//

Палестиналықтар Газадан көше ме? Трамп Таяу Шығыс мәселесін реттей ме, ушықтыра ма?

509 рет қаралды

АҚШ-тың 47 президенті Трамптың билік басына келгеніне бір ай да болған жоқ. Алайда әлемдік геосаясатты түбіріміен өзгертуге бағытталған бірнеше мәлімдеме жасап үлгерді. Сондай мәлімдемесінің бірі Таяу Шығыс қақтығысын шешуге қатысты пікірі.  Бұл туралы Президент Дональд Трамп Ақпанның 4-інде Израиль Премьер-Министрі Бенъяамин Нетаньяхумен кездесуінде айтқан:

“Америка Құрама Штаттары Газа секторын Америкалық жауынгерлердің көмегімен бақылауға алатын болады. Онда өмір сүретін палестиналықтар ол жақтан кетуі керек. Бұл ұсыныс талайлардың төбесінен жай түсірді әрі егер жағдай осылай шешілетін болса, Газа секторындағы миллионнан астам адам босқынға айналуы мүмкін” деп жазады бұл туралы CNN.

Трамптың Газа секторын басып кіру идеясы талайлардың жүрегін шайлықтырып отыр.

ТҮСІНУ ӘРІ ҚОРЫТУ ҚИЫН БОЛЫП ОТЫР

CNN екі араб шенеунігінің бұл мәлімдемеге қатысты пікірін жазады. Бұл “өте дөрекі, тым шикі, түсінуге әрі қорытуға қиын болып отыр” деген оның бірі.
Екінші шенеунік те бұл Газа секторындағы мәселені ушықтырмаса, шешпейді деп есептейді. “Газадағы 1,8 миллион адам отанын тастап көше қояды деу қиын. Сауд Арабиясы бұндай жағдайда бейбітшілікке ұмтылады деп айту да қиын.”

Трамптың бұл пікірі өзгелер түгілі Америкалық саясаткерлердің өздерін аң-таң қалдырып отыр. Тіпті Трамп Конгресстегі партияластарының өздері бұл пікірге скептикпен қарайды.

“Бұл жайында біздің араб достарымыз не дейді екен. Меніңше, Оңтүстік Каролинаның халқы Газаны жаулап алуға баруға құлықты бола қоймас”, –  деген Оңтүстік Каролинадан сайланған сенатор, республикашылдардың өкілі  Линдси Грэм.
Трамп мәлімдемесі X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter)  жарияланғаннан кейін, Сауд Аравиясының Сыртқы істер министрлігі өздерінің бұған дейінгі көзқарасы: Палестина мемлекетінің құрылуына кепілдік берілмейінше Израильмен келіссөздер үстеліне отыруға дайын емес екендігін қайталады.

“Сауд Аравиясы тәуелсіз Шығыс Иерусалимде астанасы бар Палестина мемлекетін құру туралы құлшынысынан бас тартпайды әрі онсыз Израильмен дипломатиялық қатынас орнатпайды” – делінген мәлімдемеде.

ӘЛЕМ ЛИДЕРЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

The Guardian газеті бұл мәселеге қатысты әлем лидерлерінің пікірлеріне шолу жасаған.

Палестина президенті Махмуд Аббас “Газа Палестина мемлекетінің бөлінбес бөлшегі. Біз халқымыздың құқығының аяққа тапталуына жол бере алмаймыз” деп мәлімдеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш “этникалық тазалаудың” кез келген формасы алаңдататындығын айта отырып, халықаралық құқық негіздеріне адал болып қалудың өмірлік маңызы бар екендігіне тоқталған. БҰҰ басшысы “бейбітшілікке жету үшін “қос мемлекет” шешіміне қол жеткізу мақсатына қарай қадам басу керек, сондай-ақ “Газаны Палестина мемлекетінің бөлінбес бөлшегі ретінде қарастыра отырып, тәуелсіз Палестина мемлекетін құруға ұмтылуымыз керек” деген пікірде.

