//

«Kazakh style-дың» жекпе-жегі Астанада өтеді

288 рет қаралды

Бұған дейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін наурыз айында өткізетінін жазған едік. Бірақ түрлі себептермен ол жекпе-жек өтпейтін болды. Күні бүгін Әлімханұлының мүддесін қорғайтын американдық «Top Rank» промоутерлік компаниясы «Kazakh style» лақап атымен танылып жүрген Жәнібектің қазақ жерінде жекпе-жек өткізетінін растады. Қарсылас түбі конголық француз Анауэль Нгамиссенге. Ол кәсіпқой рингте 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңген. 9 мәрте оппонентін есеңгіретіп тастапты.

Фото: sportilinet.kz

Жекпе-жек сәуірдің 5-і күні  Астанадағы «Барыс Арена» кешенінде өтеді. 31 жастағы Жәнібек Әлімханұлы осы кезге дейін 16 мәрте шаршы алаңға шықты. 11 рет қарсыласын нокаутпен жеңді. Бокс кешінде Жәнібек орта салмақтағы «IBF» және «WBO» белдіктерін қорғайды. Айта кетейік  «Kazakh style» 2017 жылдан бері алғашқы рет елімізде өнер көрсетеді.

Айқас ресми түрде жарияланған, қос боксшы мәлімдеме жасап та үлгерді.

Жәнібек:

– Kazakh style отанына оралды. Сәуірдің 5-і бокс жанкүйерлері үшін ұмытылмастай кеш болады. Менімен кездесуден қашып жүрген боксшы көп. Ал Анауэль жүректі жігіт екен. Сол үшін оған ризашылығымды білдіремін. Менің мақсатым абсолют әлем чемпионы атану. Ол мақсатқа жету жолындағы келесі кедергі Анауэль. Астанадағы бокс кешіне келгендер де оны теледидардан көрген де ерекше әсер алады, – деді.

Ал Анауэль:

–Мен арыстанның апанына бара жатырмын. Мен үшін бұл кездесудің маңызы зор. Осындай мүмкіндік бергендерге разымын. Жәнібекті құрметтеймін. Бірақ мен қазақ еліне жеңіс үшін барамын. Сәуірдің 5-і кездескенше, – деді.

«Top Rank» басшысы, промоутер Боб Арум болса, отандастары алдында өнер көрсетуге мүмкіндік алған Жәнібек үшін қуанышты екенін айтты.

Енді отандасымыздың қарсыласы жайында да шағын ақпарат беріп жіберейік. Анауэль 29 жаста.  12 раундтық жекпе-жекке алғашқы рет шыққалы отыр. IBF рейтингісінде жетінші орында орналасқан. ESPN арнасының рейтингінде Нгамиссенге жетінші, ал BoxRec статистикалық сайты 11-ші орында.

Нгамиссенге өзінің 14 жекпе-жегінің 13-ін Францияда өткізді. 2023 жылдың тамызында Анауэль польша азаматтығы бар украиндық Федор Черкашинді жеңіп, сенсация тіркеді. Осыған дейінгі кездесуін былтыр маусымның 8-і күні грузиялық Сандро Джаджанидзеге қарсы өткізіп,  нокаутқа түсірді.

Түгелбай Бисен, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Әзірге үздік төрттіктеміз

Фото: olympic.kz Қытайдың Харбин қаласындағы ІХ қысқы Азия ойындарының екінші жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын медаль