Есіктің қоңырауы шырылдады. Ұлмекен жүгіріп барып, көзшеден қарап тұр. Келген курьер екен. Бүгін Ұлмекеннің туған күні. Ол соған орай күйеуі гүлге не шоколадты құлпынайға тапсырыс берді ме екен деп қатты қуанып кетті. Бірақ қаптамасын ашып қараса, моншаға апаратын сыпыртқы екен. Ұлмекен көңілі түсіп, ішіндесін ақтарып жатыр. Биылғы туған күнін тағы да сыйлықсыз, төрт қабырғада, үш баласымен ғана қарсы алды…
Күнделікті бітпейтін күйбең тірлік пен балаларға қарап, күн ұзаққа үйде отыру Ұлмекенді титықтатып жіберген. Бір істі бастап, одан екіншісіне ауысып, қашан көрсең үйде жүреді. Тек анда-санда бесік арбасын сүйретіп жүріп, базарға барып келетіні бар. Бар уақыты тамақ пісіріп, үй жинап, балалардың сабағын оқытып, кіші ұлының жөргегін ауыстырумен өтіп жатыр. Бұл Artkoshe тәуелсіз театрының Alqa фестивалінде драматург Айнұр Төлеу мен режиссер Заңғар Ахмет-Қазы қойған «Қабырға қалқасында» атты спектаклінен шағын үзінді.
«Қабырға қалқасында» спектаклі – ArtKoshe тәуелсіз театрының aLqa фестивалі аясында қойылған 5 премьералық спектаклінің бірі. Мұнда Ұлмекен атты кейіпкердің өмірі арқылы декретте отырған әйелдердің бейнесі, армандары, ішкі сезімдері көрсетіледі. Пьесаның авторы – әдебиеттанушы Айнұр Төлеу. Бұл пьесаны жазуда драматург өзінің жеке тәжірибесімен қоса, кітаптар оқып, дағдарыс орталығымен бірлесе жұмыс істеп, кешенді зерттеу жүргізеді. Тіпті екі әйелді дағдырыс орталығына орналастыруға өзі тікелей сеп болған. Спектакль қойыла бастағалы түрлі пікірлерді естіген драматург, “қоғамның тыңдаудан қалып бара жатқанын байқадым” деп күйінішін білдірді.
«Біздегі капиталистік қоғам мықты, бақытты адам болуды талап етеді. Бірақ ол олай емес. Жер шарының бір жартысы күліп, бір жартысы жылап жатыр. Қабырға қалқасының үзіндісі әлеужеліге шыққанда, түрлі пікірлер жазылды. Мен сонда қайраң қалдым. Біз сезіне алмайды екенбіз. Тыңдауға сараңбыз. Кейіпкер “мен айран сасып кеттім” десе, желі қолданушылары “бір шәугім суды ысытып, жуа салу қиын емес қой” дейді. Міне, ақыл айту», – дейді драматург.
Ата-әжесінің қолында өскен Ұлмекеннің бақытты естеліктері балалық шағынан ғана. Өйткені ол шақта ата-әжесінің шексіз махаббаты, бейқам балалығы қалған. Қазір өзін іштей жалғыз сезінеді. Күйеуі оған қараспақ түгілі, үйдегі ұсақ-түйек жұмыстарға да бас ауыртпайды. Базарға да барып, қайын әпкелердің қонағына қолғабыс етіп, бәріне өзі шауып жүреді. Балалары да қабырғасы қатайған сайын анасының сөзін елемейтін болған. Деседе ұлдары туралы айтқанда Ұлмекеннің жүзіне жылу барып, келбеті жайнай бастады. Ондағысы шытынап тұрған ішкі әлемін осы үш ұлының тіреп тұрғанының көрінісі болса керек. Драматург Айнұр Төлеудің пікірінше, спектаклдегі бас кейіпкердің өмірі, әрбір оқиғасы декреттегі әйелдерге өзін сырттай бақылап, өзгеріске ұмтылуына жол сілтейді.
«Теоретиктардың айтуынша, қандай да бір ұлтқа, халыққа ауыртпалық түссе, қиыншылық әйелге түседі. Отарланған елдің саяси мүмкіндіктері шектелсе, сол елдегі әйелдің құқығы екі есе шектеледі. Маған қойылымнан кейін келген әйелдер “рақмет, мен өзімді көрдім” деп айтты. Біз егеуқұйрық секілді жүгіріп жүріп, өзімізді сыртымыздан көре алмаймыз ғой. Ал біреудің жүгіргеніне қарап, өзіңді сыртыңнан бағдарлай аласың. Бұл спектакль әйелдерге гештальттарын жабуға жақсы мүмкіндік », – дейді Айнұр Төлеу.
Біз де, сіз де жұмыста нәтиже үшін ақша аламыз. Жасадың – саттың, ақша таптың – сатып алдың. Ал үйде отырған әйелдердердің өміріндегі “жұмыс процесі” тоқтаусыз, ақысыз жүреді. Таңғы шәйдің ыдысын жуды, енді түскі шәйдің, сосын кешкі шәйдің ыдысы бар. Тамақ пісіру де, еден жуу да сол. Тойға жаңа киім алуға ақша жоқ, қаржылай күйеуіңе толық тәуелдісің. Ал оның әйеліне келгенде елемейтіні бар. Мұның бәрі спектакльдегі түрлі шығармашылық шешімдер арқылы әдемі суреттеледі.
«Басқа тақырыптарға қарағанда осы тақырыппен жұмыс жасау өте ерекше болды. Мен өзімді бір ертегі әлемінде жүргендей сезіндім. Бас кейіпкер мен үшін ертегідегі зәулім сарайда қамалған арудың өмірі секілді болды. Ал мен ертегіні жақсы көремін. Оңай болмады – көп ойландық. Қиын болмады – көп шәй іштік. Жалпы спектаклде барлық сахнаны жасау өзіндік бір еңбекті талап етті. Жұмыс барысында көп армандадық , жыладық , қуандық. Қойылымдағы шығармашылық әдістер соның арқасында пайда болған шығар», – деді бұл туралы режиссер Заңғар Ахмет-Қазы.
ArtKöshe тәуелсіз театры 2024 жылдың қыркүйек және желтоқсан айында aLqa лабораториясын өткізген болатын. Жоба аясында драматургия, режиссура бойынша курстар ұйымдастырылды. Іріктеуден өткен 5 драматург өз пьесасын жазып, 5 режиссер сол пьесалардан спектакль қойды. Премьера 4-8 желтоқсан аралығында өтті. aLqa фестивалінің жабылу салтанатында 5 спектаклдің арасынан үздік деп танылған «SOZ» қойылымына Берлиндегі Theatertreffen 2025 фестиваліне жолдама берілді.
Қазір аталған қойылымдар театрдың репертуарына бекітіліп, театр сахнасында тұрақты түрде қойылып жүр.
Данагүл Науқанова,
Алматы
Суреттерді түсірген автор
Парақшамызға жазылыңыз