Еуропа одағы баспасөз хатшысы Газа болашақ Палестина мемлекетінің “бөлінбес бөлшегі”, сондай-ақ ЕО блогы “қос мемлекет шешімін” толығымен қолдайды деп мәлімдеді.

Ұлыбритания Премьер-министрі Кейр Стармер (Keir Starmer) Палестиналықтар “қос мемлекет” шешімін жүзеге асырып, өз үкіметін қайта құруға мүмкіндік алуы тиіс деген пікірде. Ал Германия Сыртқы істер министрі Анналена Вайербос Газа Палестинаға тиесілі, әрі оның халқының қудалануы халықаралық заңнамаға қайшы әрі мүмкін емес деп кесіп айтты.

Сауд Аравия Сыртқы істер министрі “Палестиналықтарды олардың отанынан қуып шығу” ниетіне қарсы болды.  Египеттің Сыртқы істер министрі Бадр Абделатти Газа секторын сауықтыруды Палестиналықтарды қуып шықпай-ақ жүзеге асыруға болады деген идеяда.

БҰҰ халықаралық құқық бойынша адамдарды жаулап алған аумақтардан күшпен депортациялауға “қатаң тыйым” салынады десе, Human Rights Watch бұндай саясаттың моральдық тұрғыдан азғындағанын атап өтті.

Халықаралық амнистия Дональд Трамптың комментариін “арандатушылық, азғындық және масқара” деп атады. Халықаралық құқық жөніндегі сарапшылар бұны әскери қылмыс немесе адамзатқа қарсы қылмысқа пара пар дүние деп атады.

АҚ ҮЙ РАЙЫНАН ҚАЙТАТЫН СЕКІЛДІ

Трамптың жоғары дәрежелі дипломаты, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Ақ Үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт Палестиналықтарды Газадан тұрақты түрде көшіргісі келетіндігі туралы ұсынысынан бас тартқан сияқты. “Президент оларды Газадан уақытша көшіру керек екенін анық айтты”, – деді Ливитт Ақ Үйдегі брифингте.

Рубио бұл идеяның “дұшпандық мақсаты болмағанын” айтып, оны “саналы қадам – қайта құру және қайта құруға жауапты болу туралы ұсыныс” деп сипаттады. Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы елшісі Стив Виткофф АҚШ президенті Газаға Бірде-бір Америкалық әскер жібергісі келмейтінін айтты.

Миссури Штатының Республикашыл партия өкілі,  сенаторы Джош Хоули: “Виткофф президенттің Газаға ешқандай әскер жібергісі келмейтінін және АҚШ-тың Газаға ешқандай ақшасын жұмсағысы келмейтінін айтты”, – деп хабарлайды The Washington Post.

Қорғаныс министрі Пит Хегсет Пентагон Газаға қатысты “барлық нұсқаларды ” қарастыруға дайын екенін айтты. Хегсет бұл пікірлерді сәрсенбіде Израиль премьер-министрі Бенъяамин Нетаньяхумен кездескенге дейін жасады.

Дегенмен, бұл ұсыныс израильдіктердің құлағына майдай жаққандай. Президент Трамппен кездесуінде Израиль Премьер-министрі Нетаньяху “бұл әлем тарихын өзгертетін ғаламат идея” деп екі езуі екі құлағына жетсе, осыдан бір ай бұрын  Израиль мен Хамас арасындағы атысты тоқтату туралы келісімге наразылық ретінде отставкаға кеткен израильдің оңшыл бұрынғы ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир Палестиналықтарды Газадан кетуге “ынталандыру” соғысты тоқтатудың жалғыз дұрыс стратегиясы екенін айтты. Сөйтіп Израиль үкіметін “шұғыл” әрекет етуге шақырды.

 Палестина денсаулық сақтау министрлігінің 5 Ақпандағы мәліметі бойынша, 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылдардан кейін Израильдің осы аумақтағы операциялары басталғаннан бері Газада қаза тапқандар саны 47 552-ге жетті.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Әзірге үздік төрттіктеміз

Фото: olympic.kz Қытайдың Харбин қаласындағы ІХ қысқы Азия ойындарының екінші жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын медаль