байқалады. Ал 1000 адамға шаққандағы өзгеріс бойынша Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында килограмм бойынша негізгі тамақ өнімдерін тұтыну төмендеді. 

—  Азық-түлік бағасы жылдан жылға қымбаттап жатыр ғой. Халық та үнемдеп, керекті азық-түлікті ғана алады. Жалақымыз қатты төмен де, жоғары да емес. Сонда да күнкөрісімізге жетпей жатады, – дейді Атырау облысының тұрғыны Гүлмира Мұқанғалиева.

Соңғы 5 жылдағы жұмыссыздық деңгейінің өсімі мен халықтың атаулы ақшалай табысының төмендеуі нәтижесінде халықтың тұрмыс-тіршілігі өткен жылдарға қарағанда салыстырмалы түрде нашарлауы да таңғалатын дүние емес.



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

2025 жылы МӘМС төлемдері өзгере ме?

Фото: www.istockphoto.com “Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді. Бұл туралы

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: «Мен» өлмейді!

Иә, ол сайын Сарыарқаның бауыздар алқымындағы саржағал жонның қолтығын ықтаған «қияндағы қыстауда» туып, күннің өзі аударылып